«Заң мен тәртіп» қағидаты: Маңғыстауда балаларға құқық негіздері анимация арқылы түсіндіріледі
Маңғыстау облысында жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған «Алдар Көсенің заң әлеміне саяхаты» атты танымдық жоба жүзеге асырылуда. Жасанды интеллект пен анимацияның көмегімен қазақ ауыз әдебиетінің танымал кейіпкері жастарға құқық негіздері мен «Заң мен тәртіп» қағидатын қарапайым әрі ұғынықты тілде түсіндіреді, «Замануи білім беру» журналы Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Бейнероликтерде жасөспірімдер үшін өзекті тақырыптар қамтылған. Атап айтқанда, интернет алаяқтығы, жеке деректерді қорғау, буллинг пен кибербуллинг, құқықтық жауапкершілік, медиация, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат беріледі.
«Zan mektebi» жобасын «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігі іске асыруда. Жоба Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-ның ұйымдастыруымен берілген мемлекеттік грант аясында жүзеге асырылуда.
Бүгінде топтаманың алты бөлімі жарық көрді. TikTok, YouTube, Instagram және Telegram платформаларында жарияланған бейнероликтер 37 мыңнан астам қаралым жинады.
Заманауи цифрлық технологиялар мен анимация құқықтық ақпаратты жасөспірімдерге түсінікті әрі қызықты етіп жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл өскелең ұрпақтың «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанудың маңызын түсінуіне ықпал етеді.

Comments