Қазіргі білім беру жүйесінің жаңашылдығы
- Рысты Жұмабекова, Сандуғаш Махметова

- 2 hours ago
- 2 min read
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша құрастырылған, мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған электронды оқулықтың мән-мазмұны.
Қазіргі таңда цифрлық технологиялар білім беру саласында кеңінен қолданылуда. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша электрондық оқу құралының әзірленуі өте өзекті. Оның негізгі мақсаты – білім алушылардың тілдік және әдеби білімін тереңдету, оқыту үдерісін заманауи талаптарға сай жаңа технологиялармен үйлестіру арқылы тиімділігін арттыру. Оқу құралы студенттердің танымдық белсенділігін арттырып, өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Мазмұны логикалық тұрғыда жүйеленген, әрбір тақырып келесі мәтінмен тығыз байланысты.
Оқу құралы бөлімдерге және тақырыптарға бөлінген, бұл материалды кезең-кезеңмен меңгеруге ыңғайлы. Әр тақырып теориялық материалмен, мысалдармен және көрнекіліктермен (суреттер, кестелер,сызбалар) толықтырылған.
Әр бөлім мен тақырып соңында практикалық тапсырмалардың болуы өте маңызды. Олар білім алушылардың алған білімдерін тереңдетуге, дағдыларын дамытуға, теориялық білімді практикада қолдануға мүмкіндік береді. Тапсырмалар әртүрлі деңгейде (жеңілден күрделіге қарай) құрастырылған, бұл әр студенттің қабілетіне қарай жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Оқу құралында глоссарийдің болуы оның дидактикалық құндылығын арттырады. Глоссарийде кездесетін қиын терминдер мен жаңа сөздердің мағынасы түсіндірілген, бұл студенттердің сөздік қорын байытуға және материалды толық түсінуге көмектеседі.
Құралдың қолдану ыңғайлығына ерекше назар аударылған. Оқу құралының интерфейісі қарапайым және интуитивті. Студенттер мен оқытушылар үшін навигация жеңіл, қажетті бөлімдер мен тақырыптарды оңай табуға болады. Керексіз элементтермен толтырылмаған, бұл пайдаланушының назарын шашыратпайды.
Электронды оқу құралы заманауи білім беру әдістемелеріне негізделген:
материалдар тек мәтінмен шектелмей, интерактивті жаттығулар, аудио және бейне материалдармен толықтырылған. Бұл студенттердің оқуға деген қызығушылығын арттырып, ақпаратты әртүрлі қабылдау каналдары арқылы меңгеруге мүмкіндік береді;
құрал студенттерге өз бетінше жұмыс істеуге, материалды өз қарқынымен игеруге, білімін тексеруге және жетілдіруге жағдай жасайды.
«Павлодар облысы Қ. Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен техникалық колледжі» КМҚК ЖҰМАБЕКОВА Рысты Айтмағамбетқызы, МАХМЕТОВА Сандуғаш Темірболатқызы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушылары




Comments