Ғылым және жоғары білім министрі Жетісу университетінің қабылдау комиссиясының жұмысымен танысты
- Редакция "СО"

- Jul 17
- 1 min read
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне жұмыс сапарымен келді. Министрді университеттің басқарма төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев қарсы алып, оқу ордасындағы қабылдау комиссиясының жұмысымен таныстырды.

Ведомство басшысы әр факультет бойынша құжат қабылдаушы мамандармен жеке-жеке тілдесті.
Дене шынықтыру және өнер факультеті бойынша талапкерлердің құжатын қабылдаушы жауапты маман Марал Жұмабаева министрге қабылдау комиссиясының жұмысы туралы жан-жақты мәлімет берді. Ол құжаттарды тіркеу мен өңдеу барысында қолданылатын электрондық жүйе бойынша қалай жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетті.
Сондай-ақ, министр университет ауласын аралап, талапкерлер мен ата-аналарға жасалған жағдайлармен танысты. Ол университет аумағына арнайы тігілген шатырларды, қосымша қойылған орындықтар мен ауызсу қондырғыларын көрді.
Саясат Нұрбек жоғары білім алуға ниетті талапкерлер санының жылдан-жылға артып келе жатқанын ерекше атап өтіп, жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын дамыту мен студенттерге қолайлы орта қалыптастыру – ел дамуының басты алғышарттарының бірі екенін айтты.
Жетісу университетінде талапкерлерге қызмет көрсету жұмысы талапқа сай ұйымдастырылған. Қабылдау комиссиясының құрамында 30 техникалық қызметкер жұмыс істеуде. Олар талапкерлердің құжаттарын қабылдап, кеңес беру және техникалық қолдау қызметтерін үздіксіз көрсетіп отыр.
Құжат қабылдау жұмыстары күнделікті сағат 8:00-ден 19:00-ге дейін жүргізіледі. Қызметкерлер жұмыс кестесіне сәйкес, өтініш білдірген барлық талапкерлерді қамтып, құжаттарын уақытылы қабылдауда.

Құжат қабылдауда электронды кезек жүйесі енгізілген. Талапкерлер арнайы талон арқылы өз кезектерін алдын ала белгілеп, құжаттарын тапсырып жатыр. Бұл үздіксіз қарбаласты болдырмауға, талапкерлердің уақытын үнемдеуге және қызмет сапасын арттыруға бағытталған тиімді шешім.
Министр құжат қабылдау жұмысының ашық әрі тиімді ұйымдастырылуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.



Comments