top of page

Қазақстандық колледждегі әлемдік тәжірибелер: Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі

Мировые практики в казахстанском колледже: Мангистауский энергетический колледж им. Н. Бекбосынова

 

Ақтаудағы Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі еліміздегі үздік оқу орындарының бірі саналады. Ұжым барлық қызметінде белсенді ұстаным танытып, оқыту сапасына жоғары жауапкершілікпен қарайды, студенттерге әлемдік озық тәжірибені беруге және индустрия сұраныстарын ескеруге ұмтылады. Колледждің ерекшеліктерінің бірі – оның халықаралық деңгейге шығуы: бұл – Еуропа мен Азиядағы серіктестермен берік іскерлік және мәдени байланыстар, оқу бағдарламаларының халықаралық аккредитациясы, оқытушылардың шетелдік тағылымдамалары, ірі салалық кездесулер. Осы күш-жігердің нәтижелерінің бірі – «Үздік колледж» құрмет белгісін алу. Оқырмандар назарына колледж директоры Айнагүл ЖҰМАҒАЛИДІҢ мақаласын ұсынамыз.

 

Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі жаһандық білім беру кеңістігіне жүйелі түрде кірігіп, әлемдік озық стандарттарға бағдарланып, дамудың инновациялық стратегияларын енгізуде. Колледждің халықаралық серіктестік желісі Еуропадан Шығыс Азияға дейінгі жетекші оқу орындарын, академиялық орталықтар мен технологиялық ұйымдарды біріктіреді.

Еуропалық бағытта ынтымақтастық Париждегі француздық білім беру орталықтары School Raspail мен Marcel Deprez by French School-ды, сондай-ақ Минскідегі Республикалық кәсіптік білім беру институтын қамтиды.

Азиялық бағытты Жапониядағы Токио техникалық колледжі, Оңтүстік Кореядағы СонгУн университеті мен Tekville Education Inc. білім беру корпорациясы, Қытайдың ірі серіктес институттары – Шанхай электроника және информатика техникалық колледжі, Үрімжідегі Жеңіл өнеркәсіп институты, Шыңжаңдағы кәсіптік-техникалық институттар және БРИКС дағдылар мен технологиялық инновацияларды дамыту академиясы құрайды.


Қазақстандық колледждегі әлемдік тәжірибелер: Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі

Ресейдің бейінді колледждерімен – Қазан энергетикалық колледжімен, Қазан ақпараттық технологиялар және байланыс колледжімен және Омбы өнеркәсіптік-экономикалық колледжімен тұрақты байланыс орнатылған.

Халықаралық ынтымақтастықтың арқасында біздің колледж кәсіптік білім берудің жоғары әлемдік стандарттарына сәйкестікке сенімді түрде қадам басуда.

Білім беру үдерісіне TBL (Team-Based Learning) және BOPPS озық әдістемелері енгізілуде, автоматты жүйелер мен өнеркәсіптік автоматика модульдері кіріктірілуде, ал WorldSkills халықаралық қозғалысының стандарттары біліктіліктің барлық деңгейіндегі оқу бағдарламаларына бейімделуде.

Академиялық ұтқырлық бағдарламалары жүзеге асырылуда, жаңа білім беру технологиялары мен стартап-жобалар бойынша мақсатты қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылуда, студенттік өзін-өзі басқару саласында халықаралық тәжірибе алмасу жүргізілуде.

Заманауи оқу-әдістемелік құжаттаманы бірлесіп әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Колледжді басқару жүйесі озық шетелдік тәжірибеге сүйене отырып жетілдірілуде, педагогтер мен өндірістік оқыту шеберлері үшін біліктілікті арттыру семинарлары үнемі өткізілуде, бірлескен халықаралық іс-шаралар: тренингтер, шеберлік сағаттары, олимпиадалар, кәсіби шеберлік байқаулары ұйымдастырылуда.

Халықаралық тәжірибені интеграциялауға елеулі үлес – шетелдік әдебиеттерді сатып алу.


Қазақстандық колледждегі әлемдік тәжірибелер: Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі

 

Lycée Marcel Deprez және Lycée Raspail

Француз әріптестермен ынтымақтастығымыз 2023 жылдан бері жалғасып келеді. Сол кезде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы, еліміздің колледждерінің директорлары мен олардың орынбасарлары Парижде тағылымдамадан өтіп, Париж академиялық қызметінің жұмысымен, Франциядағы білім беру мекемелері жүйесімен, халықаралық аккредиттеуден өту стандарттарымен және үздіксіз оқыту нәтижелерімен танысты.

