Қазақстанда балалар қоғамдық мәселелерді талқылауға белсене қатысып келеді
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Балаларға мейірімді Қазақстан!» атты диалог алаңы ұйымдастырылды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және азаматтық қоғамның өкілдері, сарапшылар, мектеп оқушылары мен белсенді жастар қатысты, «Замануи білім беру» журналы Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Жиында балалардың құқығын қорғау, көшбасшылық қабілетін дамыту, аға буын мен жас ұрпақ арасындағы байланысты нығайту және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
«Болашақ мәдениеті: оқитын ұлт бала тәрбиесінен басталады» атты тақырыптық кездесуде қатысушылар цифрлық дәуірде кітап оқудың баланың ой-өрісін кеңейтудегі және сыни ойлау дағдысын дамытудағы маңызы жөнінде пікір алмасты.
Талқылауды оқушылардың өздері жүргізді. Олар балалардың мүддесіне қатысты мәселелер жөнінде ой алмасып, өз бастамалары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу қорытындысында қабылданған қарарда «Балаларға мейірімді Қазақстан!» бастамасын дамыту, бала құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және балалардың қоғамдық өмірге белсене атсалысуын қолдау көзделген.
Жиынды «Бақытты Бала» қоғамдық қоры, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, Қазақстанның Азаматтық альянсы және «Жас ұлан» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Comments