Қазақстан Үкіметі педагогтерді даярлау ісіне бақылауды күшейтеді
- Редакция "СО"

- 9 hours ago
- 2 min read
Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен білім беру жүйесі үшін кадрлар даярлау мәселесіне арналған кеңес өтті, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен білім беру жүйесі үшін кадрлар даярлау мәселесіне арналған кеңес өтті.
Кеңес жұмысына ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Асқарбек Ертаев, сондай-ақ болашақ педагогтерді даярлауға маманданған жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы педагогикалық білім беру сапасы және оған тікелей байланысты мектепке дейінгі және мектептегі оқытудағы өзекті мәселелер болды. Вице-премьерге Педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасын іске асырудың негізгі бағыттары мен нәтижелері баяндалды. Сонымен бірге ЭЫДҰ жүргізетін Халықаралық оқыту мен оқу зерттеуінің (TALIS) аясында дайындалған аналитикалық қорытындылар таныстырылды. Зерттеу кейінгі үш жылдағы педагогтерді даярлау жүйесін жаңғырту барысындағы оң өзгерістерді де, оның әлсіз тұстарын да көрсетті. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарындағы мұғалімдер мен тәрбиешілерді сапасыз даярлау фактілері мен мектеп түлектерінің жеткіліксіз дайындық деңгейі өзара байланысты мәселелер ретінде атап өтілді.
Сонымен бірге кеңес барысында функционалдық сауаттылықты арттыру, мұғалімдердің сыни ойлау мен цифрлық дағдыларын дамыту әдістемелерінен бастап, жасанды интеллектті оқу үдерісіне енгізудің нақты тетіктеріне дейінгі бірқатар мәселелер талқыланды.
Бұған қоса, бүгінгі таңда Қазақстанда бакалавриат деңгейінде педагог даярлау лицензиясы бар 52 жоғары оқу орны жұмыс істеп жатқанына қарамастан, кадр тапшылығының сақталып отырғаны ерекше атап өтілді.
Қордаланған мәселелерді еңсеру жөнінде салалық ведомстволар басшыларының көзқарастарымен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындарының басшыларының пікірлері де тыңдалды.
Өз кезегінде вице-премьер Аида Балаева қалыптасқан жағдайдың себептеріне назар аударды. Атап айтқанда, министрлік – әкімдік – жоғары оқу орны арасындағы тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоқтығын атады. Оның айтуынша, тек өзара үйлесімді және жүйелі жұмыс қана мектептерді қажетті мамандармен қамтамасыз етуге және өңірлердегі кадр тапшылығын алдын ала, тиімді түрде шешуге мүмкіндік береді. Ал бұл тапшылықтың негізгі факторы – еңбек нарығына жасалатын жан-жақты талдаудың болмауы.
«Кадр тапшылығына байланысты өңірлер бойынша қабылдау саясатын қайта қарау қажет. Кей жерлерде факультеттерге қабылдау көлемін арттыру керек. Егер бізге пән мұғалімдері, мысалы, математиктер жетіспесе – тиісті гранттар бөлу қажет. Жоғары оқу орындары еңбек нарығына бейімделуі тиіс. Жақын уақытта салада айтарлықтай өзгерістер орын алуы мүмкін. Айталық, жасанды интеллекттің дамуына байланысты бірқатар мамандық өзектілігін жоғалтады. Осыны ескере отырып, жоғары оқу орындары мен колледждер нарықтың нақты қажеттіліктеріне сай жұмыс істеуі тиіс», – деді Аида Балаева.
Сондай-ақ ол педагогтерді даярлау сапасына тікелей әсер ететін практикаға бағдарланған оқытудың да маңызын атап өтті.
«Тәжірибесіз теорияның пайдасы жоқ. Маманның білімі тек оны іс жүзінде қолданғанда ғана нәтижелі болады. Барлық жоғары оқу орындарының студенттердің практикалық дайындығын ұйымдастыруда тең мүмкіндігі болуы тиіс. Алайда бұл нақты әрі мұқият жоспарлауды талап етеді. Бүгінде біз болашақ мұғалімдерді дайындағанымызбен, жас мамандар диплом алған соң салада қалмайды. Бұл өз кезегінде кадр тапшылығын арттыра береді. Бұл мәселені шешу үшін күш біріктіруіміз керек. Қазір ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл бұрынғыдан да маңызды. Ортақ мақсат пен міндеттеріміз бар екенін ұмытпауымыз қажет», – деді вице-премьер.



Comments