Сейфуллин университетіне шейх Салах Ибрагим Әл Нассер бастаған делегация келді
- Редакция "СО"

- Jun 30
- 2 min read
2024 жылғы 24 маусымда Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне Exim Finance директорлар кеңесінің төрағасы шейх Салах Ибрагим Әл Нассер келді. Сапардың мақсаты – университеттің техникалық базасымен және ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерімен танысу.

Сапар Exim Finance компаниясы қаржыландыратын, зиянды өндіріс салаларындағы (кеншілер, металлургтер, шахтерлер) жұмысшыларға арналған минералдандыру технологиясын қолданатын құрғақ сүт өндіретін зауыт салу жөніндегі инвестициялық жоба аясында өтті. Бұл жобада Сейфуллин университетінің рөлі – қазіргі заманға сай кадрлар даярлау мен тағам технологиясы және агроинновациялар саласындағы қолданбалы ғылыми әзірлемелерді іске асыруды қамтитын ғылыми сүйемелдеу.
Сапары аясында қонақтар университеттің студенттері мен оқытушыларының жетістіктері мен стартап жобаларынан құралған көрмемен танысып, егіншілік және 3D-визуализация зертханасына, сондай-ақ робототехника мен мехатроника бағытындағы зертханаларға барды. Сапар барысында делегаттар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеуге арналған ғылыми-эксперименттік платформа мен агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бағытындағы технологиялық құзырет орталығында болды.

Делегаттарға университет қызметі мен бірқатар ғылыми жобалар таныстырылды. Шейх Салах Ибрагим Әл Нассер университеттің ғылыми-техникалық базасының инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы бірегей мүмкіндіктерін ерекше атап өтті. Салтанаты шарада Сейфуллин университетінің үздік студентіне Дубайдағы Exim Finance халықаралық қаржы орталығына бару және қалаға экскурсия жасау үшін сертификат табыстады. Бұл жетістікке бірінші курс магистранты Қаламқас Даирова ие болды.

Өз кезегінде университет ректоры БАӘ қонағына университеттің дамуына қосқан үлесі үшін Сәкен Сейфуллин медалін табыс етті.
Айта кетейік, минералдандыру технологиясы қолданылатын құрғақ сүт өндіретін зауыт Астанадан бес шақырым жердегі «Қоянды» жеке индустриялық аймағында орналасады. Іске қосу 2025 жылдың соңына жоспарланған, ал жобалық қуатқа шығу – 2027 жылға белгіленген. Жабдықтарды хорватиялық Sinitech Industries компаниясы жеткізеді, ал өндіріс қазақстандық Agro Holding Bayan компаниясының патенттелген технологиясына негізделген. Өнімдер Қазақстан нарығына да, сондай-ақ ЕАЭО, ЕО, Африка, Қытай, БАӘ және Түркия елдеріне экспорттауға бағытталған.

Кездесу аясында «AGRO HOLDING BAYAN» ЖШС мен Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.Меморандумның негізгі мақсаты — білім беру саласындағы өзара ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу, студенттердің өндірістік практикадан және тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік жасау, сондай-ақ дуалды оқыту жүйесін енгізу арқылы заманауи мамандар даярлау.



Comments