top of page

Техникалық және кәсіптік білімнің жаңа моделі

Жұлдыз Сүлейменова. Техникалық және кәсіптік білімнің жаңа моделі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған жүйелі шешімдері бұл саланы жаңғыртуға жаңа мүмкіндік берді. Соңғы жылдары мемлекеттік қаржыландыру көлемі ұлғайып, білім беру тапсырысы кеңейді, студенттер саны артып, дуальды оқыту практикасы кеңейе түсті.

Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді еңбек нарығы мен экономиканың нақты сұранысына жауап беретін нәтижеге айналдыру. Біздің мақсатымыз – жастарға тек диплом беретін емес, заманауи өндірісте сұранысқа ие білікті маман даярлайтын жүйе қалыптастыру.


Мемлекеттік қолдау және нақты нәтиже

Бүгінде еліміздегі 763 колледжде 556 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Соңғы үш жылда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін қаржыландыру көлемі 34,1%-ға өсіп, 2025-2026 оқу жылында 424,9 млрд теңгеге жетті. Мемлекеттік білім беру тапсырысы 2023-2024 оқу жылындағы 344,9 мың орыннан 2025-2026 оқу жылында 393,3 мың орынға дейін ұлғайды.

Осы кезеңде түлектер саны 141,3 мыңнан 169,2 мың адамға дейін өсті. Мамандығы бойынша жұмысқа орналасқандар саны 72 мыңнан 90,6 мың адамға дейін артты. Жалпы жұмысқа орналасқан түлектер саны 112,7 мың адамға жетті.

Студенттерді әлеуметтік қолдау шаралары да кеңейді. Шәкіртақы мөлшері екі есеге өсіп, 43 мың теңгеге жетті. Жатақханамен қамтамасыз ету деңгейі 95,4%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер кәсіптік білімнің қолжетімділігін арттырумен қатар, жастардың оқуына қажетті жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді.


Білім мазмұны еңбек нарығына бейімделуде

Техникалық және кәсіптік білім беру мазмұны еңбек нарығындағы өзгерістерге сәйкес жаңартылуда. Қазіргі уақытта 552 кәсіптік стандарт негізінде 14 494 білім беру бағдарламасы әзірленді. Оның 4 348-і жұмысшы біліктіліктеріне арналған.

Сұранысы төмен мамандықтар қайта қаралып, еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейтін 66 білім беру бағдарламасы тізілімнен шығарылды. Сонымен бірге Сыныптауыш 20 жаңа мамандықпен толықтырылып, осы бағыттар бойынша 243 білім беру бағдарламасы әзірленді.

Студенттердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейту үшін микробіліктіліктер мен Minor қосымша бағдарламалары енгізілуде. Жұмысшы біліктіліктері бойынша білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект құралдарын кәсіби қызметте қолдану дағдылары енгізілуде. Бағдарламалар тізілімі Career Enbek ұлттық біліктілік жүйесі платформасымен интеграцияланды. Бұл білім мазмұнын кәсіптік стандарттармен тікелей байланыстыруға мүмкіндік береді.


Жұлдыз Сүлейменова. Техникалық және кәсіптік білімнің жаңа моделі

Экономика сұранысы басты бағдарға айналады

Алдағы жылдары кәсіптік білім беру жүйесіне түсетін жүктеме арта түседі. 2030 жылға қарай Қазақстан халқының саны 21,6 млн адамға, 15-28 жастағы жастар саны 4,6 млн адамға жетеді деп болжануда. Колледж жасындағы 15-18 жастағы жастар саны 1,1 млн-нан 1,5 млн адамға дейін өседі. Еңбек нарығының жыл сайынғы қажеттілігі 225-256 мың адамды құрайды. Сұранысы жоғары мамандықтардың 70%-дан астамы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне тиесілі.

Орта мерзімді болжам бойынша 2030 жылға қарай 1,8 млн-нан астам жұмысшы маманға сұраныс қалыптасады. Оның ішінде өнеркәсіпке 183 мың, құрылысқа 102 мың, ауыл шаруашылығына 73 мың, IT саласына 12 мың маман қажет болады.

Кейбір бағыттарда кадр даярлау көлемі мен экономика сұранысының арасында айтарлықтай алшақтық бар. Құрылыс саласында 102 мың маманға қажеттілік болса, осы бағытта 22,4 мың студент білім алады. Ауыл шаруашылығында 73 мың маман қажет болғанымен, білім алушылар саны 12,7 мың адамды құрайды. Сондықтан мемлекеттік білім беру тапсырысын өңірлер мен салалардың нақты кадрлық қажеттілігіне сәйкес қалыптастыру маңызды.


