Еліміздің барлық өңірінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған ауқымды іс-шаралар өтеді
- Редакция "СО"
- 1 hour ago
- 1 min read
22–30 мамыр аралығында еліміздің барлық өңірінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған кең ауқымды іс-шаралар басталады, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Биыл бұл бастама «Қазақстан балалары» деген ортақ ұранмен өтуде. Бұл ұран әрбір бала өзінің маңызды екенін сезініп, дауысының естілгенін, құқығының қорғалғанын білуі тиіс деген басты идеяны білдіреді.
Іс-шаралардың мақсаты балаларға қуаныш сыйлау ғана емес, сонымен қатар олардың балалық шағына қамқорлық көрсету – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы екенін көрсету.
Бүкіл республика бойынша барлық ауыл, аудан және қала бұл мерекелік бастамаға белсене қатысады. Іс-шаралар балаларды елдің мәдени, білім беру және қоғамдық өміріне кеңінен тартуға бағытталған.
Аталған іс-шараларды ҚР Оқу-ағарту министрлігі тиісті мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп ұйымдастыруда.
Мереке күндері келесі бағыттар бойынша іс-шаралар өткізіледі. Облыс, қала және аудан әкімдерінің балалармен кездесулері өтеді. Бұл кездесулерде балалар өз ұсыныстарымен, арман-мақсаттарымен бөлісе алады. Сонымен қатар осы күндері жаңа білім беру нысандарының ашылуы жоспарланған. Театрлар, мұражайлар, саябақтар мен кинотеатрларға тегін немесе жеңілдікпен бару мүмкіндігі қарастырылған. Оған қоса, балаларға қолдау көрсетуге бағытталған өңірлік қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады.
Бұл – жай ғана мереке емес. Бұл – балалардың маңызды екенін көрсететін қоғамдық үндеу. Балаларға қамқорлық – әрбір азаматтың ортақ міндеті, адамгершілік борышы.
Қазақстандық балаларды осы іс-шараларға белсенді қатысуға, өз ойлары мен бастамаларын, армандарын ашық айтуға шақырамыз. Әр балаға өзін естілген, бағаланған және қамқорлықта екенін сезінуге толық мүмкіндік беріледі.
Comentários