ҚАТЗУ Германиямен аграрлық ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
Германияның Федералдық ауыл шаруашылығы, азық-түлік және өңірлік бірегейлік министрлігінің делегациясы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне барды. Өткен кездесу ауыл шаруашылығы ғылымы мен білімі саласындағы Қазақстан мен Германия арасындағы ғылыми-білім беру серіктестігін нығайтудағы маңызды қадам болды. Бірлескен зерттеулерді дамыту, озық технологиялармен алмасу және екі елдің ғылыми мекемелері арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту аграрлық секторды жаңғыртуға және саланың заманауи талаптарына сай мамандар даярлауға қосымша мүмкіндіктер жасайды.

Делегация құрамында парламенттік статс-хатшы Мартина Энгльхардт-Копф, министрліктің бейінді құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері, сондай-ақ аграрлық саясат, жер ресурстарын тұрақты пайдалану және ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулермен айналысатын ғалымдар мен сарапшылар болды.
Университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор Қанат Тіреуов ҚАТЗУ-дың ғылыми-білім беру әлеуетін, зерттеу қызметінің негізгі бағыттарын және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін таныстырды. Кездесу барысында университеттің білікті мамандар даярлау, қолданбалы ғылымды дамыту және агроөнеркәсіптік кешенге инновациялық шешімдерді енгізудегі рөліне ерекше назар аударылды.

Тараптар аграрлық саясатты жетілдіруге, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын дамытуға және Орталық Азиядағы ауылдық аумақтардың тұрақтылығын арттыруға бағытталған бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Мартина Энгльхардт-Копф өз сөзінде аграрлық саладағы Қазақстан мен Германия арасындағы әріптестікті нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Ол екі елдің ғылыми және білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықтың тәжірибе алмасуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және инновациялық технологияларды енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Сапар аясында Германия делегациясы университеттің ғылыми зертханаларын, инновациялық орталықтарын және Seifullin University агротехнопаркін аралады. Қонақтар университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен, ғылыми әзірлемелерімен және инновациялық шешімдерді ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізу мүмкіндіктерімен танысты..

Comments