top of page
Search

Министр Саясат Нұрбек Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «МИФИ» ұязу филиалының ашылуына қатысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен «МИФИ» ҰЯЗУ филиалының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сонымен қатар іс-шараға РФ Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Наталья Бочарова, «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко, ҚР Энергетика министрлігі Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев, «Қазатомөнеркәсіп» және «Росатом» компанияларының өкілдері, жоғары оқу орындарының профессорлары мен білім алушылары қатысты.


Бірлескен білім беру жобасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған Ресейдің озық техникалық жоғары оқу орындары филиалдарын құру туралы стратегиялық міндетін орындау аясында жүзеге асырылып жатыр.


Жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысушыларды маңызды оқиғамен құттықтап, зерттеу университеттерінің ғылымды дамытуда рөлі артып келе жатқанын атап өтті.

«МИФИ-мен әріптестік қолданбалы ғылым саласындағы ынтымақтастық үшін жаңа даму нүктесі болады деп үміттенеміз. Филиалдың құрылуы саланы «Ядролық энергетика және технологиялар», «Информатика және есептеу техникасы» мамандықтары бойынша білікті кадрлармен қамтамасыз ете отырып, елде ядролық энергетиканың дамуына жаңа серпін береді. Біз «МИФИ» ҰЯЗУ филиалы шағын жобадан маңызды, ауқымды, өңірлік, мемлекетаралық өндірістік орталыққа айналуы үшін бар күшімізді саламыз», – деді министр Саясат Нұрбек.

РФ Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Наталья Бочарова бірлескен жемісті жұмысқа жәрдемдесуге дайын екенін білдіріп, екі университеттің басшыларына қысқа мерзімде білім беру жобасын жүзеге асырғаны үшін алғыс айтты.


Қатысушылар жиын соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ашылған «МИФИ» ұлттық зерттеу ядролық университеті филиалының естелік тақтасына қол қойды. Сондай-ақ олар университеттің физика-техникалық факультетінде болып, жаңа филиалдың аудиториясын аралады.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі




bottom of page