Еліміздің жас экологтары үздік идеяларын ұсынды
- Редакция "СО"
- 4 hours ago
- 1 min read
«ProEco» республикалық байқауы Қазақстан Республикасының «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында өткізіліп, жас буынның экологиялық сауаттылығын арттыруға, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

2025 жылғы мамыр айында елордада 5-8 сынып оқушылары арасында экологиялық бағыттағы зерттеу жұмыстарын насихаттауға арналған «ProEco» республикалық байқауының шешуші кезеңі өтті. Байқауға аймақтық іріктеуден сүрінбей өткен 111 оқушының 91 үздік жобасы ұсынылды.
Жас ізденушілер өз жұмыстарын төрт негізгі бағыт бойынша қорғады: «Туған өлкенің табиғаты», «Менің айналам – таңғажайып әлем», «Үздік экологиялық бастама» және «Таза қала өзіңнен басталады». Қазылар алқасы оқушылардың ғылыми ізденісі мен шығармашылық жаңашылдығына ерекше мән берді.

Байқаудың жабылу салтанатында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Айгүл Каркулова жас экологтарға жүрекжарды тілегін білдіріп, олардың бастамалары болашаққа сеніммен қарауға негіз болатынын атап өтті.
– Табиғатты аялау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Сіздердің жобаларыңыз – тек ғылыми еңбек емес, сонымен қатар қоршаған ортаға деген жанашырлықтың айғағы. Бұл алғашқы жеңіс алда әлі талай белесті бағындыруға жол ашады, – деді ол.

Қорытынды бойынша қатысушылардың 45%-ы жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, 9 оқушы – І дәрежелі, 17 оқушы – ІІ дәрежелі, 25 оқушы – ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Тағы 21 оқушыға құрмет грамоталары табыс етілді. Барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар тапсырылды.
Байқаудағы үздік жобалардың бірі – Атырау облысынан келген 8-сынып оқушысы Жантөре Жастерековтың жұмысы. Ол І дәрежелі диплом иегері атанды.
– Жобамды үш айдай дайындадым. Конкурс жоғары деңгейде өтті. Әр өңірден келген достармен танысып, тәжірибе алмастық. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бұл – мен үшін үлкен жетістік, – деді жас зерттеуші.е.
Comentarios