Құрылтай депутаттары Seifullin University Агротехнопаркіндегі ғылыми әзірлемелермен танысты
2026 жылғы 23 қарашада Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің депутаттары Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына қарасты С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Агротехнопаркіне барды.

Іс-шара комитеттің алдағы желтоқсан айына жоспарланған «Агроөнеркәсіп кешені ғылымын коммерцияландыру және технологиялар трансферті мәселелері» тақырыптық отырысына әзірлік шеңберінде ұйымдастырылды.
Сапар барысында депутаттар университет базасында жасалған ғылыми әзірлемелермен, зертханалардың жұмысымен және зерттеу нәтижелерін ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізу мүмкіндіктерімен танысты. Депутаттар назарына селекция және тұқым шаруашылығы, ветеринария, жемшөп өндірісі, өсімдіктерді қорғау, шикізатты өңдеу саласындағы әзірлемелер ұсынылды. Көрме каталогында картоптың вирус инфекцияларынан таза көшеттері, диагностикалық тест жүйелері, биологиялық өнімдер, ақуыз мөлшері мол өнімдер мен органикалық тыңайтқыштарды өндіру технологиялары сынды 130 әзірлеме болды.
Құрылтай депутаты Замира Кузиева бүгінгі таңда аграрлық ғылымды дамыту ғылыми институттарды қолдау ғана емес, еліміздің технологиялық жетістігіне, азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіптік кешенінің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей қатысты мәселе екенін атап өтті.
– Шикізат моделінен жоғары қосылған құны бар өнімдерді өндіруге көшу үшін мықты қолданбалы ғылым қажет. Біздің міндетіміз – ғылым мен мемлекет және бизнес үштігінің өзара іс-қимылының біртұтас жүйесін құру. Бұл ретте, ғылыми зерттеулер аграрлық өндірістің нақты сұранысын түсінуден басталуға тиіс, – деді Замира Кузиева.
Депутаттар университет базасындағы «Қалдықтарды басқару» зертханасына, FAO білім орталығына, молекулалық-генетикалық орталыққа және Агротехнопарктің зерттеу зертханаларына барды, стартап жасаған студент жастармен кездесті. Басқарма мүшесі – зерттеу қызметі жөніндегі проректор, ҚР ҰҒА академигі Сәрсенбай Абдрахманов агротехнопарктің қызметін таныстырып, жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер, инновациялық жобалар және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Депутаттар назарына геоақпараттық жүйелерді, дрондарды және жасанды интеллектіні қолдана отырып әзірленген жобалар ұсынылды.
Іс-шараға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басшылығы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Басқарма мүшесі – Provost Роза Әбішева, Агротехнологияларды трансферттеу және коммерцияландыру орталығының өкілдері, салалық ғылыми ұйымдардың басшылары мен ғалымдар қатысты.
Көшпелі іс-шарада жинақталған деректер Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің алдағы тақырыптық отырысында отандық агротехнологияларды коммерцияландыру және енгізу мәселелерін пысықтау үшін пайдаланылатын болады.

Comments