top of page

Германияның Неміс ғылыми қоры (DFG) делегациясы С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ-ға ресми сапармен келді

2026 жылғы 28 қаңтарда Сәкен Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Германияның жетекші ғылыми ұйымы — Deutsche Forschungsgemeinschaft (DFG) Неміс ғылыми қоры делегациясының ресми сапары өтті. Кездесу халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту перспективаларын талқылауға арналды.


Германияның Неміс ғылыми қоры (DFG) делегациясы С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ-ға ресми сапармен келді

Неміс делегациясының құрамына Галле–Виттенбергтегі Мартин Лютер университетінің Қазақстандағы шетелдік өкілдігінің жетекшісі, CASIB байланыс кеңсесінің басшысы, DFG-нің Орталық Азиядағы ресми өкілі Петер Либельт, сондай-ақ директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі Йорг Андреас Динкелакер кірді. Университет тарапынан кездесуге басшылық құрамы мен тиісті құрылымдық бөлімшелердің өкілдері қатысты.


Кездесу барысында «Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА академигі, Тіреуов Қанат Маратұлы, Германияның жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарымен серіктестік байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол аграрлық салада бірлескен ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға университеттің толық дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде Петер Либельт Қазақстанның Германия үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктестердің бірі екенін атап өтіп, елдің ғылыми және білім беру әлеуетіне жоғары баға берді. Ол неміс тарапы қазақстандық ғалымдарды, жас зерттеушілер мен докторанттарды бірлескен ғылыми жобалар, гранттық бағдарламалар және академиялық ұтқырлық тетіктері арқылы қолдауға дайын екенін мәлімдеді.


Кездесу барысында Неміс ғылыми қорының (DFG) қолдауымен бірлескен ғылыми бастамаларды іске асыру мүмкіндіктері, сондай-ақ қолданыстағы қаржыландыру бағдарламалары талқыланды. Аграрлық ғылымдағы басым бағыттардың бірі ретінде жайылымдық жерлерді қалпына келтіру және оларды тұрақты пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды.


Сонымен қатар тараптар Орталық Азия бойынша Тұрақты жер пайдалану өңірлік орталығын құру мүмкіндігін қарастырып, Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша алдағы қадамдарды айқындады.


Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page