top of page

Қазақстандық-жапондық ынтымақтастықты дамыту жолында маңызды қадам жасалды

Токиода ғылым және жоғары білім саласындағы қазақстандық-жапондық ынтымақтастықты дамыту жолында маңызды қадам жасалды, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрінің Телеграм-каналына сілтеме жасай отырып хабарлайды. 


Қазақстандық-жапондық ынтымақтастықты дамыту жолында маңызды қадам жасалды

Мемлекет басшысының Жапонияға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен аймақтағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Рицумэйкан Азия-Тынық мұхиты университеті арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл біз үшін тек ресми келісіммен шектелмейді, сонымен қатар қазақстандық жоғары білімді интернационалдандырудың және студенттеріміз бен зерттеушілеріміз үшін академиялық мүмкіндіктер аясын кеңейтудің ұзақ мерзімді стратегиясының бір бөлігі болып табылады.


Оған қоса біз жүйелі шешімдерді де ілгерілетіп келеміз. 2026 жылдың қаңтарында жоғары білімдегі біліктіліктерді тану туралы Азия-Тынық мұхиты аймақтық конвенциясына қосылуды аяқтау жоспарлануда. Бұл дипломдарды тану рәсімдерін жеңілдетуге және ашық етуге, академиялық ұтқырлықты арттыруға, әрі еліміздегі жастар үшін аймақ елдерінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.


Кездесу барысында тұрақты даму мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде БҰҰ аясында су ресурстары жөніндегі халықаралық құрылымды ашу мәселесі талқыланды. Климаттың өзгеруі мен су тапшылығы жағдайында су ресурстарын ғылыми негізде басқару Орталық Азия үшін аса маңызды. Осы бағытта жапон университеттері мен БҰҰ институттарымен ынтымақтастықтың маңызы ерекше.


Бұдан бөлек, Қазақстан мен Жапония жоғары оқу орындары арасында студенттер алмасудың паритеттік бағдарламаларын іске қосу және қолданбалы зерттеулерді кеңейту мәселелерін қарастырып жатырмыз. Осы тұрғыда Еуразия ұлттық университеті мен Hitachi High-Tech Europe GmbH арасында меморандумға қол қойылды – бұл ғылым, технология және индустрияның біртұтас байланыста тиімді жұмыс істей алатынының айқын үлгісі.


Әлемдегі күрделі кезеңде елдің ертеңі білім мен ғылымға негізделетін болады. Токиода өтіп жатқан кездесулер де дәл осы ойдың төңірегінде өрбіп жатыр.


Осы сапар барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Университетінде мазмұнды келіссөздер жүргіздік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында БҰҰ Университетінің өңірлік филиалын құру туралы бастама көтерді. Бұл - жай ғана институт ашу емес, Орталық Азия үшін маңызды зияткерлік орталық қалыптастыруға бағытталған қадам.


Бұл құрылым XXI ғасырдың түйткілді мәселелеріне немқұрайлы қарамау, жауапкершілікті сезінуді білдіреді. Су мен климат қауіпсіздігі, жанжалдардың алдын алу, орнықты даму, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен басқару, мұның бәрі қағаз жүзіндегі тақырыптар емес, мемлекеттердің ұзақ мерзімді қауіпсіздігі мен дамуына тікелей әсер ететін салалар.


Қазақстан үшін мұндай орталықтың ұлттық ғылыми-білім беру кеңістігімен біте қайнасып жұмыс істеуі аса маңызды. Президент болашақ филиалдың отандық жетекші университеттермен және зерттеу орталықтарымен тығыз әріптестігін дамытуға дайын екенін атап өтті. Бұл жаһандық тәжірибе мен өңірлік ерекшелікті ұштастырып, өміршең шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.


Алматыда БҰҰ Университетінің филиалын ашу – жоғары білім мен ғылымды ел дамуының тірегіне айналдыруға бағытталған стратегиялық бағытымызбен үндес. Біз үшін бұл – жаһандық күн тәртібіне сырттай қатысушы болудан, оны бірге айқындайтын, жауапкершілікті бөлісетін деңгейге көтерілудің белгісі.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page