ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Түркі Академиясымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады
- Редакция "СО"

- 10 hours ago
- 1 min read
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек түркі халықтарының тарихын, тілдерін, әдебиеті мен мәдениетін кешенді зерттеуге маманданған халықаралық ғылыми ұйым – Түркі Академиясының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуге Түркі Академиясының Президенті Шаһин Мұстафаев пен вице-президенті Асхат Кесікбаев қатысты, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Тараптар басқосу барысында Академияның биылғы жылғы қызметінің негізгі қорытындыларын шығарып, алдағы кезеңге арналған ғылыми және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады. Кездесу түркітану саласындағы зерттеулерді дамыту, халықаралық ғылыми өзара іс-қимылды кеңейту, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, сондай-ақ түркі ғылыми-білім беру кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар жуырда Түркі Академиясының 15 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шара өткендігі атап өтілді. Түркі Академиясы 2010 жылы Қазақстан Республикасының бастамасымен ресми түрде құрылған. 2022 жылы Академия толыққанды халықаралық ұйым мәртебесіне ие болды. Қазіргі уақытта Түркі Академиясының мүшелері қатарында Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия бар, ал Мажарстан мен Өзбекстан бақылаушы мемлекеттер мәртебесіне ие.
Түркі Академиясының негізгі мақсаты – түркітану саласындағы ғылыми зерттеулерді үйлестіру, түркі тілдерін, әдебиетін және мәдени мұрасын сақтау, дамыту және кеңінен насихаттау. Академияның миссиясы – ғылым және білім беру салаларында түркі әлемінің ықпалдастығын арттыру, сондай-ақ гуманитарлық ғылым мен жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту.



Comments