top of page

ІТ және жаңа технологиялар жоғары колледжі: жаһандық білім беру кеңістігіне интеграциялану

2 days ago
6 min read
ІТ және жаңа технологиялар жоғары колледжі

Абай облысындағы (Қазақстанның шығысында орналасқан) Жоғары IT және жаңа технологиялар колледжі белсенді халықаралық қызмет жүргізеді: жетекші IT-университеттермен және серіктестермен қос дипломды бағдарламалар, академиялық ұтқырлық, бірлескен цифрлық өнімдерді іске қосу. Колледж WorldSkills қозғалысына қатысады. Біздің журналға берген сұхбатында колледж директоры Шамшия КУМАШЕВА бұл бастамалардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін және студенттер мен оқытушыларға не беретінін айтып береді.

 

– Шамшия Каирбековна, білім беруді интернационалдандыру сіздің колледжіңіз үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашып, басымдықтар береді?

 

– Колледждегі білім беру бағдарламаларын жаңғыртудың басты бағыттарының бірі – оларды халықаралық кәсіби талаптармен үйлестіру. Мысалы, «Бағдарламалық жасақтама» мамандығында WorldSkills бағыттарындағы Web Design, Graphic Design Technology, Mobile Applications Development құзыреттерінің практикалық элементтері оқу мазмұнына енгізілді. «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» мамандығы бойынша Cyber Security және басқа да заманауи IT-құзыреттер қамтылды.

Бұл бейімдеу ең алдымен, оқыту нәтижелерінен, практикалық тапсырмалардың мазмұнынан және студенттердің кәсіби дағдыларын бағалау тәсілдерінен көрінеді. Студенттер теориялық біліммен шектелмей, WorldSkills форматтарына жақын практикалық тапсырмаларды орындайды, заманауи технологиялармен және кәсіби жабдықтармен жұмыс істейді. Нәтижесінде халықаралық стандарттар біз үшін студенттің оқу барысында меңгерген дағдысын нақты кәсіби ортада қолдануға дайындайтын құралға айналды.


ІТ және жаңа технологиялар жоғары колледжі

 

– Колледждің халықаралық ынтымақтастығы қалай дамуда? Колледж қандай халықаралық жобаларға қатысады?

 

– Бұл бағыттағы жұмыстар академиялық ұтқырлықты дамыту, халықаралық білім беру стандарттарын енгізу, түрлі елдердің инженерлік-педагогикалық қызметкерлері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу, халықаралық кәсіби коммуникацияда шет тілдерін пайдалану және әлемдік білім беру тәжірибесінде тиімділігі дәлелденген технологияларды енгізу арқылы іске асырылады.

Қазіргі уақытта IT және жаңа технологиялар жоғары колледжі келесі халықаралық жобаларға қатысуда:

– Томск мемлекеттік басқару жүйелері және радиоэлектроника университетімен (ТМБЖРУ, Ресей Федерациясы) бірлескен қос дипломды білім беру және академиялық ұтқырлық бағдарламалары;

– Қазан ақпараттық технологиялар және байланыс колледжімен (Ресей Федерациясы) бірлескен қос дипломды білім беру және академиялық ұтқырлық бағдарламалары;

– Келешекте KARIS, KCCE және KAVE (Оңтүстік Корея) қауымдастықтарымен бірлесіп қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру жоспарлануда;

– Қазақстан-Қытай білім беру альянсының құрамындағы колледж жұмысы аясында AI-лабораториясын (жасанды интеллект зертханасын) құру;

– Қырғыз Республикасының №100 кәсіптік лицейімен қол қойылған меморандумды жүзеге асыру аясындағы академиялық ұтқырлық және бірлескен жобалар;

– ІSATCOVE (International Self-Assessment Tool for Centres of Vocational Excellence) жобасы – Еуропалық білім беру қоры (ETF) мен Еуропалық Одақтың қолдауымен әзірленген кәсіптік білім беру сапасын өзін-өзі бағалаудың халықаралық еуропалық жүйесі.


ІТ және жаңа технологиялар жоғары колледжі

 

– Көршілес Ресей Федерациясымен жақын орналасу бұл бағыттағы белсенді ынтымақтастыққа ықпал ететін болар? Ресейлік серіктестермен бірлескен жобалар туралы толығырақ айтып берсеңіз.