Осы сапар барысында біз Париж академиясы Білім министрлігінің бас инспекторы Реда Фарахпен колледж пен оның мамандықтарының халықаралық аккредитациясы бойынша келіссөз жүргіздік және Марсель Депре лицейімен (Lycée Marcel Deprez) және энергетик мамандардың жоғары мектебі Lycée Raspail-мен халықаралық ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойдық.

2024 жылы колледж «Электр жабдықтау», «Технологиялық үдерістерді автоматтандыру және басқару», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша халықаралық салалық аккредиттеуден сәтті өтті.

2025 жылғы наурыз-сәуір айларында біздің педагогтеріміз бен студенттеріміз Франция Республикасы Париж академиясының бас инспекторы Реда Фарахпен сыртқы академиялық ұтқырлық бойынша онлайн-сұхбаттан сәтті өтіп, өз жобаларын қорғап, Lycée Marcel Deprez-те бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша, ал Lycée Raspail-де электр жабдықтау және технологиялық үдерістерді автоматтандыру және басқару бойынша тағылымдамадан өтті.

Ал 2026 жылғы 5-19 сәуір аралығында Erasmus бағдарламасы аясында біздің колледжіміздің өзі Париж делегациясын қабылдады: профессор Софиан Шули (Sofiane Shouli) бастаған делегация француз студенттерімен бірге энергетика, заманауи технологиялар және кәсіби дағдыларды дамыту саласында білім беру тәжірибесімен алмасу мақсатында келді.

Студенттер энергетика саласындағы нақты өндірістік міндеттерге барынша жақын тапсырмаларды орындап, теориялық және практикалық жұмыстарға қатысты. Колледж оқытушылары мен шеберлері дайындықтың негізгі бағыттарын қамтыған кешенді білім беру бағдарламасын өткізді. Қонақтар Қазақстанның білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен, энергетика саласының дамуымен, жасыл энергетика және энергия тиімділігі мәселелерімен танысты.


Қазақстандық колледждегі әлемдік тәжірибелер: Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі

Практикалық блокқа кабель муфталарын монтаждау дағдыларын меңгеру, күштік трансформаторларды зерттеу, автоматика және бақылау-өлшеу аспаптарымен жұмыс істеу, сондай-ақ WorldSkills стандарттары бойынша (электр қозғалтқыштарды басқаруды қоса алғанда) электрмонтаж жұмыстарын жүргізу кірді. Цифрлық технологиялар саласында VR/AR жобалары, Arduino негізіндегі «ақылды үй» жүйелері және Master SCADA-дағы визуализация үдерістері таныстырылды.

Бағдарламаны ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша сабақтар, экологиялық акциялар және жасанды интеллект бойынша халықаралық дебаттар толықтырды. Өңірдің өндірістік және мәдени әлеуетімен таныстыру үшін қонақтарға Жаңаөзен жел электр станциясына, туризм колледжіне және облыстық тарихи-өлкетану музейіне экскурсиялар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар «Кәсіптік білім берудегі халықаралық интеграция: энергетика саласындағы тәжірибе алмасу» тақырыбында панельдік сессия және жаңа технологиялық шешімдер хакатоны ұйымдастырылды, онда халықаралық серіктестікті дамыту және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

Білім мен өндірісті халықаралық деңгейде біріктірген панельдік сессия жоғары деңгейде өтті және кәсіптік білім беру жүйесін халықаралық талаптарға сәйкес жаңғырту үшін қандай нақты іс-қимылдар жасауға болатынына мысал болды. Француз әріптестер мен өңірдің жетекші мамандары екі ел арасындағы білім беру байланыстарының болашағын, дуалдық оқытудың, өндірістік тәжірибенің және кәсіптік білім беру жүйесіндегі білім беру стандарттарын үйлестірудің маңыздылығын талқылады. Индустрия өкілдері заманауи еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларға, өндірістегі жаңа технологияларға назар аударды.


