top of page

Қазақстанда жаңа мектептер мен колледждер салу жоспарланып отыр.

4 hours ago
1 min read

Бүгінде елімізде 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істеп тұр, оның 5 мыңнан астамы – ауылдық жерлерде. Соңғы жеті жылда 1 млн-нан астам оқушы орнына арналған 1 342 мектеп салынды. Бұл деректерді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты, «Замануи білім беру» журналы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.


Қазақстанда жаңа мектептер мен колледждер салу жоспарланып отыр.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта республикада 59,3 мың оқушы орнына арналған 101 мектеп салынып жатыр. Оның 85-ін ағымдағы жылдың соңына дейін, қалған 16-сын 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл ретте салынып жатқан 56 мектеп ауылдық жерлерде орналасқан.


«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында еліміздің өңірлерінде 21 білім нысанын салу қарастырылған. Балалардың сапалы білімге қолжетімділігін кеңейту және қажетті кешенді қолдау көрсету мақсатында еліміздің 20 өңірінде оңалту және сауықтыру кабинеттері бар жаңа форматтағы 20 инклюзивті мектеп-кешенін салу жоспарланып отыр», – деді спикер ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында.

Қолданыстағы білім инфрақұрылымы да жаңартылып жатыр. 2019-2026 жылдары 1 916 мектеп күрделі жөндеумен қамтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектептерді жаңғырту жүргізілуде. 2023-2025 жылдары шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдық жерлерде 3 008 мектеп ауқымды жаңғыртудан өтті. 2021–2026 жылдары 8 384 пәндік кабинет сатып алынды.


Қазақстанда 763 колледж жұмыс істейді. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының желісін кеңейту үшін 16 мың орынға арналған 11 жаңа колледж салу қарастырылған. Колледж студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуге де ерекше назар аударылып отыр.


«Қазіргі уақытта елімізде колледж студенттеріне арналған 45,6 мың орынға есептелген 602 жатақхана жұмыс істейді. 2019 жылдан бері 91 жатақхана пайдалануға берілді. Осының арқасында студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы 6 еседен астам қысқарды», – деді вице-министр.


Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page