top of page
Search

«Педагогикалық идеялар панорамасы – 2024»

17.04.2024.


Педагогикалық идеялар панорамасы 2024


Құрметті педагогтер!


Мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдары үшін «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2024» республикалық бейнесабақтар мен бейнедәрістер конкурсының өңірлік кезеңі басталды!


«Педагогикалық идеялар панорамасы» әрбір қазақстандық педагогке 12 бағыттың бірі бойынша (ерте сауаттылық (мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу), оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық, цифрлық сауаттылық, медиа-ақпараттық сауаттылық, қаржылық сауаттылық, экологиялық сауаттылық, денсаулық сақтау сауаттылығы (медициналық сауаттылық), әлеуметтік-эмоционалдық сауаттылық, мәдениетаралық сауаттылық және азаматтық-құқықтық сауаттылық) бейнематериал түрінде өзінің авторлық әзірлемесін ұсынуға мүмкіндік береді.


Конкурсқа жеке немесе авторлық топпен қатысуға болады (топтағы қатысушылар саны 3 адамнан аспауы керек). Бейнематериалдардың келесі түрлері қабылданады: дәріс, сабақ, практикалық немесе зертханалық жұмыс, семинар, мастер-класс, цифрлық білім беру ресурсы мен бейнеподкаст.


Жұмыстар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылуы мүмкін.


Конкурс қатысушылары ұсынатын бейнематериалдардың саны шектеулі. Бір педагог немесе бір авторлық топ тек бір бағытқа қатысуға өтініш беріп, бір бейнематериалды жібере алады.


Конкурс жұмыстары 7 критерий бойынша бағаланады: бейнересурстың өзектілігі, дәлелділігі, пәнаралық интеграциясы, әдістемелік құндылығы, инновациялылығы, сөйлеу мәдениеті мен шешендік шеберлігі, аудио/бейнеқатар сапасы.


12 бағыттың әрқайсысында бір бірінші орын, екі екінші орын және үш үшінші орын беріледі. Өңірлік және республикалық кезеңдердің барлық қатысушылары қатысу сертификаттарымен немесе 1, 2, 3 дәрежелі жеңімпаздардың дипломдарымен марапатталады.


YouTube-те ең көп қаралған бейнематериал үшін әр бағыт бойынша мадақтау сертификаты қарастырылған. Конкурстың барлық марапаттау құжаттары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 2 сәуірдегі № 72 бұйрығына сәйкес аттестаттау кезінде біліктілік санатын беру немесе растауда ескеріледі.


Конкурстың өңірлік кезеңіне қатысуға өтінімдер https://ppi.orleu-edu.kz сайтында 24 сәуір – 15 қазан аралығында қабылданады.


Қосымша ақпарат алу үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыстық филиалдарына және Шымкент, Алматы, Астана қалаларындағы филиалдарына хабарласуларыңызға болады.


bottom of page