top of page

Мемлекет басшысы Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасанды қабылдады

3 hours ago
1 min read

Қасым-Жомарт Тоқаев Network School жобасының Қазақстандағы технологиялық экожүйенің қалыптасуына қосқан үлесін жоғары бағалап, ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді. Президент еліміз технологияны терең меңгерген көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеу үшін білім, ғылым және цифрлық құзыретке белсенді инвестиция салып жатқанына назар аударды, деп хабарлайды «Замануи білім беру» журналы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап қалды: еліміздің үш жетекші университеті Азияның үздік 100 жоғары оқу орнының қатарына енді

Осы орайда, Мемлекет басшысы жобаның негізін қалаушыға жуырдағы Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасы келешек ұрпаққа маңызды әрі шын мәнінде салмақты мұра қалдыруға мүмкіндік беретінін айтты. Бағдарлама аясында жаппай әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, соның ішінде мектептер, университеттер мен медицина мекемелерін салу жоспарланып отыр.


Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Network School Kazakhstan желісінің іске қосылуын және жобаның Қазақстан университеттерімен, стартаптарымен, сондай-ақ технологиялық кәсіпорындарымен серіктестікті кеңейту ниетін құптады.


Сонымен қатар Президент Astana AI Film фестиваліне инвестициялық тұрғыдан қолдау көрсеткені үшін Баладжи Шринивасанға ризашылығын білдірді.


Network School негізін қалаушы Қазақстанда озық технологиялық шешімдер мен экономиканың дәстүрлі салалары үйлесім тауып отырғанын айрықша атап өтті. Баладжи Шринивасан Network School Kazakhstan жобасының басым бағыттарын таныстырды. Онда цифрлық шешімдерді ілгерілету, адам капиталын дамыту және инновациялық әзірлемелерді енгізуге қолайлы жағдай жасау көзделген.


Кездесу соңында Мемлекет басшысы еліміздегі жасанды интеллект пен инновацияны дамытуға қосқан үлесі үшін Баладжи Шринивасанды II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page