Қазақстанда ғалымдарды қолдау және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу жұмыстары кеңейтіліп келеді
Жыл сайын 10 қарашада әлемде Бейбітшілік пен даму жолындағы дүниежүзілік ғылым күні атап өтіледі. ЮНЕСКО бастамасымен белгіленген бұл күн ғылымның орнықты дамуды қамтамасыз етудегі, жаһандық сын-қатерлерді еңсерудегі және халықтың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды рөлін айқындауға бағытталған. Қазақстанда ғылымды дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі еліміздің ғылыми әлеуетін нығайту, ғалымдарды қолдау, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамыту және ғылыми әзірлемелерді экономиканың нақты секторына енгізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Соңғы жылдары Қазақстанның ғылым саласында оң өзгерістер байқалады. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі ұлғайып, ғалымдарды мемлекеттік қолдау шаралары кеңейіп, ғылыми ұйымдар мен өндіріс орындары арасындағы ынтымақтастық нығая түсуде.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын қызметкерлер саны 28 374 адамды құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға артық. Олардың 11 872-сі немесе 41,8%-ының ғылыми дәрежесі бар. Сонымен қатар зерттеушілердің 47%-ын 40 жасқа дейінгі (қоса алғанда) ғалымдар мен мамандар құрайды.
Елімізде ғылыми-зерттеу қызметімен 434 ұйым айналысады. Олардың қатарында мемлекеттік ғылыми мекемелер, жоғары оқу орындары, кәсіпкерлік сектор кәсіпорындары мен коммерциялық емес ұйымдар бар. 2026 жылы іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге, перспективалы технологияларды дамытуға және өзекті әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бағытталған 2 107 ғылыми жоба мен 243 ғылыми-техникалық бағдарлама іске асырылады.
Мемлекеттік ғылыми-технологиялық саясатты жетілдірудегі маңызды қадамдардың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында әзірленіп, қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. Аталған заң отандық ғылымды дамытуға қолайлы жағдай жасауға, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ ғалымдарды мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңейтуге бағытталған.
Заң аясында ғылыми әзірлемелердің технологиялық дайындық деңгейін бағалаудың халықаралық тәсілдерін енгізу, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, ғылыми-техникалық ақпараттың цифрлық экожүйесін дамыту және ғылыми-технологиялық саясатты іске асыруға өңірлердің қатысуын кеңейту көзделген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының елдегі жоғары ғылыми ұйым ретіндегі рөлі күшейтілді.
2026 жылғы 19 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 934 қаулысымен Қазақстан Республикасының инновацияларды дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеген құжат ғылым, бизнес, мемлекет және өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге, технологияларға деген сұранысты қалыптастыруға, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу мен коммерцияландыруды жеделдетуге бағытталған. Тұжырымдаманы іске асыру технологиялар трансферін, инновациялық кәсіпкерлікті және өңірлік инновациялық жүйелерді дамытуға, сондай-ақ зерттеу нәтижелерінің нақты экономикалық әсерін арттыруға мүмкіндік береді.
2026 жылғы 1 қазаннан бастап «Ғылыми зерттеулер және оларды өндіріске қою. Жұмыстарды жүргізуге, есептердің құрылымы мен ресімделуіне қойылатын жалпы талаптар» СТ РК 4047-2026 ұлттық стандарты қолданысқа енгізілді. Ол ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жоспарлау, жүргізу және нәтижелерін бағалау тәсілдерін, оның ішінде технологиялық дайындық деңгейлерін (TRL) қолдануды біріздендіреді. Стандарт ғылыми әзірлемелердің практикалық нәтижелілігін, технологиялар трансферін және оларды өндіріске енгізудің жүйелілігін арттыруға бағытталған.
Жас ғалымдарды қолдауға және олардың кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. Гранттық қаржыландыру бойынша өткізілген бес конкурстың нәтижесінде екі мыңнан астам жас ғалым мен зерттеуші 690 жоба аясында өздерінің ғылыми идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Сонымен қатар Министрлік қаржыландыратын ғылыми жобаларда жас ғалымдар мен зерттеушілердің үлесі орындаушылардың жалпы санының кемінде 30%-ын құрауы тиіс.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шаралары да кезең-кезеңімен кеңейтіледі. Атап айтқанда, арнайы жеңілдетілген несие беру бағдарламалары және пәтерлерді өтеусіз беру тетіктері арқылы 800-ден астам жас ғалым баспанамен қамтамасыз етілді. Ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар үшін төленетін үстемеақы мөлшері ұлғайтылды. Сондай-ақ халықаралық ғылыми тағылымдамалардан өтуге, мемлекеттік ғылыми стипендиялар мен ғылым саласындағы жетістіктері үшін берілетін сыйлықтарды иеленуге қосымша мүмкіндіктер жасалады.
