top of page

«Ғылым ордасында» ортағасырлық түркі әлеміндегі ат мәдениетінің феномені талқыланды

31 minutes ago
2 min read

2026 жылғы 21–22 қыркүйек күндері Ғылым ордасында «Орта ғасырлардағы түркі мәдениетіндегі салт аттылық феномені» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Халықаралық ғылыми жиынға түркі халықтарының тарихы, дәстүрі мен мәдени мұрасын зерттеп жүрген отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.

 

Конференцияның негізгі мақсаты – орта ғасырлардағы түркі әлемінің ат мәдениетін маңызды тарихи-мәдени феномен ретінде кешенді зерттеу, жылқы мен салт аттылықтың түркі халықтарының әскери жүйесіндегі, қоғамдық өміріндегі және мәдени мұрасындағы рөлін айқындау, сондай-ақ осы тақырыпты зерттеудегі заманауи пәнаралық тәсілдерді талқылау.

 

Конференция жұмысына қазақстандық ғалымдармен қатар Түркия, Иран және Өзбекстаннан келген тарихшылар, археологтар, этнологтар, филологтар, өнертанушылар және басқа да сабақтас ғылыми бағыттардың мамандары қатысты. Ғылыми басқосуға «Ғылым ордасы», İstanbul Üniversitesi, İstanbul Yeni Yüzyıl Üniversitesi, Piri Reis Üniversitesi, Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының, Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының және басқа да ғылыми-білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

 

Конференция барысында орта ғасырлардағы түркі әлемінің ат мәдениеті жазба, археологиялық, этнографиялық, фольклорлық және тарихи-мәдени деректер негізінде жан-жақты қарастырылды. Зерттеушілер дәстүрлі түркі қоғамындағы жылқының орнын, оның әскери іс пен билік жүйесіндегі маңызын, жылқы шаруашылығы мен салт аттылық өнерінің даму ерекшеліктерін, сондай-ақ Еуразия мен Таяу Шығыс халықтары арасындағы мәдени және практикалық өзара байланыстарды талқылады.

 

Жазба мұраға да ерекше назар аударылды. Қатысушылар «Құтадғу білік» шығармасындағы ат мәдениетіне, ортағасырлық араб және түркі жазба ескерткіштеріне, фурусийя өнеріне, әскери-атшылық дәстүрлерге, қыпшақ текті мәмлүктердің әскери өнері мен ат ойындарына арналған зерттеулерін таныстырды. Сонымен қатар сопылық дәстүр мен салт аттылық мәдениетінің Селжүк Анадолысындағы өзара байланысы, Қашқай түркілерінің атқа қатысты дәстүрлері және салт аттылық феноменінің Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі көрінісі сөз болды.

 

Конференцияның кең географиялық және хронологиялық ауқымы ат мәдениетінің тарихына қатысты сан алуан мәселелерді қарастыруға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, ежелгі Ферғананың қытай жазба деректерінде сипатталған әйгілі «аспан аттары», «Түзүкат-и Темури» еңбегіндегі атты әскер мен әскери-саяси дәстүр, Жошы ұлысының Еуропа жорықтарындағы әскери фактор, сондай-ақ түркі халықтарының ат әбзелдері, әскери жарақтары және олармен байланысты дәстүрлер туралы баяндамалар ұсынылды.

 

Ғылыми пікірталастың елеулі бөлігі эпикалық, фольклорлық және көркем мұрадағы жылқы бейнесіне арналды. Зерттеушілер «Алпамыс батыр» және «Құламерген» эпостарындағы ат бейнесінің көркемдік қызметін, қазақ дастандары мен күйлеріндегі жылқы образын қарастырып, оның дәстүрлі мәдениеттегі символдық мәнін және атқа қатысты дәстүрлердің тарихи-мәдени сабақтастығын талдады. Сондай-ақ зооморфтық символикаға және жылқы бейнесінің түркі халықтарының дүниетанымындағы орнына ерекше назар аударылды.

 

Осылайша, конференция бағдарламасы жылқы шаруашылығының тарихы, әскери өнер, фурусийя және ат әбзелдерінен бастап, жазба мұра, эпикалық дәстүр, өнер және түркі мәдениетіндегі жылқының символдық қабылдануына дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтыды. Кездесудің пәнаралық сипаты әртүрлі дереккөздер мен ғылыми бағыттардағы мәліметтерді өзара салыстырып, Еуразияның ат мәдениетін одан әрі зерттеудің перспективаларын айқындауға мүмкіндік берді.

 

Екі күндік конференция қорытындысы бойынша ұсынылған зерттеулер мен алдағы ғылыми ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Конференция қатысушыларына сертификаттар табысталды.

 

Халықаралық конференция жылқы мен салт аттылықтың түркі өркениеті тарихындағы рөлін зерттеу мәселелері бойынша кәсіби ғылыми пікір алмасуға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды. Ғылыми басқосу жаңа зерттеу нәтижелерімен тәжірибе алмасуға және қазақстандық әрі шетелдік ғалымдар арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға ықпал етті. Сонымен қатар конференция түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын кешенді зерттеуде жазба, археологиялық және фольклорлық деректердің маңызын айқындай түсті.

 



Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page