Президент: «Экономиканы ауқымды цифрлық жаңғырту адами капиталды дамытуға жаңа талаптар қояды».
- Редакция "СО"

- Sep 9
- 3 min read
Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиіс.

Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді.
Жұмыс үдерістерінің едәуір бөлігі цифрлық технологияларды енгізу арқылы автоматтандырылатыны анық.
Сол себепті менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Алайда жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс.
Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет.
Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады.
Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Елордада балаларды дамыту орталықтарын жеке қаражат тарту арқылы салу тәжірибесі бар. Көптеген кәсіпкер дәл осы мәселе бойынша көмек көрсетуге әзір екенін білдіріп жатыр. Әкімдер осындай жобаларды жүзеге асыруға кәсіпкерлерді белсенді түрде жұмылдыруы керек.
Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды.
Ғылым саласында әлі де мемлекеттің үлесі басым. Бірақ бюджет қаржысының қайтарымы әлі де шамалы болып тұр. Жаңа патенттер, технологиялар мен өндірістер сияқты көзге көрінетін нақты нәтиже жеткілікті емес. Инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына берген жөн.
Министрлік және Ғылым академиясы бірлесіп, ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарын үйлестіру ісімен белсенді түрде айналысуы керек.
Жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беруге болады.
Сонымен қатар Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс.
Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн.
Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту – өте маңызды міндет. Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасау керек. Себебі бізге білікті мамандар өте қажет. Әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері керек. Қазіргі тілмен айтсақ, «сапасы жоғары адами ресурстар» қажет.
Өйткені білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі.
Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет, бұл – анық нәрсе. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті, жалақысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар толтыруда.
Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады.
Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаражат бөліп жатыр.
Алайда көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олар арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды.
Әрине, жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі – маңызды.
Бірақ бұл үрдіс жеке адамға да, бүкіл елге де үлкен пайда әкелмейді. Азаматтардың өндіріске барғаны абзал.
Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн. Осыған мемлекет қажетті жағдай жасауы керек. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі.
Еңбек нарығын, әсіресе көші-қон мәселесін реттеу саласында есепке алудың орталықтандырылған жүйесі жоқ. Бұл жағдай осы саладағы болжау жұмысының сапасына және шешімдердің тиімділігіне кесірін тигізеді.
Үкімет ел ішіндегі және шетелдегі көші-қон ағымының есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізуге тиіс.
Ішкі және сыртқы көші-қон үдерісінің бақылаусыз қалуы жұрттың бәрі тұрғысы келетін ірі қалаларымыздың инфрақұрылымына орасан салмақ түсіріп отыр.
Астана – соның айқын мысалы.
Соңғы үш жылдың өзінде елорда тұрғындарының саны 250 мыңнан астам адамға, соның ішінде былтыр 100 мың тұрғынға көбейді. Биылғы өсім онсыз да жоғары саналатын осы көрсеткіштен асып түсуі мүмкін.
Елордада халық саны ресми түрде 1,5 миллион адам болғанымен, оның инфрақұрылымы іс жүзінде күн сайын 1,9 миллион адамға қызмет көрсетеді.
Басқаша айтсақ, Астана 400 мыңнан астам адамға, яғни халық саны бойынша орташа қала саналатын тағы бір шаһардың тұрғындарына пара-пар жұртқа ешқандай жоба-жоспарсыз қызмет етіп жатыр.
Сондықтан қаланы сумен және жылумен қамтамасыз ететін жүйелердің үздіксіз жұмысына қауіп төніп тұр.
Астанада 2022 жылдан бері мұқтаж жандарға 7 мыңға жуық пәтер, соның ішінде көп балалы отбасыларға 1380, жетім балаларға 835, ерекше қажеттілігі бар адамдарға 665 пәтер берілді.
Кейбір облыс әкімдері корпоративті салықтан түскен қаражатты көше бойындағы тас тақтайшалар салу сияқты тиімсіз жобаларға шашудан әріге бармайды. Әрине, содан соң жұрт әлеуметтік қызметтері мен жеңілдіктері бар Астанаға қарай ағылады.
Мұндай ахуал күрделі мәселелер туындауына әкеп соқтырады. Қалада әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы жандардың саны бірнеше есе артқан, әлеуметтік қолдауға арналған шығындар да бюджет кірісінен жылдамырақ өсіп жатыр. Ал әлеуметтік міндеттемелердің үлесі тым артып барады.
Мектеп инфрақұрылымы қазірдің өзінде шамадан тыс жұмыс істеп, шатқаяқтап тұр. Жыл сайын 15 мектепке дейін салу қажеттігі туындап жатыр.



Comments