Қазақстандық колледждегі әлемдік тәжірибелер: Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі

Осы кездесудің нәтижесінде біз одан әрі өзара іс-қимыл бағыттарын айқындадық: білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредиттеу талаптарына сәйкес жетілдіру, академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен білім беру жобаларын іске асыру, озық шетелдік тәжірибені тұрақты зерделеу, Erasmus+ бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану, халықаралық грант жобаларына қатысу және серіктестік желілерін дамыту арқылы өңірлік білім беру жүйесін жаңа деңгейге шығару.

Сол кезде біз қатысушыларға заманауи технологиялар мен білім беру үдерісіндегі жаңа шешімдерді көрсетуге мүмкіндік берген, идеялар мен тәжірибе алмасудың ерекше алаңына айналған «Tech Horizons: Болашаққа көзқарас» кәсіби көрмесін өткіздік.

Француз делегациясының сапары білім алмасудың, мәдени байланыстарды нығайтудың және халықаралық ынтымақтастықты дамытудың тиімді үлгісі болды.


Колледж «ISATCOVE» бағдарламасының құрамында

Маңғыстау энергетикалық колледжінің ISATCOVE халықаралық бағдарламасына (International Self-Assessment Tool for Centres of Vocational Excellence) кіруі цифрлық және техникалық экожүйені дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Осы бағдарлама аясында біз негізгі стратегиялық міндеттерді жүзеге асырудамыз: озық технологиялар мен инновацияларды енгізу, студенттерді дайындауды халықаралық стандарттарға сай жетілдіру, сыртқы байланыстарды кеңейту.

Оқу үдерісіне IT-шешімдер, робототехника элементтері, жасанды интеллект және өндірістік үдерістерді автоматтандыру жүйелері енгізілуде. Студенттердің практикалық дағдылары WorldSkills қозғалысының талаптарын қоса алғанда, халықаралық стандарттарға толық сәйкестікте жетілдірілуде. Колледж шетелдік және отандық білім беру орталықтарымен және ірі кәсіпорындармен байланыс орнатып, бірлескен инновациялық жобаларды іске асыруда. Сонымен қатар Smart College экожүйесінің сервистері дамып келеді, оның аясында мекеменің ішкі цифрлық инфрақұрылымы жаңғыртылып, автоматтандырылуда, сондай-ақ дарынды жастардың стартап-бастамалары мен зерттеу жобаларын іске асыруға жағдай жасалуда.


Қазақстандық колледждегі әлемдік тәжірибелер: Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі

Soprano Group: халықаралық тәжірибені енгізу үлгісі

Халықаралық озық тәжірибелерді МЭК-ке (Маңғыстау энергетикалық колледжіне) интеграциялаудың сәтті мысалы – «Электр жабдықтау» мамандығы бойынша оқу бағдарламасын жаңарту.

Негізге финдік жетекші «Soprano Group» компаниясының озық оқу бағдарламасы алынды. Өндірістің нақты талаптарына сай болу үшін колледждің әлеуметтік серіктесі – «Контакт» ЖШС-мен бірлескен жұмыс ұйымдастырылды. Нәтижесінде заманауи оқу бағдарламасы әзірленіп, жоба аясында сатып алынатын жаңа жабдықтың мүмкіндіктеріне және жұмыс берушілердің тікелей сұранысына сәйкес арнайы кәсіби модульдер айқындалды.

Жаңартылған модульдерді практикалық іске асыру заманауи зертханалық және оқу жабдықтарына сүйенеді:

● Дайындық және электрмонтаж жұмыстары: электрмонтаж жабдықтары мен жарықтандыру желілерінің технологияларын меңгеру «Айнымалы токтың әмбебап машинасы бар қуаты 1,5 кВт электр машиналары және электр жетегі» зертханалық стендінің, төмен кернеулі тарату жәшігінің арнайы стендінің, сондай-ақ WorldSkills чемпионаттарына дайындалуға арналған «Электрмонтаж» бейінді шеберханасының базасында жүзеге асады.

● Кабельдерді, күштік желілер мен тарату құрылғыларын монтаждау: кабель желілері мен тарату жүйелерін монтаждау модульдері үшін «Трансформаторлық қосалқы станция» арнайы стенділері және тулбокстары бар WSR кәсіби деңгейдегі жабдық жиынтықтары пайдаланылады.

