top of page

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйледі, «Замануи білім беру» журналы Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйледі

Мемлекет басшысы бүгінгі тарихи кездесуді ұйымдастыруға бастамашы болғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичиге алғыс айтты:


«Даму деңгейі тұрғысынан бірегей мегаполис саналатын Токиода ұйымдастырылған маңызды форумға қатысу Қазақстан, тіпті тұтас Орталық Азия үшін айтулы уақиға деп ойлаймын. "Орталық Азия – Жапония" диалогын құру туралы бастаманы жапон тарапы, соның ішінде бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучи көтерген еді. Мұның символдық мәні зор. Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы жиын 2004 жылы Астанада өтті. Бұл Орталық Азия елдері мен өзге де ірі мемлекеттер арасында осы тектес платформаларды құруға үлгі болды», – деді Қазақстан Президенті.

 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мұндай саммиттер Орталық Азияның халықаралық деңгейдегі орны күшейіп, жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқара бастағанын көрсетеді.

 

«Қазақ жұрты жапон халқының тарихына, салт-дәстүрі мен мәдениетіне әрдайым құрметпен қарайды. Күншығыс елінің келісім, ұстамдылық, даналық секілді құндылықтарға құрылған философиясы қазақ халқының дүниетанымына сай келеді. VII ғасырдың өзінде Сётоку ханзада үйлесімді ең биік құндылық ретінде атап, бірлік пен ынтымаққа үндеді. Сол тұста Жапония "Рэйва" – "Керемет үйлесім" дәуіріне қадам басты. Жапонияның Орталық Азия елдерімен байланысы ежелгі Ұлы Жібек жолынан бастау алады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы Токионың Орталық Азия елдерімен жасанды интеллект саласы бойынша тың серіктестік орнату жөніндегі бастамасына қолдау білдірді:

 

«Цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту саласында ынтымақтастық орнату өте өзекті. Жапондық инновациялар сапа, сенімділік және жоғары технология тұрғысынан кеңінен танымал. Қазақстан цифрлық мемлекетке айналу жолына түсті. Осы мақсатта Аlem.ai. халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Биыл еліміз америкалық технологиялар базасында екі суперкомпьютерді іске қосты. Келесі жылы өнеркәсіп, мемлекеттік сектор, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру салаларын цифрландыруға бағытталған Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыруды бастаймыз. Осылайша, Қазақстанда жасанды интеллекті мен цифрлық технологияларды одан әрі дамыту үшін оңтайлы жағдай жасалады.

 

Бұл ретте біз Токионың Орталық Азия елдері мен Жапония арасында жасанды интеллект саласы бойынша тың серіктестік орнату жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Аталған платформаны Орталық Азиядағы ең ірі ІТ-стартап Astana Hub және қажетті инфрақұрылымы мен халықаралық экожүйесі бар Аlem.ai орталығының базасына орналастыруды ұсынамыз».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жапон университеттері мен білім орталықтарының бөлімшілерін ашуды ұсынды:

 

«Адам капиталы – дамудың басты қозғаушы күші. Жапония бұл формуланың дұрыстығын нақты дәлелдеді. Адам, еңбекке құрмет көрсету, ұдайы жетілуге ұмтылу, өмір бойы оқу, өскелең ұрпаққа білім беру – Сіздің мемлекетіңіздің артықшылығы. Қазақстан білім саласын белсенді дамытып жатыр. Әсіресе, шетелдік серіктестерімізбен бірге осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Елімізде шет мемлекеттердің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары табысты қызмет етуде.

Жапонияға Қазақстанда университеттер мен білім орталықтарының бөлімшілерін ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз».

© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page