Жұлдыз Сүлейменова. Техникалық және кәсіптік білімнің жаңа моделі

Осы мақсатта 2025-2027 жылдарға арналған ТжКБ жүйесін трансформациялау жол картасы іске асырылуда. Негізгі бағыттар кадр даярлауды экономика сұранысына бейімдеу, бизнестің қатысуын кеңейту, білім мазмұнын жаңарту және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға негізделген.


Сапалы білім мықты педагогтен басталады

Колледждегі білім сапасы педагогтің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 42 901 педагог еңбек етеді. Оның 95,4%-ы жоғары білімді. Өндірістен колледждерге 1 934 маман педагогтік қызметке тартылды.

Педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру жұмысы жалғасуда. 9 245 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті, 17 487 педагог цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні оқу процесінде қолдану бойынша даярланды, 132 педагог шетелдік тағылымдамадан өтті.

Келесі кезеңде педагогтерді халықаралық әдістемелер бойынша даярлау, салалық стандарттармен сертификаттау, озық кәсіпорындарда тағылымдамадан өткізу және тәлімгерлік арқылы кәсіби әрі икемді дағдыларын дамыту жалғасады. Халықаралық біліктілігін растаған педагогтер үшін аттестаттау рәсімін жеңілдету де қарастырылуда.


Жұлдыз Сүлейменова. Техникалық және кәсіптік білімнің жаңа моделі

Колледж бен өндіріс байланысы күшейеді

Кадр даярлау сапасы колледждердің материалдық-техникалық базасына да тікелей байланысты. Жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілер есебінен 174 колледж, жер қойнауын пайдаланушылардың қолдауымен 13 колледж жабдықталды. Сонымен қатар 11 өңірде 20 мың орынға арналған 13 заманауи колледж салу жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта 4 126 кәсіпорын 613 колледжбен әріптестік орнатқан.

Кәсіпорындар материалдық-техникалық базаны жаңартуға, өндірістен мамандар тартуға, практиканы ұйымдастыруға және түлектерді жұмысқа орналастыруға қатысады.

Мұндай әріптестік колледждегі даярлықты нақты өндіріс талаптарына жақындатады.


Жұлдыз Сүлейменова. Техникалық және кәсіптік білімнің жаңа моделі

Дуальды оқыту ауқымы кеңейіп келеді

Теориялық білім мен өндірістік тәжірибені ұштастыратын негізгі тетіктердің бірі – дуальды оқыту. Соңғы үш жылда дуальды оқытумен қамтылған студенттер саны 108 мыңнан 138,2 мың адамға дейін өсті. Қазіргі кезде 552 колледж 11 700 кәсіпорынмен бірлесіп дуальды оқытуды жүзеге асырады.

Алдағы міндет – көрсеткіші төмен өңірлерде кәсіпорындарды көбірек тартып, дуальды оқытумен қамтуды кемінде 40%-ға жеткізу. Бұл студенттің оқу кезінде нақты өндірістік ортада тәжірибе жинауына, ал жұмыс берушінің болашақ маманды даярлауға тікелей қатысуына мүмкіндік береді.


Халықаралық стандарттар және кәсіби шеберлік

Қазақстандық колледждер халықаралық салалық талаптарға да кезең-кезеңімен бейімделіп келеді. Қазіргі уақытта 27 колледждің білім беру бағдарламалары халықаралық салалық талаптарға сәйкестігі бойынша бағаланды. 2027 жылдың соңына дейін тағы 30 колледжді осындай бағалаудан өткізу жоспарланып отыр.


Жұлдыз Сүлейменова. Техникалық және кәсіптік білімнің жаңа моделі

Халықаралық аккредиттеу нәтижесінде 100-ден астам педагог пен 300-ден астам студент халықаралық деңгейде танылатын сертификаттар мен аккредитацияларға ие болды. Мұндай талаптар мұнай-газ, құрылыс, энергетика, есеп және аудит, дәнекерлеу, инженерия және IT салаларын қамтиды.

Жастардың кәсіби шеберлігін дамытуда WorldSkills қозғалысының орны ерекше. TurkicSkills 2025 чемпионатында Қазақстан құрамасы алты алтын медаль иеленді. EuroSkills Herning 2025 жарысында қазақстандық қатысушылар жеті Medallions for Excellence марапатына ие болды.

2026 жылы Австралияда өткен Global Skills Challenge жарысында Astana Polytechnic жоғары колледжінің студенті Рамазан Нұрлан «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша алтын медаль жеңіп, Best of Nation арнайы марапатына ие болды. WorldSkills Shanghai 2026 әлем чемпионатында Руслан Нестеренко «Ұшқышсыз авиациялық жүйелер» құзыреттілігі бойынша қола жүлде алды. Бірқатар қазақстандық студент кәсіби шеберлігі үшін медальдармен марапатталды, ал Камила Алиева Best of Nation атағына ие болды.