● Техникалық қызмет көрсету және пайдалану: кабельдерді, күштік желілерді, жарықтандыруды және қайталама тізбектерді пайдалану бойынша кешенді дағдылар «Электрмонтаж үстелі» оқу-зертханалық стенділерінде, жүк көтеру құрылғыларының стенділерінде, электрмонтаж жұмыстары технологиясының стенділерінде, сондай-ақ кәсіпорындар мен азаматтық құрылыстардың электр жабдықтарын монтаждау және баптауға арналған типтік жабдықта пысықталады.


Қазақстандық колледждегі әлемдік тәжірибелер: Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі

 

Біздің қытайлық серіктестеріміз

2026 жылдың күзінде Шанхай қаласында өткен кездесулер барысында Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі Қазақстан-Қытай болашақ экономикасы және адами капитал кеңесінің алғашқы мүшесі мәртебесін алды. Осы мүшелік аясында болашақ экономикасы, болашақ дағдылары, технологиялық инновациялар, өнеркәсіптік ынтымақтастық, адами капиталды дамыту, тағылымдамалар және жұмысқа орналастыру сияқты бағыттар бойынша ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту көзделеді.

Сондай-ақ біздің колледж бен WUXI University of Technology арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл ынтымақтастықта IT, цифрлық технологиялар, кәсіптік білім беру және заманауи мамандарды даярлау бағыттарына ерекше назар аударылатын болады.

Делегациямыздың Қытайға сапары кезінде көптеген кездесулер өтті. Біз бірнеше қаланың білім беру мекемелері мен өндірістік кәсіпорындарында болдық.

Сямэньде біз Xiamen Xingcai Vocational and Technical College-дегі заманауи материалдық-техникалық базамен және студенттерді даярлау технологияларымен таныстық, сондай-ақ SDIC Intelligence компаниясымен кездестік.


Қазақстандық колледждегі әлемдік тәжірибелер: Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі

Цзясин қаласында Jiaxing Nanyang Polytechnic Institute және Yaoboele Electrical кәсіпорнымен тәжірибе алмасу, болашақта студенттерге тағылымдама ұйымдастыру және бірлескен білім беру жобаларын іске асыру мүмкіндіктерін талқыладық.

Вэньчжоу қаласында Zhejiang Dongfang Polytechnic колледжінің заманауи зертханалық жабдығымен және материалдық-техникалық базасымен таныстық, оқытудың озық әдістері мен дуалдық білім беру практикасы бойынша тәжірибе алмастық.

Гуанчжоу қаласында Guangdong Communication Polytechnic, Guangzhou Huashang Vocational College, Guangdong Huaxia Vocational College колледждерінің инфрақұрылымы мен білім беру экожүйесін зерттедік, Guangzhou YiYe Electromechanical Equipment Technology Co. Ltd компаниясымен өндірістік практикаларды ұйымдастыру және студенттердің практикалық құзыреттерін дамыту бойынша келіссөздер жүргіздік.

Қытайлық әріптестерімізбен серіктестігіміз инновация мен даму жолында қадам сайын нығайып келеді.


Қазақстандық колледждегі әлемдік тәжірибелер: Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі

Шетелдік тағылымдамалар

Біздің колледждің педагогикалық құрамы әлемнің жетекші білім беру орталықтарының, университеттерінің және кәсіби платформаларының базасында шетелдік тағылымдамадан және біліктілікті арттыру курстарынан үнемі өтіп тұрады. Соңғы үш оқу жылындағы педагогтердің халықаралық кәсіби өсу географиясы Еуропа, Азия және Таяу Шығыстың негізгі әлемдік білім беру хабтарын қамтиды.

Еуропалық бағытта біздің оқытушыларымыз Францияда (соның ішінде WorldSkills Lyon 2024 аясында Париж бен Лиондағы тағылымдамаларды қоса алғанда) кәсіптік білім берудің заманауи стандарттарын зерделеді, Ұлыбританиядағы Bett Show көрмесінде білім беру технологиялары бойынша курстардан өтті, Түркиядағы ТжКБ кредиттік-модульдік жүйесін зерделеді, сондай-ақ Грузия мен Әзірбайжанның ғылыми институттарында әдістемелік көшбасшылық пен инклюзивті тәжірибелерді меңгерді.

