top of page
Search

Атырау ғалымдары су ресурстарын басқару жобаларын таныстырды

17.04.2024.


Саясат Нурбек в Атырау

Атырау облысына жұмыс сапары аясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өңірдің ғалымдарымен кездесіп, су тасқыны жағдайына назар аудара отырып, ықтимал қауіптер мен тәуекелдердің әсерін азайту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уақытылы әрекет ету сұрақтарын талқылап, ғалымдардың ұсыныстарын тыңдады, «Современное образование» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 


С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеттерінің ғалымдар тобы табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың жағымсыз салдарын болдырмау үшін бірқатар жедел шараларды қабылдаудың қажеттігін айтты.

Сонымен қатар, гидролог, гидротехник, топограф, геодезист, картограф, гидроэколог, гидромелиоратор, гляциолог және т. б. секілді тар мамандықтар бойынша оқыған ЖОО түлектерін барынша су тасқынымен күрес жұмыстарына тарту, сондай-ақ Атырауда су ресурстары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтын немесе орталық институттардың филиалын ашу, су шаруашылығы проблемаларын зерделеу орталығын құру секілді ұсыныстарын жеткізді.


Сондай-ақ, ғалымдар министрге жоспарланып отырған ғылыми-зерттеу жұмыстарын таныстырды. Атап айтсақ, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Атырау облысының су ресурстары қорын саралау, оларды тиімді пайдалану мүмкіндіктерін қамтамасыз ету және су тасқыны қауіпсіздігін қамтамасыз етуді негіздеу секілді жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.


Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Жайық өзенінің гидрологиялық, гидрохимиялық режимдері мен лимонологиялық жағдайын зерттеу, Жайық өзенін тереңдету кезінде лайланудың гидробионттарға әсерін бағалау секілді жобаларын ұсынды.


Кездесу соңында, министр Саясат Нұрбек ғалымдардың жедел штаб аясындағы жұмыстарын және олардың берген ұсыныстары бойынша тиісті шаралар қабылдануын жеке бақылауында ұстайтынын жеткізді және ғалымдарға олардың жобаларының табысты іске асуы өңірдің экологиялық проблемаларының зерттеліп-зерделенуіне үлес қосатын қадам екендігіне сенімін білдіріп, алғысын айтты.










bottom of page