«Ғылым және білім эндаумент-қоры» Корпоративтік нысаналы капитал қоры Қамқоршылық кеңесінің алғашқы отырысы өтті
- Редакция "СО"

- 4 hours ago
- 2 min read
5 желтоқсанда «Ғылым және білім эндаумент-қоры» Корпоративтік нысаналы капитал қоры Қамқоршылық кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Қор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым мен білімді мемлекеттік емес қаржыландырудың тұрақты тетіктерін дамыту және білім экономикасын қалыптастыруға бизнестің қатысуын кеңейту жөніндегі тапсырмалары мен стратегиялық бағытына сәйкес құрылды, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Министрлік әзірлеген «Нысаналы капитал және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы» ҚР Заңы 2025 жылы қабылданып, еліміздің ғылыми-білім беру саласына эндаумент моделін енгізуге заңды негіз қалады. Министрлік бұл бастаманың дамуына сараптамалық серіктес ретінде қатысып, Қордың тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Бұл мемлекеттік бағдарламалар мен ғылым-білім беру саласының басымдықтарын Қор қызметімен үйлестіру арқылы жүзеге асады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде қордың құрылуы Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалардың тікелей нәтижесі екенін атап өтті. Бұл – дамудың басты көзі бір ғана бюджет емес, мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен күш-жігері болып саналатын білім экономикасына көшу жолындағы маңызды қадам.
«Елімізде алғаш рет эндаумент-қорлардың қызметін реттейтін заманауи құқықтық база қалыптасты. «Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар туралы» ҚР Заңы ғылыми зерттеулерді, университеттік экожүйелерді, кадр даярлауды, инновациялар мен әлеуметтік жобаларды дамытуға жеке инвестицияларды тартуда жаңа мүмкіндіктер ашады. Жаңа қордың құрылтайшысы болған Alageum Electric компаниясы жаңа құқықтық модельдің әлеуетін алғашқылардың бірі болып қолданып, ірі эндаумент-қор қалыптастыру туралы шешім қабылдады. Бұл корпоративтік және әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары деңгейін, сондай-ақ адами капиталға инвестиция салудың стратегиялық маңызын терең түсінуді көрсетеді», – деді министр.
Отырыс барысында Қордың қолдау бағдарламаларын іске қосудың алғашқы қадамдары белгіленді. Басым бағыттар ретінде жас ғалымдар мен талантты студенттерді қолдау, зертханалар мен инженерлік мектептер құру, инновациялық жобаларды және университеттік экожүйелерді дамыту, Қазақстанда ұзақ мерзімді меценаттық және қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру сияқты бағыттар айқындалды.
Қордың құрылтайшысы – Қазақстанның жетекші электр машина жасау холдингі «Alageum Electric» компаниясы. Осы жобаны қолдай отырып, компания білім мен ғылымды дамыту, стартаптарды және жас ғалымдарды қолдау, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу, инженерлік әлеуетті нығайту, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, өнеркәсіпті дамыту және Қазақстанның тұрақты өркендеуіне үлес қосу стратегиясын жалғастырмақ.
Қамқоршылық кеңесінің шешімімен Кеңес төрағасы болып «Alageum Electric» компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ильясов сайланды, ал қор директоры қызметіне Заңның бірлескен авторларының бірі Тимур Макенов тағайындалды.
Сонымен қатар отырысқа қатысушылар Қазақстан эндаумент-қорлар қауымдастығын құру мүмкіндіктерін талқылады. Бұл ұйым болашақта стандарттау, әдістемелік қолдау және ғылым мен білім беру саласына жеке инвестицияларды дамыту орталығына айнала алады.
«Ғылым және білім эндаумент-қоры» жаңа құқықтық режим аясында құрылған алғашқы корпоративтік қорлардың бірі және елдің болашағына жүйелі инвестициялар салуға бизнестің өсіп келе жатқан қызығушылығын көрсетеді. Министрлік Қордың іске қосылуын ғылыми экожүйені қаржыландырудың тұрақты моделін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам деп санайды және бұл бастама басқа компаниялар мен институттарға үлгі болады деп күтеді.



Comments