 

– Иә, колледждің халықаралық серіктестігі аясындағы ең ірі жобалардың бірі – Ресейдің жоғары оқу орындарымен, атап айтқанда ТМБЖРУ-мен ынтымақтастық. ТМБЖРУ – Ресейдегі IT бағыты бойынша Ең үздік-10 оқу орнының бірі. Ынтымақтастығымыз 2019 жылдан бастау алды.

Осы серіктестік аясында колледж базасында KZ RU Digital Skills Academy академиясын құрдық. Ең басты жетістігіміз – қос дипломды білім беру және қолданбалы бакалавриат бағдарламаларын іске қосуымыз.

Студенттеріміз бір оқу жылын колледжде, екі жылын ТМБЖРУ-де оқып, өндірістік тәжірибені «Роскосмос» кәсіпорындарында өтеді. Сонымен қатар, оқу соңында студенттерімізге халықаралық сертификаттар табысталады.

Бүгінгі таңда біздің өзара іс-қимылымыз тағы бір келешегі бар бағытпен – нақты цифрлық өнімдерді бірлесіп әзірлеумен табиғи түрде толықты. Ынтымақтастықты одан әрі дамыту шеңберінде білім беру процесінің практикалық міндеттерін шешуге бағытталған цифрлық өнімдерді бірлесіп әзірлеу жоспарлануда. Келешегі бар жобалардың бірі RAG технологиясы негізінде қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейтін ЖИ-ассистент құру болады. Чат-бот талапкерлер мен студенттерге қабылдау ережелері, білім беру бағдарламалары, жатақхана және колледж мен ТМБЖРУ арасындағы білім беру траекториялары туралы өзекті ақпаратты екі ұйымның ресми құжаттары негізінде ұсынатын болады.


ІТ және жаңа технологиялар жоғары колледжі

Бұл жобада екі тараптың құзыреттері бірін-бірі толықтыратын болады: колледж веб және мобильді интерфейсті әзірлеп, құжаттарды жинақтап, құрылымдайды және жүйені нақты пайдаланушылармен сынақтан өткізеді. ТМБЖРУ RAG-пайплайнды әзірлеуге, эмбеддингтермен жұмысқа, жауап сапасын бағалауға және жасанды интеллектің жалған ақпарат жасау қаупін азайтуға бағытталған верификация тетіктерін құруға жауап береді.

Жобаның басты ерекшелігі – оның нақты практикалық қажеттілікке байланысты жасалуы. Жобаны қосымша қымбат жабдықты сатып алмай, бір семестр ішінде іске асыру жоспарлануда. Ең бастысы – студенттер болашақта колледждің де, университеттің де күнделікті қызметінде қолданылатын технологиялық шешімдерді әзірлеуге қатысуға мүмкіндік алады. Осылайша, халықаралық серіктестік академиялық алмасу шеңберінен шығып, технологияларды бірлесіп әзірлеу және енгізу деңгейіне көтеріледі.

Біз басқа да көршілес елдермен де тығыз әріптестік орнатқанбыз. Жақында бізге Қырғыз Республикасының № 100 кәсіптік лицейінің басшылығы келіп, өзара меморандумға қол қойдық. Бұл Орталық Азия аймағындағы ТжКБ ұйымдары арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, өңірлік білім беру кеңістігін бірлесе дамытуға үлкен серпін береді.

 

– WorldSkills халықаралық қозғалысы колледждің дамуына және дайындық деңгейін халықаралық стандартқа дейін көтеруге қалай әсер етеді?

 

– Біздің студенттер WorldSkills-те 16 құзыреттілік бойынша сынға түседі. Жетістіктеріміз де аз емес: 2024 жылы Абу-Дабидегі чемпионатта «Мобильді робототехникадан» алтын медаль, Лиондағы әлем чемпионатында жоғары шеберлігі үшін медальон (Medallion for Excellence) алды.

