Астанада колледждердің үздік 100 студенті марапатталды
Астанада «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жүз жеңімпаздың 35-і инженерлік және техникалық мамандықтарда оқиды. Олардың арасында құрылыс, электромеханика, технологиялық процестерді автоматтандыру, электр жабдықтары, токарлық іс пен интерьер дизайны бағыттарында оқитын студенттер бар, «Замануи білім беру» журналы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Жеңімпаздардың 23-і ақпараттық технологиялар, 27-сі педагогикалық мамандықтар бойынша білім алады. Тағы 15 студент ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, медицина және өнер салаларында оқиды.

Марапаттау рәсіміне Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Құрылтай депутаттары Айжан Наимбекова, Нұргүл Тау, Ирина Тен және Дидарбек Ділдәбек, сондай-ақ білім беру саласының өкілдері қатысты. Студенттер кәсіби жетістіктері мен қоғамдық белсенділігі үшін марапатталды. Арнайы номинациялардың жеңімпаздарына да жүлделер табысталды.

Студенттер өз колледждері мен өңірлерін дамытуға бағытталған инновациялық, әлеуметтік және кәсіби жобаларын таныстырды. Қатысушылар үшін практикалық шеберлік сабақтары мен тренингтер ұйымдастырылды.

Марапаттау рәсіміне KidsGo Technology Ltd, «1С Қазақстан», «Комек машинери Казахстан» ЖШС, Samruk Business Academy, DOSTI және CAES (Central Asian Educational Solutions) қолдау көрсетті.

Жеңімпаздарды құттықтаймыз! Кәсіби жолдарыңызға табыс тілейміз!

Comments