«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 350 грант бөледі
- Редакция "СО"

- 13 hours ago
- 1 min read
2026-2027 оқу жылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қайырымдылық бағдарламасы аясында жоғары оқу орындарында білім алу үшін абитуриенттерге 350 білім беру грантын бөлді, деп хабарлайды «Современное образование» журналы ҚР ҒЖБМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Білім беру грантына ауылдық елді мекендердің, шағын және моноқалалардың 25 жасқа толмаған (25 жасты қоса алғанда) мектеп түлектері үміткер бола алады. Олар келесі санаттардың біріне жатуы тиіс:
жетім балалар және кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
мүгедектігі бар адамдар;
мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ мүгедектігі бар ата-аналары бар балалар.
Білім беру гранты иегерлеріне оқу ақысы жылына 1 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде төленеді. Сонымен қатар, барлық оқу кезеңінде студенттерге ай сайын 60 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Шәкіртақы жазғы демалыс кезеңін қоспағанда, жыл сайын 10 ай бойы есептеледі.

Білім беру грантын алуға үміткерлердің тізімі ҰБТ-дан өткен және түсу үшін енгізілген ең төменгі шекті балл жинаған (соның ішінде шығармашылық емтихан нәтижелерін ескере отырып) абитуриенттер қатарынан жоғары оқу орны немесе оның филиалы арқылы қалыптастырылады. Шешім ЖОО конкурс комиссиясының отырыс хаттамасымен ресімделеді.
Бағдарламаға қатысушы ЖОО-лар, гранттар саны және оларды беру тәртібі туралы толық ақпарат «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ресми сайтында орналасқан – qazaqstanhalqyna.kz.



Comments