2026 жылы WorldSkills Shanghai 2026 халықаралық чемпионатына «Электроника» құзыреттілігі бойынша Қазақстанның атынан біздің колледждің студенті Аян Айтқазин қатысты. 2025 және 2026 жылдары 1-ші орынды иеленген Аян екі рет WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионатының жеңімпазы атанып, әлемдік кәсіби аренада елдің атынан шығу құқығына ие болды. Оның «DOSTI Skills Kokshetau 2026» чемпионатындағы жеңісі тағы бір маңызды жетістік болды. Аянның тәлімгері – Бақытжан Қыдырханұлы Макеев. Сол кісінің жетекшілігімен студент кәсіби дағдыларын жетілдіріп, халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындықтан өтеді. WorldSkills Shanghai 2026-ға қатысу студенттің кәсіби қалыптасуының маңызды кезеңі және «студент – тәлімгер» тандемінің жүйелі жұмысының нәтижесі болды.


ІТ және жаңа технологиялар жоғары колледжі

WorldSkills – білім мен білікті тоғыстырып, талапты жасты шыңдайтын үлкен мектеп. Мұндай додалар арқылы біз ел ертеңін қалыптастыратын бәсекеге қабілетті, ізденімпаз әрі кәсіби мамандар тәрбиелейміз.

 

– Колледждің оңтүстік кореялық және қытайлық серіктестермен де байланысы қарқынды дамып келеді. Бұл ынтымақтастық неге негізделген? Ол колледж студенттері мен оқытушыларына қандай мүмкіндіктер ашады?

 

– Бұл бағдарламалар студенттерге оқытудың бір бөлігін халықаралық білім беру ортасында жалғастыруға, ал педагогтерге академиялық ұтқырлық және кәсіби тәжірибе алмасу бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта серіктестермен бірлесіп бағдарламаларды қаржыландырудың нақты білім беру траекториялары мен шарттары пысықталуда.

Ал ең маңызды жаңалығымыз – Қазақстан-Қытай колледждері арасындағы жасанды интеллект саласындағы білім беру альянсына кіруіміз.

AI-зертхананы құру мәселесі білім беру саласындағы қазақстан-қытай ынтымақтастығы шеңберінде пысықталуда. Қытайлық серіктестер тарапынан технологиялық және әдістемелік қолдау, заманауи AI-шешімдерді қолдануда тәжірибе алмасу, педагогтерді оқыту, сондай-ақ бірлескен студенттік жобаларды іске асыру көзделеді.

Зертхананы жабдықтау мен қаржыландырудың нақты тетіктері қазіргі уақытта тараптар арасында келісу сатысында тұр.

Біздің мақсатымыз – жаңа кабинет ашып қана қоймай, студенттер жасанды интеллект саласындағы нақты жобаларды әзірлей алатын, ал педагогтер білім беру процесіне заманауи AI-технологияларды енгізе алатын тұрақты жұмыс істейтін практикалық алаң құру.


ІТ және жаңа технологиялар жоғары колледжі

 

– Еуропалық озық тәжірибені енгізуде ISATCOVE халықаралық жобасының маңызы қандай болды?

 

– ISATCOVE жобасына қатысу бізге еуропалық озық стадарттарды зерделеуге, колледждің институционалдық дамуын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Бұл жоба аясында біз өзін-өзі бағалау үдерісін жүргізіп, білім беру бағдарламаларымызды халықаралық еңбек нарығының талаптарына сай қайта қарадық.

Соның нәтижесінде оқыту нәтижелерін нақты кәсіби құзыреттермен байланыстыруға, практикалық даярлықты күшейтуге және жұмыс берушілердің білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен бағалауға қатысуын кеңейтуге басымдық беріледі. Яғни, ISATCOVE тәжірибесі бізге білім сапасын тек оқу үлгерімімен емес, түлектің еңбек нарығына қаншалықты дайын екендігімен бағалау тәсіліне көшуге ықпал етеді.

Сонымен қатар, Cisco Networking Academy сияқты халықаралық вендорлық сертификаттауды оқу бағдарламасына енгіздік. Студенттер желілік технологиялар, киберқауіпсіздік және бағдарламалау бағыттары бойынша білім алып, халықаралық деңгейде танылатын сертификаттарға ие болады. Бүгінде 400-ден астам студентіміз осындай сертификаттар алған.

