top of page

Балабақшадан басталған қаржылық сауаттылық

Updated: Jul 28

Астана қаласының № 58 «Өркен» балабақшасы. Балабақшадан басталған қаржылық сауаттылық

 

Қоғам дамуының қазіргі кезеңі әлеуметтік бейімделген тұлғаны қалыптастыруға жоғары талаптар қояды. Әлеуметтендірудің маңызды қырларының бірі — негізін мектепке дейінгі жастан бастап қалау қажет қаржылық мәдениет. Бұл мәселеде біржолғы акциялармен шектелуге болмайды, сондықтан Астана қаласының № 58 «Өркен» балабақшасының тәрбиешілері балаларға ақшаның мәнін, оның шығу тегі мен функцияларын түсіндіретін, сондай-ақ үнемшілдік, жоспарлау және саналы таңдау жасау дағдыларын қалыптастыратын қолжетімді, көрнекі әрі ойын түріндегі жүйені құрды.


Әрбір ата-ана баласының неліктен бәрін бірден сатып алуға болмайтынын түсінбей, бірінен кейін бірін ойыншық сұрайтын жағдайына тап болды. Балалар бір мың теңге мен ұсақ-түйек ақшаның айырмашылығын көрмейді, әмияндағы ақшаның қайдан шығатынын білмейді және ондағы ақша таусылмайды деп шын жүректен сенеді. Бұл тәрбиенің кемшілігі емес – бұл жас ерекшелігінің сипаты.

Жоспарлау, үнемдеу, ақша жинау – бұл дағдылар өздігінен пайда болмайды. Бала үшін әлем әлі ертегілер мен рөлдерден тұрып тұрғанда, бұл дағдыларды мектепке дейін-ақ қалыптастыруға болады әрі қажет. Дәл осы жаста бала ойын ережелерін бәрінен де жылдам меңгереді. Ойнау арқылы ол қателесуден қорықпайды. Ол «жалақысына» ойыншық дүкенінен керегі жоқ затты сатып алып, ренжуі де мүмкін, ал келесі жолы бұл туралы екі рет ойланатын болады.

Ойын түрінде экономика негіздері өте жеңіл меңгеріледі. Басты міндет – балаларға теорияны тықпалау емес, ақшаның не екенін, оның қайдан шығатынын және неліктен шексіз болмайтынын қолжетімді тілмен түсіндіру.

Эксперименталды алаңдағы жұмыс білім беру және тәрбиелік міндеттер кешенін шешуге бағытталған.

Когнитивті даму: дүниетанымды кеңейту, «кіріс», «шығыс», «баға», «бюджет», «жинақ» ұғымдарын меңгеру, математикалық дағдылар мен логикалық ойлауды дамыту.

Әрекеттік компонент: практикaлық алгоритмдерді меңгеру (банк карталарын пайдалану, сатып алу/сату әрекеттерін жасау, басым шығындарды таңдау).

Тәрбиелік аспект: ересектердің еңбегіне құрметпен қарауды, шешім қабылдау мәдениетін және жеке жауапкершілікті қалыптастыру.


Астана қаласының № 58 «Өркен» балабақшасы. Балабақшадан басталған қаржылық сауаттылық

 

Әр топтың апталық циклограммасына қаржылық сауаттылық бойынша ойындар, экономикалық жағдаяттарға негізделген тапсырмалар, логикалық жаттығулар мен әртүрлі практикалық жұмыстар енгізілген. Арнайы сценарийлер бойынша балалар сатушы, кассир, сатып алушы рөлдеріне еніп, қарапайым ақша айналымын бақылап қана қоймай, оны практикада меңгереді. Бұдан бөлек, «дүкен», «банк», «жаәрмеңке» сияқты сюжеттік-рөлдік ойындар арқылы балалар қарым-қатынас жасау, таңдау, үнемдеу және жоспарлау дағдыларын жетілдіреді. Ата-аналармен бірлескен іс-шаралар, шеберлік сыныптары мен көрмелер ұйымдастырылып, отбасы мен балабақша арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Осы жұмыстардың барлығы балаларда қаржыға деген дұрыс көзқарасты қалыптастырады және күнделікті өмірде қарапайым экономикалық ұғымдарды тиімді пайдалануға негіз болады.

Сюжеттік тапсырмалар арқылы бүлдіршіндер төрт маңызды дағдыны меңгереді: шығындарды жоспарлау, импульсивті сатып алулардан бас тарту, жинақтау, ақшаны саналы жұмсау.

Бұл ретте ақшасыз қаржылық сауаттылыққа үйрету мүмкін бе? Жоқ, мұнда ағаш жапырақтары немесе кәмпит қағаздары жарамайды. Мотивацияны арттыру және көрнекілік үшін білім беру процесіне ынталандырушы құрал – «Өркен-Бай» ішкі ойын валютасы енгізілді. «Өркен-Байды» сатып алуға болмайды, оны тек еңбекпен табуға болады. Балалар үлгілі мінез-құлқы, белсенділігі, пайдалы істері мен жағдаяттық тапсырмаларды орындағаны үшін ойын түріндегі сыйақы алады. Тәрбиеленушілер тапқан қаражатын арнайы «Өркен» ойын супермаркетінде жүзеге асыра алады. Бұл дүкенде балалар күнделікті тұрмыстық заттардың ойын аналогтарын сатып алып, ақшаны дұрыс пайдаланудың маңыздылығын түсінеді. «Сатушы» мен «сатып алушы» рөлдеріндегі өзара әрекеттестік процесінде балалар тауар-ақша қатынастарының механизмдерін практикада пысықтайды, қарым-қатынас жасау, таңдау, санау және салыстырудың негізгі дағдыларын меңгереді, яғни өз қалауын қолда бар мүмкіндіктермен ұштастыруды және тиімді таңдау жасауды үйренеді.

