ҚАТЗУ-да IAAR сыртқы сараптама комиссиясының сапары басталды
2026 жылғы 11 қарашада Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына қарасты С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің (IAAR) сыртқы сараптама комиссиясының сапары басталды. 11–13 қараша аралығында сарапшылар университеттің білім беру бағдарламаларының сапасына кешенді бағалау жүргізеді.

Мамандандырылған аккредиттеу аясында жеті кластерге біріктірілген 13 білім беру бағдарламасы бағаланады. Бұл бағдарламалар бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде іске асырылып, ауыл шаруашылығы, агроинженерия, машина жасау, орман шаруашылығы, сәулет, жерге орналастыру және бизнесті басқару бағыттарын қамтиды. Олардың алтауы алғаш рет аккредиттеуден өтуде.
Аккредиттеу аясында сыртқы бағалау рәсімінен алғаш рет өтіп жатқан білім беру бағдарламаларына, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылады. Аккредиттеу рәсіміне шетелдік серіктес жоғары оқу орындарының өкілдері – Гульельмо Маркони атындағы университет (Италия) мен П.А. Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік аграрлық университетінің (Ресей) өкілдері қатысады.
Сапардың алғашқы күні сараптама комиссиясы университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Қанат Тіреуовпен кездесті. Ректор сарапшыларды университет қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырып, білім беру және ғылыми-зерттеу салаларындағы жетістіктерді, халықаралық ынтымақтастықтың дамуын, ғылыми инфрақұрылымды жетілдіру және өндірістік сектормен өзара байланысты нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
«Біз университеттің ғылыми әлеуетін жүйелі түрде дамытып, халықаралық байланыстарды нығайтып келеміз. Басты мақсатымыз – білім беру бағдарламаларының қазіргі заманғы кәсіби талаптарға сай болуын қамтамасыз ету», – деп атап өтті ректор.
Сапар бағдарламасы аясында сарапшылардың Басқарма мүшелерімен, құрылымдық бөлімшелердің басшыларымен, институт директорларымен, профессорлық-оқытушылық құраммен, білім алушылармен, түлектермен және жұмыс берушілермен кездесулері жоспарланған.
Аккредиттеу барысында комиссия білім беру бағдарламаларының мазмұны мен іске асырылу сапасын, кадрлық әлеуетті, оқу процесінің ұйымдастырылуын, ғылыми-білім беру қызметін және университеттің кәсіби қауымдастықпен өзара байланысын бағалайды.
Сараптамалық бағалаудың маңызды бағыттарының бірі – университеттің материалдық-техникалық және оқу-зертханалық базасын зерделеу. Сарапшылар тиісті құжаттамамен танысып, оқу сабақтарына және кәсіптік практика базаларына қатысады, сондай-ақ мамандар даярлау үшін жасалған жағдайларды бағалайды.
Мамандандырылған аккредиттеуден өту университеттің білім беру қызметіне тәуелсіз сараптамалық баға алуға, алдағы даму бағыттарын айқындауға және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмысты жалғастыруға мүмкіндік береді.

Comments