Астанада университеттердің зерттеу әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды
III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы өз жұмысын жалғастырды. «Жоғары білімнің болашағы: ғылым, инновациялар және жаһандық серіктестік» панельдік сессиясында шетелдік университеттер мен ғылыми-білім беру ұйымдарының өкілдері жоғары білім беру жүйесін жаңғырту, ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты дамыту және болашақ экономикаға қажетті мамандар даярлау мәселелерін талқылады, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Пікірталасқа Халықаралық стратегиялық серіктестер кеңесінің (ISPC) бас хатшысы, профессор, доктор Олгун Чичек модераторлық етті. Қазақстанның еуропалық зерттеу бастамаларына, соның ішінде Horizon Europe бағдарламасына қатысу перспективалары және Еуропалық зерттеу кеңістігімен (ERA) өзара іс-қимылы негізгі тақырыптардың бірі болды. Қатысушылар ғылыми байланыстарды кеңейту және ел ішіндегі зерттеулерді бірлескен халықаралық жобаларға ұластыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Университеттердің білім берудегі рөлінің өзгеруіне ерекше назар аударылды. Бүгінде білім берумен қатар студенттерді зерттеу жұмыстары арқылы оқытудың маңызы артып келеді. Осыған байланысты жастарды ғылыми қызметке тарту, олардың зерттеу құзыреттерін дамыту және болашақ экономикада сұранысқа ие дағдыларды қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Сессияға TUM International бас директоры Фридерике Хеттингер қатысты. Бохумдағы Рур университетінің өкілі Елена Реш «Жоғары білім мен ғылыми зерттеулер экожүйесінің трансформациясы: Рур университетінің Орталық Азия және Оңтүстік Кавказбен тұрақты серіктестік орнату тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады. Ол университеттер арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту тәжірибесін таныстырды.
Талқылауға Фейсалабад ауыл шаруашылығы университетінің ректоры Зульфикар Али, Сан-Паулу мемлекеттік университеті ветеринариялық медицина факультетінің профессоры Хосе Фернандо Гарсия, Бейжің білім мен ғылымды дамыту қорының президенті Цуй Шань, Китасато университеті ветеринариялық медицина факультетінің қауымдастырылған профессоры Масару Отиай және Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Ынджу да қатысты.
Түрлі елдердің университеттері мен ұйымдары өкілдерінің қатысуы жоғары білімді дамыту мәселелерін әртүрлі академиялық ұстанымдар мен халықаралық ынтымақтастық тәжірибесі тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік берді. Пікірталас барысында білім, ғылым және инновациялар арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ университеттер арасында тұрақты серіктестік орнатуға басымдық берілді.
Форум бағдарламасы Times Higher Education панельдік сессиясымен жалғасты. THE World University Rankings 2027 рейтингіне Қазақстанның 10 университеті енді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ең жоғары нәтижеге қол жеткізген Nazarbayev University 376-400 орындар аралығына көтеріліп, ТМД, Орталық Азия және Кавказ елдерінің жоғары оқу орындары арасында көш бастады. С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті рейтингке алғаш рет енді. Халықаралық рейтингте отандық жоғары оқу орындары санының артуы олардың зерттеу әлеуетінің нығайып, халықаралық академиялық байланыстарының дамып келе жатқанын көрсетеді.
Форум аясындағы талқылаулар тәжірибе алмасуға және қазақстандық жоғары оқу орындарының шетелдік серіктестермен білім беру мен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастығының перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Comments