Қазақстанның өнер саласындағы екі жоғары оқу орны Түркі әлемі өнер университеттері одағына мүше болды
Түркияның Анкара қаласында Түркі әлемі өнер университеттері одағының VI отырысы аясында халықаралық бірлестікке жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі өтті, «Замануи білім беру» журналы Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Одақ құрамына Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті қабылданды.
Қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдеріне Одаққа мүшелікті растайтын сертификаттарды Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Сұлтан Раев пен Одақ төрағасы, Анкара музыка және бейнелеу өнері университетінің ректоры Гүлчин Яхья Качар табыстады.
Ынтымақтастық аясында түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтап, дәріптеуге, ұлттық орындаушылық мектептерді дамытуға және өнер саласындағы жоғары оқу орындары арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді.

Қазақстандық жоғары оқу орындарының Одаққа мүшелігі білім мен өнер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, ұлттық мәдениетті әлемге танытуға ықпал етеді.

Comments