Қос диплом және жаһандық стандарттар: авиациялық кадрларды даярлаудың жаңа бағыты
- Редакция "СО"

- 58 minutes ago
- 2 min read

Бүгін Азаматтық авиация академиясында Aviation Career & Partnership Day – 2026 аясында «Болашақ авиациясының кадрлары: білім, сала және халықаралық әріптестіктің синергиясы» атты пленарлық сессия өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, авиациялық кәсіпорындардың, жетекші жоғары оқу орындарының, авиация индустриясының және халықаралық академиялық қауымдастықтың өкілдері қатысты. Кадрлық жәрмеңкеге 20-дан астам салалық компания қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы – технологиялық трансформация мен жаһандық бәсекелестік жағдайында саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ете алатын авиация кадрларын даярлаудың заманауи жүйесін қалыптастыру болды.
Сессияны ашқан Азаматтық авиация академиясының и.о. ректоры Азамат Нагайбаев авиация бүгінгі күні адами капитал шешуші рөл атқаратын жоғары технологиялық жүйе екенін атап өтті. Оның айтуынша, салаға халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істей алатын және өзгерістерге тез бейімделетін жаңа буын мамандар қажет. Сонымен қатар ол Kent State University-мен ынтымақтастықтың стратегиялық маңызын ерекше атап өтіп, бұл әріптестік қос диплом бағдарламаларын, академиялық ұтқырлықты, бірлескен зерттеулерді дамытуға және авиация саласындағы халықаралық білім беру экожүйесін қалыптастыруға кең мүмкіндік беретінін айтты.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева еңбек нарығына бейімделген және болашақ құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған икемді білім беру модельдеріне көшу қажеттігін атап өтіп, білім беру бағдарламаларын сала мен экономиканың нақты сұраныстарымен тығыз интеграциялаудың маңыздылығына тоқталды.
Халықаралық әріптестікке ерекше назар аударылды. Kent State University-дің атқарушы вице-президенті Melody Tankersley жаһандық серіктестіктің білім сапасын арттырудағы негізгі фактор екенін атап өтті. Ол Академиямен ынтымақтастықтың халықаралық деңгейдегі кадрларды даярлауға және Қазақстанды жаһандық авиациялық білім беру кеңістігіне интеграциялауға жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.
Сессия барысында мемлекеттік саясат пен реттеу мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева кадрларды даярлау үдерісін ICAO халықаралық стандарттарымен және авиация мамандықтарын дамытуға бағытталған жаһандық бастамалармен үйлестірудің маңызын атап өтті.
Сала тарапынан сұранысқа да басымдық берілді. «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» басқарма төрағасы Бекен Сейдахметов 2029 жылға қарай инженерлік-техникалық мамандар тапшылығы 2300 адамнан асуы мүмкін екенін, ал әуе қозғалысын ұйымдастыру саласында 350-ден астам маман жетіспеуі ықтимал екенін айтты. Жұмыс берушілер түлектерден тек теориялық білімді емес, нақты операциялық ортада жұмыс істеуге дайын болуды күтеді.

Кадрларды даярлаудың жаңа моделіндегі маңызды бағыттардың бірі — еліміздегі жоғары оқу орындарының желілік ынтымақтастығы. Академия КазНУ имени аль-Фараби, АУЭС имени Даукеева, КазНМУ имени Асфендиярова, ALT Университет, Академия гражданской защиты және МУИТ сияқты жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестікті дамытып келеді. Ынтымақтастық аясында метеорология, отынмен қамтамасыз ету, радиотехникалық және телекоммуникациялық қамтамасыз ету, медициналық сүйемелдеу, аэродром инфрақұрылымы, авариялық-құтқару қызметтері және киберқауіпсіздік бағыттары қамтылуда. Бұл авиация саласының болашақ мамандарына кешенді құзыреттер қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ сессияда білім беру стандарттары мен авиациялық реттеу талаптары арасындағы алшақтықты жоюға және EASA нормаларын енгізуге бағытталған заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.

Қорытындысында Қазақстанда авиация кадрларын даярлаудың тұтас жүйесі қалыптасып жатқаны атап өтілді: мемлекет стратегияны айқындайды, білім беру даярлауды қамтамасыз етеді, сала сұранысты қалыптастырады, ал халықаралық серіктестер жаһандық интеграцияға жол ашады.
Пленарлық сессия пікір алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар азаматтық авиацияның кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған нақты шешімдер қабылданатын маңызды платформаға айналды.



Comments