top of page

Техникалық мамандар даярлау жүйесіндегі жаңашылдық


Америкалық өнертапқыш Томас Эдисон: «Кемеңгер болу – бір пайыз шабыт пен тоқсан тоғыз пайыз еңбекті талап етеді» деген екен. Бұл нақыл дәнекерлеу ісін игерген кәсіби маманның болмысына дәл келеді. Себебі дәнекерлеуші – металмен жұмыс істейтін қарапайым жұмысшы ғана емес, ол – дәлдік пен ұқыптылықты, табандылық пен техникалық сауаттылықты ұштастыратын нағыз еңбек адамы. Қазіргі таңда Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде осы бағытқа ерекше назар аударылып отыр. Әсіресе, елордадағы «Техникалық колледж» бұл мамандықты оқытуда заманауи үрдістерді тиімді енгізіп, болашақ мамандарды кәсіби ортаға дайындаудың үздік үлгісін көрсетіп келеді.


Бүгінде дәнекерлеу ісі – тек зауыт ішіндегі қарапайым қызмет емес, ол – инфрақұрылым, құрылыс, көлік, энергетика сияқты экономиканың маңызды салаларының қозғаушы күшіне айналған техникалық бағыт. Астана қаласында жүргізіліп жатқан ірі құрылыс жобалары, энергетикалық инфрақұрылым мен өнеркәсіптік кәсіпорындар білікті дәнекерлеушілерге жоғары сұраныс туындатуда. Қазіргі таңда елордада дәнекерлеушілерді қажет ететін жүзге жуық кәсіпорын бар. Солардың қатарында «Welding Company», «ESAB Қазақстан», «Astana Kurylys», «QazMetalConstruct» секілді өндірістік құрылымдар бар. Осы сұранысқа сай, «Техникалық колледж» білім беру мазмұнын, әдіс-тәсілдерін, технологиялық базасын үнемі жаңартып, студенттерді нақты еңбек нарығына бейімдеуде.

Колледжде дәнекерлеуші мамандығын оқыту дәстүрлі теория мен нақты өндірістік тәжірибені ұштастыра отырып жүргізіледі. Соңғы жылдары енгізілген маңызды өзгерістің бірі – дуальды оқыту жүйесі. Бұл тәсіл студенттердің аптаның 2-3 күнін кәсіпорын базасында өткізуін, шынайы өндірістік ортада кәсіби машықтарын дамытуын қарастырады.

Аталған жүйе бойынша білім алушылар «Welding Company», «Astana Kurylys», «ESAB Kazakhstan» сияқты серіктес кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді. Кейбір компаниялар тәжірибе барысында айына 50 000-80 000 теңге көлемінде еңбекақы да төлейді.

Бұл студенттерге кәсіби тәжірибе жинақтап қана қоймай, еңбек нарығында ертерек орнығуға мүмкіндік береді.



Колледжде дәнекерлеу ісін үйретуде қолданылуға жоспарланып жатқан тағы бір жаңашыл әдіс – виртуалды дәнекерлеу жаттықтырғыштарының енгізілуі көзделді.

Еще одним инновационным методом, который планируется использовать при обучении сварочному делу в колледже, предусмотрено внедрение виртуальных сварочных тренажеров.

Қазіргі таңда оқу орны Испанияда өндірілген Seabery Soldamatic және АҚШ-та жасалған Miller AugmentedArc атты заманауи жаттықтырғыштарды сатып алуды жоспарлап отыр.

Бұл құрылғылар студенттерге өндірістік жағдайды қауіпсіз ортада модельдеп, дәнекерлеу әдістерін шынайыға жақын виртуалды форматта үйренуге мүмкіндік береді. Seabery Soldamatic AR технологиясының көмегімен студентке нақты доға, жылдамдық, қозғалыс траекториясы мен дәнекерлеу сапасы бойынша цифрлық кері байланыс береді. Ол MIG, TIG, Stick секілді негізгі әдістерді қамтиды және қауіпсіздік техникасын бұзбай оқуға мүмкіндік береді. Студенттер бұл жаттықтырғышпен 1-курстың екінші семестрінен бастап жұмыс істей бастайды, ал нақты металмен тәжірибе 2-курстан бастап іске асады.

Техникалық колледждің материалдық-техникалық базасы да дәнекерлеу ісін сапалы оқытуға толықтай сәйкес келеді.

Шеберханаларда заманауи дәнекерлеу аппараттары, металл кесу құралдары, желдету және қауіпсіздік жүйелері халықаралық стандарттарға сай орнатылған.