Студенттер Cisco курстарының практикалық бағыттылығы мен нағыз жабдықтармен жұмыс істеу мүмкіндігін жоғары бағалайды. Олар беделді халықаралық сертификат түйіндемеде үлкен артықшылық беріп, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттіліктерін айтарлықтай арттыратынын атап өтеді.


ІТ және жаңа технологиялар жоғары колледжі

 

– Халықаралық академиялық қоғамдастықта инклюзия мәселелеріне үлкен көңіл бөлінеді. Колледжіңіздің бұл бағыттағы қызметі заманауи жаһандық стандарттар мен нормаларға қаншалықты сәйкес келеді?

 

– Халықаралық озық тәжірибені арқау еткен колледжіміз инклюзивті білім беруді басты құндылықтардың бірі санайды. Бүгінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 70 студент IT саласының заманауи мамандықтарын меңгеріп, кәсіби болашағына сенімді қадам басуда. Колледждің әрбір студентке тең мүмкіндіктер беруге бағытталған жайлы білім беру ортасы білім алушылардың өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін ынталандырады.

Осындай мысалдардың бірі – студенттер әзірлеген «AISHA» жасанды интеллект негізіндегі дауыстық көмекшісі. Оның негізгі мақсаты – пайдаланушы мен компьютер арасындағы өзара әрекетті жеңілдетіп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің цифрлық ресурстарға қолжетімділігін арттыру.

Көмекші қажетті ақпаратты іздеуге, оқу материалдарын қайта қарауға және ұмытылған мәліметтерді жылдам табуға көмектеседі.

Әсіресе оқу материалын есте сақтау мен меңгеруде қосымша қолдауды қажет ететін студенттер үшін бұл технологияның маңызы зор. Бұл әлеуметтік осал топтардың сапалы білім алып, болашақта халықаралық деңгейде де табысты жұмыспен қамтылуына жол ашады.

 

ІТ және жаңа технологиялар жоғары колледжі

– Колледжді халықаралық білім беру кеңістігіне одан әрі интеграциялаудағы негізгі міндеттеріңіз қандай?

 

– Интернационалдандыру колледж үшін білім сапасын жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық іргетасқа айналуда. Бұған дейін басталған барлық бастамалар пысықтау сатысынан нақты нобайлар мен практикалық жүзеге асыру фазасына өтуде. Біз қол жеткізген нәтижелерді бекітуге және халықаралық әріптестікті одан әрі кеңейтуге ниеттіміз.

Ең алдымен, бұл қос дипломды бағдарламаларды тереңдетуге, ТМБЖРУ-мен және басқа да серіктестермен бірге студенттер мен оқытушыларға арналған қолданбалы бакалавриаттың бірлескен бағдарламалары мен академиялық ұтқырлықты дамытуға қатысты.

Сонымен қатар, біз бірлескен цифрлық өнімдеріміздің қатарын кеңейте түсеміз. Осындай перспективалы жобалардың бірі – ТМБЖРУ-мен серіктестікте талапкерлерге арналған билингвалды ЖИ-ассистентті әзірлеу болмақ.

Қазақстан-Қытай білім беру альянсы аясында пилоттық AI-зертхананы іске қосу кадрларды даярлау сапасы мен жаңа цифрлық өнімдерді жасау қызметін дамыту бағытындағы мүмкіндіктерімізді кеңейте түседі.

Сонымен қатар, ISATCOVE стандарттарына сүйене отырып, түлектеріміздің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету мақсатында білім беру бағдарламаларын халықаралық еңбек нарығының талаптарына сай жүйелі түрде өзін-өзі бағалау және бейімдеу жұмыстарын жалғастырамыз.

 

АННОТАЦИЯ

В интервью с директором Высшего колледжа IT и новых технологий (область Абай) Шамшией Кумашевой рассмотрена стратегия интернационализации учебного заведения и его интеграции в глобальное образовательное пространство.

В беседе затронуты ключевые направления развития колледжа, внедрение стандартов WorldSkills, партнерство с зарубежными вузами, колледжами и компаниями, включая проекты с ТМБЖРУ и создание AI-лаборатории. Особое внимание уделено практическим аспектам подготовки IT-специалистов, развитию инклюзивной среды и повышению конкурентоспособности выпускников на мировом рынке труда.


Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page