top of page

Баспасөз конференциясы: жоғары білім саласындағы негізгі реформалар талқыланды

Бүгін, 22 қаңтарда, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Жоғары білім берудің өзекті мәселелері» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 


Брифингте ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова және Ғылым комитеті төрағасының м.а. Жайық Тохтаров сөз сөйледі. Олар жоғары білім және ғылым саласындағы бәсекеге қабілетті кадрларды даярлауға, ғылыми әлеуетті дамытуға және білімнің экономикамен байланысын нығайтуға бағытталған реформалар туралы айтып берді.


Гүлзат Көбенова барлық жүргізіліп жатқан өзгерістер 2029 жылға дейінгі жоғары білім және ғылымды дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқанын және Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларына негізделгенін атап өтті. Реформалардың негізгі басымдығы мамандарды даярлау сапасына, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге және білім берудің ел экономикасы үшін практикалық тиімділігін арттыруға бағытталған.


«2025 жылы мемлекет тарапынан 93 мың білім беру гранты бөлініп, оның 99%-дан астамы толық игерілді. Қандастарға, ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарға, сондай-ақ мерзімді әскери қызметін өткерген жастарға арналған әлеуметтік және нысаналы қолдау тетіктері айтарлықтай кеңейтілді. Білімге қолжетімділікті арттырудың маңызды құралы 2025 жылы іске қосылған «Келешек» ерікті жинақтау жүйесі болды. Бүгінгі таңда 92 мыңнан астам салым ашылды, бұл ретте 5 жастағы 8 мың балаға бастапқы білім беру капиталы аударылды. Бағдарлама білім алуға жинақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған және мемлекеттік гранттарды алмастырмайды, керісінше қолданыстағы қолдау шараларын толықтырады», – деді өз сөзінде вице-министр Гүлзат Ізбасарқызы.

Бүгінде елде 8,5 мыңнан астам білім беру бағдарламасын іске асыратын 127 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Соңғы жыл ішінде бағдарламалардың 85%-ы кәсіби стандарттарды ескере отырып өзектендірілді, бұл жоғары оқу орындарына формалды «білімге негізделген» модельден еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне бағытталған құзыреттілік дайындығына көшуге мүмкіндік береді.

Кадрларды даярлауды экономика сұраныстарымен сәйкестендіру үшін «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында әзірленген Жаңа мамандықтар атластары енгізіліп жатыр. Жобаны іске асыру барысында еліміздің барлық өңірлерін, 235 мыңнан астам мектеп оқушысын және 1 800-ден астам салалық сарапшыны қамтыған ауқымды талдау және кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізілді.


Сондай-ақ БАҚ өкілдерімен кездесу барысында білім беруді цифрлық трансформациялауға және жасанды интеллектіні енгізуге ерекше көңіл бөлінетіні атап өтілді. Бүгінгі таңда 95 жоғары оқу орны ЖИ пәндерін енгізді, ал 30 университет осы салада 42 мамандандырылған білім беру бағдарламасын іске асырып жатыр. Профессор-оқытушылар құрамының жартысынан астамы ЖИ-құзыреттіліктерін дамыту бойынша оқудан өтті.


OpenAI компаниясымен жасалған меморандум аясында 2025 жылдан бастап 165 мың педагогке ChatGPT Edu тегін лицензиялары беріледі. Бұл академиялық этика принциптерін қатаң сақтай отырып, күнделікті процестерді автоматтандыруға, білім беру траекторияларын дербестендіруге және оқыту сапасын арттыруға мүмкіндік береді.


Қазақстандық жоғары оқу орындары халықаралық аренада да позицияларын нығайтып келеді. QS-2026 жаһандық рейтингінде еліміздің 20 университеті ұсынылған, ал Times Higher Education рейтингінде қатысушы жоғары оқу орындарының да саны артты. Бұл ұлттық жоғары білім беру жүйесінің сапасы мен ашықтығының артқанын дәлелдейді.

Жоғары білімді интернационалдандыру жұмыстары белсенді жалғасуда. Қазіргі уақытта Қазақстанда 35 мыңға жуық шетелдік студент оқиды, 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға дейін жеткізу жоспарланған. 2026 жылы шетелдік талапкерлер үшін жоғары оқу орындары, білім беру бағдарламалары және оқуға түсу шарттары туралы ақпаратты біріктіретін Study in Kazakhstan цифрлық платформасы іске қосылады.


Брифингті қорытындылай келе, вице-министр Қазақстанның жоғары мектебі бүгінде тек кадр даярлау орталығы ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілік, патриотизм және ұлттық құндылықтарды қалыптастыру кеңістігіне айналып отырғанын атап өтті. Жүзеге асырылып жатқан реформалар елдің тұрақты дамуының негізін, яғни білімді, әлеуметтік жауапты және бәсекеге қабілетті азаматарды тәрбиелеуге бағытталған.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page