Мұндай жағдай студенттердің өндірістік ортаға бейімделуін жеңілдетеді. Сонымен қатар, колледжде тәжірибелі инженер-педагогтер қызмет атқарады. Олар тек кәсіби шеберлікпен ғана емес, жаңа оқыту әдістемелерімен де қаруланған мамандар. Оқу жоспары еңбек нарығындағы өзгерістерге қарай үнемі жаңартылып отырады.

Оқытудың тағы бір ерекшелігі – модульдік білім беру құрылымы. Бұл жүйе білім алушыларға жеке оқу траекториясын жасап, оқу қарқынын өз қабілетіне сай бейімдеуге мүмкіндік береді. Әр модуль нақты бір дағдыны меңгеруге бағытталады, мысалы: металл құрылымын тану, дәнекерлеу тәсілдерін игеру, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау. Модуль аяқталған соң студент емтиханнан өтіп, келесі деңгейге өтеді. Бұл жүйе оқытушы мен білім алушы арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтіп, оқу барысындағы серіктестікті нығайтады.

Колледждің студенттері кәсіби шеберлігін тек оқу үдерісінде ғана емес, түрлі байқаулар мен чемпионаттарда да дәлелдеуде.

2022 жылы өткен WorldSkills Astana чемпионатында «Техникалық колледждің» дәнекерлеу бағыты бойынша студенті Бостан Әлішер күміс жүлде иеленді. Ал WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионатында студенттер төрт түрлі модуль бойынша – қолмен, MIG/MAG, TIG әдістерімен дәнекерлеу және визуалды сапа бақылауы секілді тапсырмаларды орындап, жоғары нәтиже көрсетті.


Қазіргі өндіріс автоматтандыру мен интеллектуалды технологияларға бет бұрған шақта дәнекерлеу ісі де жаңа деңгейге көтерілуде. Қазақстандағы «Қазақмыс», «ArcelorMittal Temirtau», «Астана Бизнес Строй» сияқты кәсіпорындар роботталған дәнекерлеу жүйелерін енгізіп, өндіріс тиімділігін арттыруда. Колледж бұл үрдісті назардан тыс қалдырмай, оқу бағдарламасына интеллектуалды жүйелерді, автоматтандырылған дәнекерлеу жабдықтарын, роботталған процестерді таныстыруды енгізген. Бұл түлектерге заманауи өндірістің талабына сай бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуға жол ашады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің көптеген сөзінде жұмысшы мамандықтардың ел экономикасының тірегі екенін атап өткен болатын. Оның айтуынша, сапалы техникалық кадрлар даярлау – индустрияландыру саясатының табыс¬ты жүзеге асуының басты кепілі.

Президент: «Жұмысшы мамандық – тек қарапайым еңбек қана емес, ол – ел экономикасының негізі, өндірістің жүрегі. Бізге тек теориялық білім емес, нақты еңбек тәжірибесі бар кәсіби мамандар қажет»,

– деп бірнеше рет нақты атап өтті.

Бұл ой – «Техникалық колледждің» дәнекерлеу ісі бойынша мамандар даярлауда ұстанған бағытына толық сәйкес келеді. Мұнда білім беру тек бір мамандықты үйренумен шектелмейді, болашақ маманға деген көзқарасты, еңбекке құрметті, кәсіби жауапкершілікті қалыптастырудың кешенді жүйесі іске асырылады.

Колледж қабырғасынан шыққан түлек тек дәнекерлеу шебері ғана емес, өз кәсібіне адал, еңбекке құрметпен қарайтын, заманауи өндіріс талабына сай икемделе алатын жоғары деңгейдегі техникалық маман ретінде қалыптасады. Заманауи техникалық база, дуальды оқыту, виртуалды симуляция, модульдік құрылым және тәжірибелі педагогтердің үйлесімді жұмысы – осының бәрі ел болашағын жасайтын кәсіби мамандарды сапалы даярлаудың нақты дәлелі.

Бүгінгі дәнекерлеуші – тек темірді емес, елдің экономикалық болашағын байланыстырып тұрған басты тұлға. Астана қаласының «Техникалық колледжі» – осындай кәсіби шеберлердің мектебі ретінде техникалық және кәсіптік білім берудегі үздік тәжірибелерді іске асырып келеді. Бұл – еңбек адамына деген құрметтің, жаңашылдыққа деген ұмтылыстың және ұлттық кадр әлеуетін дамытуға бағытталған нақты қадамның көрінісі.


Әсем АЛТЫНОВА

 

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page