Оқу жылы басталды
- Редакция "СО"
- 9 hours ago
- 2 min read

Білім беру саласындағы негізгі басымдықтардың бірі – барлық балаға тең бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Бүгінде елімізде 12 мыңға жуық балабақшада 1 миллионнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 93,1%-ға жетті. Биылғы жылдан бастап балаларды еңбекке ерте баулуға бағытталған пилоттық жоба, сонымен қатар, ата-аналарға консультациялық көмек көрсету үшін «Беске дейін үлгер» бағдарламасы іске қосылуда.
Өткен оқу жылында шәкірттеріміз халықаралық білім додаларында жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы саны 1000-нан астам медаль жеңіп алды, оның 193-і алтын. Оқушыларымыз химия мен робототехникадан әлем чемпионы атанып, Балқан математикалық олимпиадасында қатарынан екі жыл үздік үштікке енді. Ауылдық жерлердегі дарынды оқушылардың да республикалық олимпиадалар мен байқауларға қатысуы соңғы екі жылда он есе артты.
Бүгінде мектептердің 90%-да инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған. «Педагог-ассистент», «жеке көмекші» лауазымдары енгізілді, одан бөлек, колледждерге мүгедектігі бар азаматтарды қабылдау квотасы 10%-ға дейін артты. Арнайы мекемелер желісі кеңейіп, Ұлттық үздіксіз инклюзивті білім беру орталығы құрылуда. Сондай-ақ, «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы дайындалып жатыр.
Жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттыру үшін елде 2142 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді, бұл жалпы оқушылар санының 87,2%-ын қамтиды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының деректеріне сәйкес, оқулықтарды білім беру ұйымдарына жөнелту толық көлемде, яғни 100 пайызға орындалды. Өтінімдерді қалыптастыру және олардың сатып алуын қаржыландыру бұрынғыдай жергілікті атқарушы органдардың есебінен жүзеге асырылады.
Мектеп қабырғасынан жастарға кәсіби бағдар беру қолға алынуда. 2025 жылдан бастап әрбір мектепте педагог-кәсіби бағдарлаушы жұмыс істейтін болады. Бүгінде колледжге түсушілер сұранысқа иемамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтылған. Колледждерде халықаралық стандарттарға сай білім беріліп, онлайн-оқу заң жүзінде бекітілді. Жыл соңына дейін жұмыспен қамтуға кепілдік беретін мақсатты тапсырыс бойынша оқитын студенттердің саны 45 мыңға жетеді.
Білім беру инфрақұрылымы қарқынды түрде жаңартылуда. Қазіргі таңда 267 мың оқушыға арналған 232 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр, 1 мыңнан астам ауыл мектебі модернизациядан өтуде. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың орынға арналған 217 заманауи мектеп салу жоспарланған, олардың 40%-дан астамы ауылдық жерлерде орналасқан.
Орта білім беруде функционалдық сауаттылық пен оқушылардың бәсекеге қабілеттілік дағдыларын дамытуға басымдық берілген ауқымды бастамалар жүзеге асырылуда. Қазақстан PISA халықаралық бағалауында үздік 50 елдің қатарына кіріп, білім сапасы арттыру бағытында алға ілгеріледі.Мемлекет басшысы ұстаздың рөлін қоғамның басты кейіпкері ретінде айқындап берді. Педагогтің еңбегі лайықты бағаланып, оны қолдау – мемлекеттің басым бағыттарының біріне айналды.
2025-2026 оқу жылында қазақстандық оқушыларды бірқатар маңызды жаңалықтар күтуде. Биылдан бастап оқу үдерісіне жасанды интеллект (ЖИ) элементтері енгізіледі. Ол үшін «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект интеграцияланды. Бұл бағытта ЖИ-ды қолданудың этикалық стандарттары бекітілді. Оқушылар үшін «Day of AI» атты онлайн-курстар, педагогтерге арналған үш деңгейлі біліктілікті арттыру курстары әзірленді.
Қыркүйектен бастап барлық мектепте буллингтің алдын алуға бағытталған Kiva және «ДосболLIKE» бағдарламалары енгізілуде. «Қазақстан балалары» кешенді бағдарламасы дайындалуда. 2024 жылы құқықтық базаны нығайту бойынша үш негізгі заң қабылданды және біздің кішкентай азаматтарымызды қорғау үшін пәрменді тетіктер енгізілді.