Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті: ерлік рухы ұлықталды
- Редакция "СО"

- 6 hours ago
- 1 min read
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Жеңіс күні мерекесіне орай, «Ерлікке тағзым – елге тағзым» атты мәдени-тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынның басты мақсаты – Отан соғысы қаһармандарының өшпес ерлігін ұлықтау, студент жастардың бойында патриоттық сезім мен тарихи жадыны жаңғырту.

Тағылымды шара университет тарихы музейіндегі соғыс жылдарына арналған арнайы экспозициямен танысудан басталды. Көрмеге қойылған сирек архивтік құжаттар, майдангерлердің жеке заттары мен фотосуреттері келушілерді сұрапыл соғыс кезеңіне жетелеп, ата-бабаларымыздың қажырлы қайраттылығынан сыр шертті.
Жиын барысында ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы төрағасының орынбасары Ольга Ложникова сөз сөйлеп, бұл мерекенің мемлекетіміз үшін маңызына тоқталды.
«Отан соғысындағы Жеңіс күнімен сіздерді «Парасат» кәсіподақ ұйымының атынан шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің ерліктеріңіздің арқасында бүгінгі тәуелсіз еліміз өмір сүріп, тарихтың жаңа парақтарын ашып келеді. Сіздер өз өмірлеріңізді, жастық шақтарыңызды, күш-жігер мен денсаулықтарыңызды құрбан ете отырып, бізге еркіндік пен Жеңістің қадірін сезінуге мүмкіндік бердіңіздер», – деп атап өтті О. Ложникова.

Мерекелік кеш аясында университет студенттері Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова және Талғат Бигелдинов сынды аты аңызға айналған тұлғалардың бейнесін сомдап, ерлік пен қажырлылықтың өлшеусіз үлгісін ұлықтады. Әскери-патриоттық әндер мен рухты қойылымдар қатысушылардың отансүйгіштік сезімін асқақтата түсті.
Шара соңында «Ардагерлерге тағзым» акциясы аясында ҚазҰУ ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, «Парасат» кәсіподағы тарапынан бағалы сыйлықтар табыс етілді. Университет ұжымы қарияларға алғыс айта отырып, олардың ерен еңбегі мен ерлігі жастар үшін әрдайым биік мектеп болып қала беретінін жеткізді.



Comments