Астанада жасөспірім музыканттар «Жас сарбаз» қозғалысының қатарына қосылды
Күләш Байсейітова атындағы өнер мектебінің «Жас айбын» үрмелі аспаптар оркестрінің мүшелері «Жас сарбаз» республикалық балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының қатарына қабылданды, «Заманауи білім беру» журналы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай, қалалық әкімдік пен Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Жас музыканттар қозғалыстың құндылықтарын ұстануға, оның жобаларына белсенді қатысуға және елінің лайықты азаматы болуға дайын екендерін білдіріп, салтанатты түрде ант берді. Рәсім соңында оларға «Жас сарбаз» қозғалысының куәліктері мен төсбелгілері табысталды.

«Жас айбын» оркестрі Күләш Байсейітова атындағы өнер мектебінің жанынан құрылған. Ұжым алғаш рет Мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының жабылу салтанатында өнер көрсетіп, көпшілікке танылды.

Мерекелік бағдарлама «Жас сарбаз» шығармашылық студиясы мен №71 мектептің жас тәрбиеленушілерінің өнерімен жалғасты. «Жас айбын» музыкалық ұжымы мен Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің бірлесіп орындауындағы «Туған жер» композициясы шығармашылық кештің шырайын кіргізді.

Comments