WorldSkills біз үшін тек жарыс емес. Бұл қазақстандық кәсіптік білім сапасын халықаралық талаптармен салыстыруға және даярлықтың нақты деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін кәсіби алаң.


Жұлдыз Сүлейменова. Техникалық және кәсіптік білімнің жаңа моделі

Германиямен әріптестіктің жаңа кезеңі

Халықаралық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – Германиямен әріптестік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Германияға ресми сапары аясында техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде жаңа уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Германияның Білім, отбасы, қарттар, әйелдер және жастар істері жөніндегі федералдық министрі Карин Принмен техникалық және кәсіптік білім беру және оқыту саласындағы ынтымақтастық туралы ниеттер жөніндегі Бірлескен декларацияға қол қойылды.

Кездесуде дуальды оқытуды дамыту, студенттер мен педагогтердің тағылымдамаларын ұйымдастыру, колледждер арасындағы тәжірибе алмасу, цифрландыру және кәсіптік білім беруде жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланды.


Жұлдыз Сүлейменова. Техникалық және кәсіптік білімнің жаңа моделі

Қазақстан-Германия бизнес-форумында Мемлекет басшысы Германияның дуальды білім беру жүйесіне жоғары баға беріп, ірі инвестициялық жобалармен тікелей байланысты Қазақстан-Германия өнеркәсіптік құзыреттер орталықтарының желісін құруды ұсынды.

Бұл бағытта қалыптасқан тәжірибе бар. Алматы құрылыс-техникалық колледжі GROHE, KNAUF және BOSCH компанияларымен ұзақ жылдардан бері бірлесіп жұмыс істейді. KNAUF компаниясымен 20 жылдан астам ынтымақтастық барысында екі мыңнан астам студент білім алды. Ендігі міндет – осындай әріптестікті жекелеген жобалар деңгейінде қалдырмай, жүйелі тәжірибеге айналдыру.


Кәсіби бағдар мектептен басталады

Жұмысшы кәсіптеріне кәсіби бағдар беру жұмысы мектептен басталуға тиіс. 2026-2027 оқу жылына арналған бірыңғай медиажоспар бекітілді.

Мектептерде 1 000 бейіндік сынып ашылып, 7-11 сынып оқушылары үшін «Мансап компасы» платформасы іске қосылды. Үш пилоттық өңірде ауыл шаруашылығы бағытындағы агросыныптар жұмысын бастады.

Кәсіптік бағдардың тиімділігі мемлекет, колледж және жұмыс берушінің ортақ жұмысына байланысты. Мемлекет тегін білім алуға мүмкіндік жасайды, колледж бәсекеге қабілетті кадр даярлайды, ал жұмыс беруші лайықты еңбек жағдайы мен кәсіби өсу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.


Жұлдыз Сүлейменова. Техникалық және кәсіптік білімнің жаңа моделі

Басты өлшем – түлектің нәтижесі

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі барлық өзгерістің түпкі нәтижесі колледж түлегінің еңбек нарығындағы сұранысымен өлшенуі керек. Біздің басты мақсатымыз – жұмысшы кадрларды даярлауды экономика мен өндірістің сұранысына барынша сәйкестендіру.

Алдағы уақытта білім беру бағдарламаларын өндірістегі технологиялық өзгерістерге бейімдеу, практикалық даярлықты күшейту, кәсіпорындармен әріптестікті кеңейту, халықаралық стандарттарды енгізу және жұмысшы мамандықтары бойынша түлектердің жұмыспен қамтылуын арттыру жұмысы жалғасады.

Заманауи колледж тек білім беретін орын болмауы керек. Ол өндіріс пен білімді, жас маман мен жұмыс берушіні, ұлттық тәжірибе мен халықаралық стандарттарды байланыстыратын ортаға айналуға тиіс. Сонда кәсіптік білімнің нәтижесі нақты көрінеді. Ол – өз кәсібін меңгерген, жаңа технологиямен жұмыс істей алатын және ел экономикасының дамуына үлес қосатын білікті маман.


Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,

Қазақстан Республикасының

Оқу-ағарту министрі


АННОТАЦИЯ

В Казахстане активно модернизируется система ТиПО. Значительно увеличивается финансирование, госзаказ, стипендии студентов. Учебные программы пересматриваются под реальные запросы рынка труда. Обучение усиливается за счет дуальной системы на предприятиях, обмена опытом с другими странами и обновления базы колледжей. Новая модель технического и профессионального образования позволит ликвидировать кадровый дефицит в ключевых отраслях и вести подготовку специалистов по международным стандартам.




Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page