ҚАТЗУ ректорының Акдениз университетіне жұмыс сапары академиялық ынтымақтастықты нығайтты
- Редакция "СО"

- 6 hours ago
- 2 min read
2026 жылғы 10 маусымда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Қанат Тіреуов Түркия Республикасының Анталия қаласындағы Акдениз университетіне жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында түрік университетінің басшылығымен және профессор-оқытушылар құрамымен бірқатар кездесулер өтті. Тараптар академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ 2026 жылдың басында қол қойылған меморандумды іске асыру мәселелерін талқылады.
Сапар бағдарламасы Акдениз университетінің бірінші проректоры, профессор, доктор Дженгиз Токермен кездесуден басталды. Кездесу барысында меморандумды жүзеге асыру тетіктері қарастырылып, алдағы өзара іс-қимылдың кезеңдік жоспары келісілді. Ерекше назар қос дипломдық білім беру бағдарламаларын дамытуға, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық мобильділігін кеңейтуге аударылды. Сонымен қатар Қанат Тіреуов Дженгиз Токерге Қазақстанға жауап сапармен келуге ресми шақыру жолдады.
Акдениз университеті институттар кеңесінің төрағасы, профессор, доктор Орхан Озчаталбашпен кездесу барысында екі университеттің институттары арасында магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша ынтымақтастық орнату жөнінде келісімге қол жеткізілді. Бұл бағыт агрономия және оған сабақтас салалар бойынша жоғары білікті кадрларды бірлесіп даярлауға мүмкіндік береді.
Сапардың маңызды бөлігі ауыл шаруашылығы факультетінің деканы, профессор, доктор Мустафа Эрканмен кездесу болды. Одан кейін факультет кафедраларының меңгерушілерімен кеңейтілген жиын өтті. Қанат Тіреуов ҚАТЗУ-дың ғылыми-зерттеу және білім беру әлеуетін таныстырып, болашақ ынтымақтастықтың басым бағыттарын атап өтті.
Перспективті бағыттар қатарында агрономия, агроөнеркәсіптік өндіріс саласындағы бірлескен ғылыми жобалар, сондай-ақ аграрлық секторда жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелері қарастырылды. Әлеуетті серіктестер ретінде бау-бақша шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау, ауыл шаруашылығы экономикасы, агроинженерия, агробиотехнология, ирригация және мелиорация, өсімдік шаруашылығы, топырақтану және өсімдіктерді қоректендіру, сондай-ақ зоотехния кафедралары аталды.
Сонымен қатар делегация Еуропалық одақты зерттеу және практикалық қолдану орталығы — AKVAM-ға барып, оның жетекшісі, профессор Мустафа Чобанмен кездесті. Келіссөздер барысында ҚАТЗУ-дың Erasmus+ бағдарламасы жобаларына қатысу мүмкіндіктері, сондай-ақ еуропалық академиялық бастамалар аясындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
«Акдениз университеті — Жерорта теңізі өңіріндегі аграрлық ғылым мен білімнің танымал орталығы. Келіссөздер біздің университеттер арасында классикалық агрономиялық бағыттармен қатар, ауыл шаруашылығындағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект сияқты өзекті салаларда да нақты ортақ мүдделер бар екенін көрсетті. Қол жеткізілген уағдаластықтар алдағы уақытта стратегиялық әріптестіктің берік негізіне айналады деп сенемін», — деді Қанат Тіреуов.



Comments