Азиялық бағыт Токиодағы жапондық Lesson Study әдістемелерін практикалық меңгеруді, Шанхайдағы қытайлық кәсіптік білім берудің стандарттары мен инновацияларын зерделеуді, Оңтүстік Кореядағы Sungwoon University базасындағы халықаралық ынтымақтастық бағдарламаларын, сондай-ақ Сингапурдағы Cavendish Education-да инновациялық көшбасшылық бойынша курстарды қамтиды.

Сонымен қатар педагогтер Таяу Шығыс өңірінде цифрлық құзыреттерін кеңейтуде: Дубайдағы (БАӘ) Мердок университетінде SAMR моделі бойынша мұғалімдерді даярлауға жасанды интеллектіні интеграциялауды меңгерді, сондай-ақ Санкт-Петербургте өнеркәсіптік жабдық бойынша техникалық біліктілігін арттыруда.

Оқыту екі форматта ұйымдастырылады. Офлайн форматтағы тағылымдамадан шетелдік оқу орталықтары мен өндіріс орындарында практикалық дағдыларын тікелей жетілдірген 27 педагог өтіп қойды. Әлемнің жетекші платформалары мен шетелдік серіктес оқу орындарының бағдарламалары бойынша онлайн форматтағы халықаралық курстарды 22 педагог аяқтады.

Халықаралық деңгейдегі біліктілікті арттыру бағдарламалары колледждің жаһандық білім беру трендтеріне интеграциялануының көрнекі көрсеткіші болып табылады. Соңғы үш жылда оларды ұжымның шамамен 40%-ы өтті.


Қазақстандық колледждегі әлемдік тәжірибелер: Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі

 

Маңғыстау энергетикалық колледжінің педагогтері – «ETF Green Skills Awards 2025» халықаралық жобасының жеңімпаздары

Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің арнайы пән оқытушылары Досан Қарашаев пен Айнұр Ондаханова Еуропалық білім беру қорының (European Training Foundation) беделді «ETF Green Skills Awards 2025» халықаралық жобасында үздіктер қатарына енді: олар жасыл технологияларды дамытудағы заманауи білім беру бағдарламаларының рөлі тақырыбында авторлық жобаларын ұсынып, жаңартылатын энергия көздерін оқу үдерісіне енгізудің және болашақ мамандардың экологиялық құзыреттілігін арттырудың өзекті мәселелерін жан-жақты негіздеді.

Осы халықаралық жобаға әлемнің 50-ден астам елінен 250-ден астам үміткер қатысты. Іріктеудің барлық кезеңінен сәтті өтіп, біздің педагогтеріміз халықаралық сарапшылар алдында өз жобаларын жоғары кәсібилікпен қорғады және нәтижесінде олар бес үздіктің қатарына енді.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты 2026 жылғы 30 қаңтарда Турин қаласында (Италия) Турин политехникалық университетінде ұйымдастырылған «ЕО энергетика күндері – Италия: энергетикалық ауысуды қамтамасыз ету және нығайту бойынша жаңа іс-қимылдар» халықаралық конференциясында өтті. Биыл салтанат «Жасыл дағдылар» (Green Skills) сыйлығының бес жылдық мерейтойына арналды.

Бұл жетістік Маңғыстау облысының ғана емес, бүкіл Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің халықаралық аренадағы жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетті, сондай-ақ отандық педагогтердің тұрақты дамуға және жасыл экономиканы ілгерілетуге қосқан нақты үлесін дәлелдеді.

Халықаралық ынтымақтастық – біздің студенттеріміз бен оқытушыларымыз үшін әлемдік деңгейдегі мүмкіндіктерге ашық есік. Біз болашақтың бәсекеге қабілетті мамандарын даярлау жолында шекараны кеңейте беруді жалғастырамыз.

Айнагүл ЖҰМАҒАЛИ,

Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық

колледжінің директоры


АННОТАЦИЯ

Директор Мангистауского энергетического колледжа имени Н. Бекбосынова Айнагуль Жумагали рассказывает об опыте успешной интеграции колледжа в мировое образовательное пространство и внедрении передовых стандартов подготовки кадров. Партнёрские связи с ведущими учебными заведениями Европы и Азии, прохождение международной отраслевой аккредитации, обмен опытом с французскими лицеями, участие в сети ISATCOVE и победы в международных конкурсах делают колледж одним из передовых учебных заведений страны.





Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page