top of page

Қазақстанның жоғары оқу орындары Стамбулдағы Going Global 2026 конференциясына қатысты

6 hours ago
2 min read
Қазақстан жоғары оқу орындары Стамбулдағы Going Global 2026 конференциясына қатысты

17-19 қараша аралығында Стамбулда Британ кеңесінің жоғары білім мәселелері жөніндегі өңірлік конференциясы – Going Global 2026 өтті. Оны Түркия Жоғары білім кеңесімен бірлесіп ұйымдастырды. Талқылаудың басты тақырыбы Орталық Азия, Түркия және Оңтүстік Кавказдағы жоғары білімнің болашағы болды. Конференцияға Ұлыбританиядағы білім беру секторының көптеген ұйымдары мен мекемелері қатысты.


Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2025-2026 оқу жылында елде 116 жоғары оқу орны мен 678 100 студент болды. Қазақстан жоғары оқу орындарының басшылары – Назарбаев Университетінің, Қазақстан-Британ техникалық университетінің, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің өкілдері Британ кеңесімен бірге жоғары білім жүйесінің тұрақтылығы, білім сапасын қамтамасыз етудің және университеттерді басқарудың сенімді тетіктері, сондай-ақ ұлттық білім жүйелерін нығайтудағы және білім беру реформаларын ынталандырудағы трансұлттық білім мен халықаралық серіктестіктің рөлі туралы талқылауларға қатысты. Панельдік сессияларда институционалдық тұрақтылық, жасанды интеллект, түлектердің жұмысқа орналасуы, сапаны қамтамасыз ету, теңдік пен инклюзия, сондай-ақ халықаралық академиялық серіктестіктердің өзгеріп келе жатқан сипаты сияқты өзекті мәселелер қаралды.


Қазақстан жоғары оқу орындары Стамбулдағы Going Global 2026 конференциясына қатысты

Қазақстанның Going Global конференциясына қатысуына пікір білдірген Британ кеңесінің Қазақстандағы директоры Роберт Тэйлор былай деді:

«Қазақстан өзінің жоғары білім жүйесін одан әрі дамыту мен интернационалдандыруда әсерлі амбиция танытып отыр. Стамбулдағы Going Global сияқты алаңдар маңызды рөл атқарады, өйткені олар мемлекеттік органдардың өкілдерін, университет басшыларын және халықаралық серіктестерді біріктіріп, идеялармен алмасуға, бір-бірінің тәжірибесін зерделеуге және амбициялы жоспарларды іс жүзіндегі ынтымақтастыққа айналдыруға мүмкіндік беретін байланыстар орнатуға жағдай жасайды. Мен Going Global конференциясына Қазақстан өкілдерімен бірге қатысып отырғаныма және Қазақстанның даусы Стамбулда осыншалықты мықты естілгеніне қуаныштымын».

Қазақстан жоғары оқу орындары Стамбулдағы Going Global 2026 конференциясына қатысты

«Future skills systems: are current models fit for purpose?» – «Болашақ дағдылар жүйелері: қазіргі модельдер өз мақсатына сай ма?» атты панельдік сессияда Nazarbayev University академиялық жоспарлау және бюджет жөніндегі вице-провосты, доктор Аида Сағынтаева сөз сөйледі.


Қазақстан тәжірибесіне сүйене отырып, ол университеттер еңбек нарығының бар сұранысына жауап берумен шектелмей, жаңа кәсіби қажеттіліктерді болжап, оларды қалыптастыруға жәрдемдесуге тиіс екенін атап өтті. Бұл тәсілді Назарбаев Университетінің инклюзивті білім беру бойынша магистрлік бағдарламасы мысалында көрсете отырып, университеттердің жаңа кәсіби қауымдастықтар құра алатынын, білім беру практикасына ықпал ете алатынын және кеңірек қоғамдық өзгерістерге жәрдемдесе алатынын айтты.


Сонымен қатар ол өмір бойы оқудың, микробіліктіліктердің, жинақталатын (модульдік) біліктіліктердің, икемді білім беру траекторияларының және түлектерді тез өзгеретін кәсіби ортаға дайындау үшін университеттердің бизнеспен тығыз ынтымақтастығының маңыздылығын атап көрсетті.


Қазақстан жоғары оқу орындары Стамбулдағы Going Global 2026 конференциясына қатысты

«Конференцияда айтылған басты ойлардың бірі – интернационалдандыру қаржылық мүдделер мен институционалдық танымалдылықтан асып түсуі керек. Халықаралық серіктестік сенімге, ортақ құндылықтарға, өзара пайдаға және жергілікті білім беру экожүйелерін нығайтуға деген ұмтылысқа негізделуге тиіс. Қазақстан үшін бұл талқылаулар ерекше өзекті, өйткені ел халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтіп, жоғары білім жүйесін жаңғыртып, өңірлік білім хабы ретіндегі орнын нығайтуды жалғастырып отыр.

Конференция сандық кеңеюден нағыз институционалдық трансформацияға көшудің маңыздылығын растады, бұл жоғары білімнің сұранысқа ие, инклюзивті және тұрақты болуын қамтамасыз етеді», – деп бөлісті Аида Сағынтаева конференция аяқталғаннан кейін.


Жыл сайынғы Going Global конференциясы жоғары білімнің өңірлік және жаһандық мәселелері бойынша өзара әрекеттестік пен білім алмасу алаңы болуға, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық жастардың білім алу мүмкіндіктері мен нәтижелерін қалай жақсарта алатынын анықтауға арналған.



Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page