top of page

Болашақ білімі: ҚарИУ-да инновациялар мен жасанды интеллект бойынша халықаралық конференция өтті

2 hours ago
2 min read

Жасанды интеллект оқу тапсырмаларын құрастыруға, жұмыстарды тексеруге және әр студенттің білім деңгейін ескере отырып, материалдар таңдауға қазірдің өзінде көмектесіп жатыр. Алайда жаңа мүмкіндіктермен бірге оқытушының рөлі қалай өзгеріп жатыр, ЖИ-ге сенуге бола ма және пайдалы құрал мен академиялық адалдықты бұзудың арасындағы шек қайда? деген сияқты жаңа сұрақтар да туындайды. Осы және басқа да тақырыптар Қарағанды индустриялық университетінде талқыланды. Мұнда 24 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының 35 жылдығына арналған «Болашақ білімі: білім берудегі жасанды интеллект және инновациялық тәсілдер» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Дәстүр бойынша шетелдік серіктестер тәжірибе алмасу, жаңа зерттеулерді таныстыру және бірлескен жобаларды талқылау үшін шақырылды.


Болашақ білімі: ҚарИУ-да инновациялар мен жасанды интеллект бойынша халықаралық конференция өтті

Биылғы басты шетелдік қонақтар – Шығыс Қытай технологиялық университетінің өкілдері болды. Теміртауға Университет Кеңесінің төрағасы Zhang Fuqing және Ресурстар мен қоршаған ортаны зерттеу жөніндегі озық институты директорының орынбасары, профессор Ling Mingxing келді.


Шығыс Қытай технологиялық университеті уран байыту технологиялары саласында жұмыс істейтін Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының қатарына кіреді. ҚарИУ-мен ынтымақтастық былтыр, университеттер алғашқы меморандумға қол қойған кезде басталды. Биылғы сапар осы жұмыстың жалғасы болды.


«Бүгін біз Шығыс Қытай технологиялық университетімен жаңа меморандумға қол қойдық, – дейді ҚарИУ басқарма төрағасы – ректор Бақыт Жәутіков. – Ол қос дипломды білім беруді дамытуды және ҚарИУ базасында ашылуы келесі жылға жоспарланған уран байыту зертханасын құруды көздейді. Бұл зертхана Қазақстанда университет жанындағы осындай бағыттағы алғашқы зертхана болады деп күтілуде».

Зертханада студенттер оқып жүргенде-ақ заманауи технологиялармен танысады, ал оқытушылар мен ғалымдар қытайлық әріптестерімен бірлесіп зерттеу жүргізе алады. Жоба атом және тау-кен салалары үшін мамандар даярлауға және жаңа ғылыми бағыттарды дамытуға көмектеседі.


Болашақ білімі: ҚарИУ-да инновациялар мен жасанды интеллект бойынша халықаралық конференция өтті

Конференцияның тағы бір оқиғасы – Til Lab тіл зертханасының ашылуы болды. Жаңа кеңістік қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерін үйренуге арналған.

Зертханада оқытушылармен де, ЖИ-жаттықтырушысының көмегімен де шұғылдануға болады. Ол даярлық деңгейін ескеріп тапсырмалар таңдайды, айтылымды жетілдіруге және сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектеседі. Мұндай формат әр студентке өзіне ыңғайлы қарқынмен оқуға және көбірек жаттығуға мүмкіндік береді.


Пленарлық отырыстан кейін жұмыс төрт секцияда жалғасты. Қатысушылар жеке білім беру бағдарламаларын, жаңа педагогикалық тәжірибелерді, оқу орындарын цифрлық дамытуды, ЖИ дәуіріндегі студенттер мен оқытушылардың құқықтарын, сондай-ақ жасанды интеллекті этикалық және жауапкершілікпен пайдалануды талқылады.


Болашақ білімі: ҚарИУ-да инновациялар мен жасанды интеллект бойынша халықаралық конференция өтті

Конференцияға барлығы 120-дан астам баяндама түсті. Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Украина және Түрікменстаннан келген ғалымдар мен оқытушылар өз зерттеулерін ұсынды. Талқылауға сондай-ақ цифрлық технологиялар саласының мамандары, барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының және өнеркәсіптік компаниялардың өкілдері де қосылды.

Басты тақырыптардың бірі – жеке оқыту болды. Жасанды интеллект студентке қандай тапсырмалар қиындық тудыратынын анықтап, лайықты материалдарды таңдай алады және оған ыңғайлы қарқынмен жылжуға көмектеседі. Сонымен қатар қатысушылар технологиялар оқытушының орнын баспайтынын атап өтті. Олар оқытушыға тек қосымша құралдар береді, ал оқытудың мазмұны мен сапасына жауапкершілік адамның өзінде қалады.


Болашақ білімі: ҚарИУ-да инновациялар мен жасанды интеллект бойынша халықаралық конференция өтті

Оқу орындарының цифрлық дайындығы туралы да айтылды. Жаңа шешімдерді енгізу үшін жабдық сатып алу немесе бағдарлама орнату жеткіліксіз. Дайындалған оқытушылар, деректермен жұмыс істеудің түсінікті ережелері және жасанды интеллектің мүмкіндіктері мен шектеулеріне саналы көзқарас қажет.


Академиялық адалдыққа жеке пікірталас арналды. Бүгінде студент нейрожелінің көмегімен бірнеше минутта дайын мәтінді, есептің шешімін немесе таныстырылымды ала алады. Сондықтан оқытушыларға білімді бағалау тәсілдерін өзгертуге, өз бетінше пайымдауды қажет ететін тапсырмаларды көбірек беруге және студенттерді ЖИ-ді қашан және не үшін қолданғанын ашық көрсетуге үйретуге тура келеді.


Болашақ білімі: ҚарИУ-да инновациялар мен жасанды интеллект бойынша халықаралық конференция өтті

Өткен талқылаулар қазіргі жоғары білім ілгерілі технологиялар, халықаралық ынтымақтастық және индустрияның нақты сұранысы тоғысқан жерде қалыптасатынын көрсетеді. Қол қойылған келісімдер мен іске қосылған бастамалар университеттің цифрлық дәуір сын-қатерлеріне дайын мамандар даярлайтын орталық ретінде одан әрі дамуына берік негіз қалайды.


Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page