top of page

Болашаққа бағыт: Азаматтық авиация академиясында Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі басшысымен ашық диалог өтті

2026 жылғы 8 шілдеде Азаматтық авиация академиясында азаматтық авиацияның болашағы, саланың өзекті сын-қатерлері және жаңа буын мамандарын даярлау мәселелеріне арналған кәсіби диалог өтті. Академияға Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің Бас атқарушы директоры – Басқарма төрағасы Daniel Michael Eugene ресми сапармен келді.



Іс-шараға Академияның профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері, білім алушылары және халықаралық сарапшылар қатысып, авиациялық білім беруді дамыту, заманауи технологияларды енгізу және болашақ авиация мамандарына қойылатын талаптар жөнінде пікір алмасты.

   

Кездесуді аша отырып, «Азаматтық авиация академиясы» АҚ Басқарма төрағасы – Ректоры Дәулет Әбірбекұлы Мәмеков бүгінгі таңда Академия алдында авиация саласына қажетті, заманауи талаптарға сай білікті мамандар даярлау міндеті тұрғанын атап өтті.

 

 «Еліміздің жетекші мамандандырылған авиациялық жоғары оқу орны ретінде Азаматтық авиация академиясы саланың дамуына қатысты ұлттық басымдықтарды толық қолдайды. Біздің негізгі міндетіміз – ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау».

 

 Өз сөзінде Daniel Michael Eugene әлемдік азаматтық авиацияның даму перспективаларына тоқталып, бүгінде саланың келешегін айқындайтын технологиялық және кәсіби өзгерістерге назар аударды. Сонымен қатар STEM-білім берудің, инженерлік ойлаудың, цифрлық технологиялардың, инновациялардың және үздіксіз кәсіби дамудың маңызын ерекше атап өтті.

 

 «Ғылым, технология, инженерия және математика салаларындағы іргелі білім – әрбір авиация маманының кәсіби қалыптасуының негізі. Алайда авиацияны алға жетелейтін күш – талант, қиял және тың шешімдер таба білу қабілеті. Бүгін сіздер тек мамандық меңгеріп жатқан жоқсыздар – дәл сіздердің буындарыңыз әлемдік авиацияның болашағын қалыптастырады».

   

Сараптамалық бағдарламаны Академияның халықаралық мамандары жалғастырды. Халықаралық сарапшы-кеңесші, профессор Abraham Althonayan авиация саласына арналған жаңа буын басшыларын даярлауға бағытталған MBA бағдарламасының даму перспективаларын таныстырды. Ал Инженерлік-техникалық қызмет көрсету орталығының басшысы John Wainwright халықаралық талаптарға сәйкес инженерлік-техникалық персоналды даярлаудың заманауи тәсілдері туралы баяндап, тәжірибеге бағытталған оқыту мен инженерлік құзыреттерді дамытудың маңыздылығына тоқталды.

   

Ашық пікірталас барысында оқытушылар мен білім алушылар Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі басшысымен әлемдік авиацияның даму үрдістері, кәсіби құзыреттерге қойылатын жаңа талаптар, заманауи технологияларды енгізу, ұшу қауіпсіздігі және авиациялық білім берудің келешегі жөнінде пікір алмасты. Студенттер мен оқытушылардың белсенді қатысуы академиялық қауымдастықтың саланың трансформациясы мен болашағына деген жоғары қызығушылығын көрсетті.

 

 Кездесу соңында қонаққа Академияның білім беру бағдарламалары, заманауи оқу-жаттығу кешендері, ғылыми-зерттеу жобалары және оқу орнының даму бағыттары таныстырылды.

 

 Өткен кездесу білім беру қауымдастығы, салалық реттеуші және халықаралық сарапшылар арасындағы ашық кәсіби диалогтың маңызды алаңына айналды. Осындай өзара іс-қимыл форматы білім беру үдерісіне үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге, білім беру мен авиация саласы арасындағы байланысты нығайтуға және қазіргі заман талаптарына жауап бере алатын жоғары білікті мамандарды даярлауға ықпал етеді.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page