Ғылыми кадрларды даярлаумен қатар ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыру және оларды экономикада іс жүзінде қолдану басым бағыттардың бірі болып қала береді. 2016-2026 жылдар аралығында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған гранттық бағдарлама шеңберінде сегіз конкурс өткізіліп, оның қорытындысы бойынша 386 жоба мемлекеттік қолдауға ие болды.
Олардың ішінде 291 жоба өз өнімдерін нарыққа шығарып, сатылымды қамтамасыз етті, 30-дан астам жоба экспортқа шықты, ал тоғыз жобаның сату көлемі 1 млрд теңгеден асты. Бұл көрсеткіштер отандық ғылыми әзірлемелерге сұраныстың артып, оларды өндіріске енгізу мүмкіндіктерінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Инновациялық экожүйені дамытуда Ғылым қоры маңызды рөл атқарады. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңға сәйкес қордың өкілеттіктері кеңейтілді. Гранттық қаржыландыру мен коммерцияландыру жобаларын сүйемелдеумен қатар, технологиялық бизнес-акселерация, бизнес-инкубация, технологиялық брокерлік қызмет және венчурлік қаржыландыру сияқты жаңа қолдау құралдары қарастырылған.
2026 жылғы Жаһандық инновациялық индекс қорытындысы бойынша Қазақстан 139 экономиканың ішінде 73-орынға көтеріліп, өткен жылмен салыстырғанда 8 сатыға ілгеріледі. Бұл – соңғы он жылдағы еліміздің ең үздік нәтижесі. Қазақстан Орталық және Оңтүстік Азия өңірінде екінші орынға шығып, Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтап қалды.
Инновациялық дамудың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан Республикасы Құрылтайының Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетімен бірлесіп инновациялық қызметті дамыту тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізді. Талқылау барысында ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылын нығайтуға, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға және инновацияларды экономикаға енгізуге ерекше назар аударылды. Дөңгелек үстел бейінді ведомство, бизнес және сарапшылар қауымдастығы өкілдері арасында пікір алмасуға арналған алаңға айналды.
Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту мақсатында еліміздің жетекші кәсіпорындарының қатысуымен ғылыми-технологиялық сессиялар өткізу тәжірибесі кеңінен қолданылады. Соңғы үш жылда 33 ғылыми-технологиялық сессия ұйымдастырылып, оларға 400-ден астам ғалым, инженер және салалық сарапшы қатысты. Бірлескен жұмыс нәтижесінде 200-ден астам технологиялық міндет айқындалып, 180-нен астам шешімнің прототипі әзірленді және алдағы зерттеулерге арналған 20-дан астам техникалық тапсырма дайындалды.
Бұл жұмысқа «Қазақмыс», «Қазатомөнеркәсіп», ERG, «Қазмырыш», «ҚазМұнайГаз» және басқа да ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар тартылған. Ынтымақтастықтың мұндай форматы ғылыми зерттеулерді өндірістің нақты қажеттіліктеріне бағыттауға, технологиялық шешімдерді әзірлеуді жеделдетуге және олардың практикалық маңызын арттыруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорындар мен мемлекеттік органдардың сұраныстарын жүйелеу мақсатында Ғылыми-технологиялық міндеттердің бірыңғай тізілімі қалыптастырылған. Бұл бастама ғылыми қауымдастық пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ экономика салаларының технологиялық қажеттіліктерін ескере отырып, ғылыми зерттеулерге мемлекеттік тапсырыс қалыптастыруға бағытталған.
Министрлік жұмысының маңызды бағыттарының бірі – өңірлік ғылымды дамыту. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң аясында жергілікті атқарушы органдардың ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және қаржыландыру жөніндегі өкілеттіктері кеңейтілді. Әкімдіктер жанынан ғылым жөніндегі кеңестер құрылып, өңірлердің экономикалық ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, ғылыми зерттеулердің басым бағыттары айқындалды.
Өңірлердің өзекті мәселелерін шешуге, инновациялық технологияларды енгізуге, сондай-ақ жергілікті кәсіпорындар, университеттер мен ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қолданбалы ғылыми жобаларды қолдауға баса мән беріледі.
Осылайша, Қазақстанда ғылым саласын дамыту ғылыми-зерттеу әлеуетін арттырумен ғана шектелмей, қоғам мен экономика үшін нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған. Ғылыми инфрақұрылымды жүйелі түрде нығайту, зерттеушілерді қолдау, жеке инвестицияларды тарту және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру еліміздің технологиялық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз қалайды.
Бейбітшілік пен даму жолындағы дүниежүзілік ғылым күніне орай ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми еңбектің маңызын атап өтіп, зерттеу нәтижелері еліміздің орнықты дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететін заманауи ғылыми экожүйені қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастырады.

Comments