top of page

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова алматылықтармен кездесті

17 сәуірде Абай атындағы ҚазҰПУ-да ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Ринатқызы Щеглова Алматы қаласының тұрғындарымен кездесіп, ғылым мен жоғары білім саласын жаңғыртуға бағытталған мәселелер бойынша ашық пікір алмасты. Кездесу шынайы диалог форматында өтті – сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылып, нақты жауаптар берілді, деп хабарлайды «Заманауи білім» журналы Аbai University медиаорталығына сілтеме жасап.


Вице-министр науки и высшего образования Динара Щеглова встретилась с алматинцами

Вице-министр өз сөзінде еліміздің 2023–2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы кезең-кезеңімен іске асып жатқанын атап өтті. Құжат 21 нысаналы индикатор мен 144 нақты іс-шараны қамтиды.


«Жоғары білім мен ғылым – елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі күш. Біз білім беру жүйесін еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкестендіріп, ғылыми әлеуетті нығайтуға басымдық беріп келеміз», – деді Динара Ринатқызы.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда елімізде 122 жоғары оқу орны жұмыс істейді, 724 мыңнан астам студент білім алуда. Биылғы 2025-2026 оқу жылында 93 232 грант бөлінген, оның ішінде бакалавриатқа 77 мыңнан астам, магистратураға 13 мыңнан астам, докторантураға 2919 грант қарастырылған. Педагогикалық және әлеуметтік ғылымдарға 300 сараланған грант бөлінді. Шәкіртақы мөлшері бакалавриатта екі есеге, магистратура мен докторантурада 1,75 есеге өсті. Педагогикалық және әлеуметтік ғылымдар үшін сараланған гранттар енгізіліп, өндірістік компаниялармен бірлескен «индустриялық PhD» бағдарламасы қолға алынды.



Динара Ринатқызы Мемлекет басшысының жоғары білімді қаржыландырудың жаңа моделін енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын және оның 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізілетінін жеткізді. Бұл модель университеттердің рейтингі мен бағдарламаларының сапасын ескеріп, мемлекеттік тапсырысты әділетті бөлуге мүмкіндік бермек.


Кездесу барысында кадр даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды. Ауқымды сауалнама нәтижесіне сәйкес, алдағы жылдары елге 400 мыңнан астам маман қажет, оның 45 пайызы – жоғары білімді кадрлар. Осыған байланысты «Мамандығым – болашағым» жобасы іске қосылып, өңірлік еңбек нарығына қажетті мамандықтардың жаңа картасы әзірленді. Инженерлік білім берудің ұлттық моделі қайта қаралып, пәнаралық бағдарламалар, студенттердің ерте кәсіби сертификат алуы және жасанды интеллект бағытындағы жаңа мамандықтар енгізу жоспарда бар.


«Технологиялық өзгерістер өте жылдам. Сондықтан білім беру бағдарламалары осы қарқынға сай болып, студенттерге заманауи құзыреттер беруі қажет», – деп атап өтті Динара Ринатқызы.

Вице-министр науки и высшего образования Динара Щеглова встретилась с алматинцами

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда жоғары білімді интернационалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Шетелдік университеттермен стратегиялық әріптестік кеңейіп, олардың филиалдарын ашу қарқынды дамып отыр. Қазіргі таңда 40 әріптестік іске қосылып, оның 33-і филиал, франшиза және бірлескен бағдарламалар форматында жүзеге асқан. Филиалдарда 9 мыңға жуық студент білім алып, 1200-ден астам оқытушы қызмет етеді. 2025 жылы бірқатар шетелдік университеттердің жаңа филиалдары ашылды.


Студенттердің жатақхана мәселесі де шешімін тауып, соңғы жылдары 314 жатақхана пайдалануға беріліп, 72 мыңнан астам орын қосылған. Алматыдан басқа барлық өңірде жатақхана тапшылығы жойылды.


Ғылым саласындағы өзгерістер де көңіл қуантады. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданған соң ғылыми қаржыландыру 42 пайызға өсті, жас ғалымдардың жалақысы бірнеше рет артып, 656 жас зерттеуші баспанаға ие болды. Бес университет зерттеу университеті мәртебесін иеленген. Ғылыми жобалардың 36,4 пайызы өндіріске енгізіліп, бюджетке 11,5 млрд теңге салық түсірген және 2500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған. Осы орайда вице-министр ғылымға бағытталған әрбір қаражат елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.


Вице-министр науки и высшего образования Динара Щеглова встретилась с алматинцами

Кездесуде цифрлық трансформация мәселесі де кеңінен талқыланды. «AI-Sana» бағдарламасы аясында жүздеген мың студент жасанды интеллект негіздерін меңгерген. «AI-Sana» бағдарламасымен қатар Huawei Technologies Kazakhstan, Coursera, NVIDIA, Binance Kazakhstan, OpenAI сынды әлемдік компаниялармен тығыз ынтымақтастық орнатылды. 671 мыңнан астам студент ЖИ негіздерін меңгеріп, 80 жоғары оқу орнында 308 жасанды интеллект агенті енгізілген. Huawei компаниясымен 48 университетте Huawei ICT Academy құрылды, NVIDIA-ның DLI жобасына 12 жоғары оқу орны қатысуда. OpenAI-дың ChatGPT Edu сервисі арқылы профессор-оқытушылар құрамына 62 800 лицензия бөлінді.


Мемлекеттік тілдің ғылым тілі ретіндегі рөлі де назардан тыс қалмады. Қазақ тіліндегі ғылыми контентті арттыру, терминологияны жетілдіру және тілдік цифрландыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.


Іс-шара соңында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, гранттарға қолжетімділік, жас ғалымдарды қолдау, білім беру жүйесін цифрлық форматқа көшіру мәселелері бойынша ұсыныстарын білдірді. Әрбір өтініш жеке қаралып, азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды.

 



Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page