top of page

Колледждерге құжат қабылдау жалғасуда

Қазақстанда 2026-2027 оқу жылына колледждерге құжат қабылдау жалғасуда. Биыл жергілікті әкімдіктер мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждерде мамандар даярлауға 140 мың грант бөлді. Бүгінгі таңда 55 мыңға жуық талапкер құжаттарын тапсырды.


Колледждерге құжат қабылдау жалғасуда

Мемлекеттік білім беру тапсырысының басым бөлігі еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие техникалық мамандықтарға бағытталған. Сонымен қатар заманауи технологиялық үрдістер мен жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес жаңа перспективалы мамандықтар да енгізілді. Олардың қатарында жасанды интеллект технигі, мехатроника, жаңартылатын энергетика, графикалық анимация технигі, экологиялық туризм менеджері және басқа да сұранысқа ие бағыттар бар.


Колледждерге қабылдау кезінде азаматтардың бірқатар санаттары үшін қабылдау квоталары қарастырылған. Атап айтқанда, ауыл жастарына - 35%, мүгедектігі бар адамдарға - 10%, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға - 5%, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға - 1%. Сонымен қатар заңнамада көзделген тағы 6 санат үшін квоталар белгіленген. Құжат тапсыру кезінде талапкерлер eGov.kz порталында өздеріне тиесілі квотаны көрсете алады.


Құжаттарды eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы немесе тікелей таңдалған колледжге тапсыруға болады. Әрбір талапкер 4 мамандық пен 4 колледжді таңдауға мүмкіндік алады.


Жұмысшы біліктілігі бойынша құжат қабылдау 27 тамызға дейін жалғасады. Бұл бағытқа түсушілер сұхбаттасу нәтижесі бойынша, емтихансыз қабылданады.


Орта буын мамандықтарына құжат қабылдау 20 тамызға дейін жүргізіледі. Конкурс 23-24 тамызда аттестаттың орташа балы негізінде өтеді.


Педагогикалық және медициналық мамандықтарға құжат қабылдау 10 тамызға дейін жалғасады. Конкурс 16-17 тамыз күндері өткізіледі. Педагогикалық мамандықтарға түсушілер сұхбаттасудан, эссе немесе диктанттан өтеді. Медициналық мамандықтарға арнайы емтихан, ал шығармашылық мамандықтарға шығармашылық емтихан қарастырылған.


Конкурстың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында іріктеу Ұлттық білім беру деректер қорының ақпараттық жүйесі арқылы автоматтандырылған түрде жүргізіледі.


Ақылы негізде оқуға құжат қабылдау 27 тамызға дейін, ал кешкі және сырттай оқу нысандарына 20 қыркүйекке дейін жалғасады.


Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page