top of page

Астанада жаңа оқу жылы қарсаңында Бірыңғай әдістемелік кеңес өтті

Астанада жаңа оқу жылына дайындық аясында педагогтардың кәсіби ынтымақтастығын нығайтуға және білім беру сапасын арттыруға бағытталған Бірыңғай әдістемелік кеңес өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Астанада жаңа оқу жылы қарсаңында Бірыңғай әдістемелік кеңес өтті

«Білім беру жүйесінің стратегиялық дамуы: конституциялық құндылықтар, жасанды интеллект және адами капитал» тақырыбындағы Тамыз форумы аясында ұйымдастырылған кеңеске 19 мыңнан астам педагог қатысты.


Кездесу барысында 2026-2027 оқу жылындағы білім беру жүйесінің негізгі басымдықтары талқыланды. Атап айтқанда, конституциялық құндылықтарды білім беру үдерісіне кіріктіру, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарын іске асыру, білім сапасын арттыру және оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту мәселелеріне басымдық берілді.


Сонымен қатар цифрлық трансформация жағдайында жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, педагогтердің кәсіби дамуын қамтамасыз ету және әдістемелік ынтымақтастықты күшейту бағыттары қарастырылды.


Кеңестің практикалық бөлімінде педагогтар кәсіби топтарға бөлініп, нақты міндеттер бойынша жұмыс жүргізді. Нәтижесінде «Әдістемелік шешімдер картасы» әзірленді. Құжатта мемлекеттік басымдықтарды оқу пәндері арқылы жүзеге асырудың нақты тетіктері айқындалып, мектептердің әдістемелік жұмысын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар қалыптастырылды.


Бірыңғай әдістемелік кеңес қорытындысында жаңа оқу жылында әдістемелік жұмысты ұйымдастырудың ортақ тәсілдері белгіленді. Педагогтер үшін сапалы білім беруді қамтамасыз ету, құндылыққа негізделген тәрбие жүйесін нығайту, кәсіби дамуды жалғастыру және заманауи цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану басты міндеттер ретінде айқындалды.


Осылайша, Бірыңғай әдістемелік кеңес жаңа оқу жылында елордалық білім беру ұйымдарының әдістемелік жұмысын біріздендіріп, педагогтердің тәжірибе алмасуына және білім беру үдерісін заманауи талаптарға сай жетілдіруге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page