Ішкі валютаны енгізу балалардың кірістері мен шығыстарын қадағалаудың тиімді оқу құралы екенін көрсетті.

Астана қаласының № 58 «Өркен» балабақшасы. Балабақшадан басталған қаржылық сауаттылық

Балабақша кеңістігі жоба міндеттеріне сай толығымен өзгертілді. Топтарда танымдық материалдар – ақша түрлерінің суреттері, көрнекі құралдар, балалар әмиян-көмекшілері, дидактикалық ойындар, экономикалық ойындары мен тапсырмалары бар логикалық карточкалар, балалардың өз қолдарымен жасаған тақырыптық бұйымдары бар қаржылық сауаттылық бұрыштары құрылды. Барлық эксперименталды топтарда банк карталарымен жұмысты модельдеуге арналған ойын банкоматтары орнатылды. Балалар ойын түрінде картаны пайдалануды, банкоматтан ақша алуды, оны шотқа салуды, жинақтауды және жұмсауды үйренеді.

Балаларда ақша туралы, әр мемлекеттің ақша белгілерінің өзіндік ерекшеліктері болатыны туралы түсінік қалыптасу үшін білім беру экспозициясы құрылды. Баспалдақ аралықтарында Қазақстан ақшаларының көрмелік топтамасы және «Өркен-Бай» валютасының үлгілері орналасқан. Балалар оларды күн сайын көріп, ақшаның тек түсі бойынша ғана емес, мағынасы бойынша да әртүрлі болатынына үйренеді. Мұның бәрі «финансы» деген абстрактілі ұғымды қолмен ұстауға болатын шынайы өмірге айналдырады.

Қаржылық тәрбие тек балабақша ішімен шектелмейді. Эксперименттің барысы ұйымның ресми веб-ресурсында және Instagram әлеуметтік желісінде жүйелі түрде жарияланып отырады, бұл ата-аналарға балалардың даму динамикасын қадағалауға мүмкіндік береді.


Астана қаласының № 58 «Өркен» балабақшасы. Балабақшадан басталған қаржылық сауаттылық

Аналар мен әкелер үшін шеберлік сыныптары мен ашық сабақтар өткізіледі. Тәрбиешілер әдістемелерімен бөлісіп, балалармен әртүрлі тәсілдермен – ойын арқылы, әңгімелер арқылы, жеке үлгі арқылы қалай жұмыс істеу керектігін талқылайды. Ата-аналарға отбасылық әңгімелер үшін үй экономикалық ойындары мен бюджет туралы тақырыптар ұсынылады – балалармен шаруашылық және басқа да сатып алуларды талқылау, тұрмыстық шығындарды жоспарлау.

Қаржылық тәрбиенің сәттілігі бірлесіп жасалады: балабақша база береді – отбасы бекітеді.

№ 58 «Өркен» балабақшасының педагогикалық ұжымы жинақталған әдістемелерді кәсіби қоғамдастықта белсенді түрде таратып келеді. Ашық көрсетілімдер мен ғылыми-практикалық семинарларда тәрбиешілер экономикалық тапсырмаларды сюжеттік-рөлдік ойындарға енгізу тәсілдерін көрсетіп, әдістемелерімен бөліседі және балаларға қаржылық сауаттылықты тиімді жеткізу жолдарын талқылайды, соны үшін тәжірибелі әріптестерінен жоғары баға алады.

Жобаның практикалық маңыздылығы «Қазақстан» ұлттық телеарнасында атап өтілді. Сұхбат барысында тілшілер мектеп жасына дейінгі балалардың ақша жинау және қаржыны ұтымды пайдалану мәселелері бойынша саналылық деңгейі мен пікір еркіндігін бағалап, олардың қаржылық сауаттылық тақырыбындағы білімдерін тексерді. Балалар ақшаны қалай үнемдеуге болатыны, ақшаның не үшін қажет екені, ақшаны қалай жинау керектігі туралы өз ойларымен бөлісіп, барлығы үшін өзекті «Егер сізде көп ақша болса, оны қайда жұмсар едіңіз?» деген сұраққа батыл жауап берді.

Ерте жастан қаржылық мәдениетті қалыптастыру – болашаққа салынған инвестиция.

Астана қаласының № 58 «Өркен» балабақшасы. Балабақшадан басталған қаржылық сауаттылық

Эксперимент алаңы жұмысының үшжылдық циклі мектепке дейінгі жастағы балаларды қаржы-экономикалық ортаға жүйелі түрде енгізу тек базалық ұғымдарды меңгеруге ғана емес, сонымен қатар болашақта сәтті әлеуметтену үшін қажетті сыни ойлауды, әлеуметтік кемелдікті және базалық өмірлік құзыреттерді қалыптастыруға ықпал ететінін растауға мүмкіндік береді. «Өркен» балабақшасында жүзеге асырылып жатқан қаржылық сауаттылық жобасы — балалардың болашағына жасалған маңызды қадам. Үш жылдық кезең ішінде балалар қаржылық сауаттылықтың негізгі ұғымдарын толық меңгереді, оларды күнделікті өмірде қолдануға мүмкіндік беретін деңгейге жетеді, еңбек құнын, ақша мен жауапкершілікті нақты түсінеді.

Мектеп жасына дейінгі балаларда ойын арқылы базалық экономикалық түсініктерді қалыптастыру – бұл құнды тәжірибе және ересек өмірдің қауіпсіз жаттығуы.



Гүлнұр МЫРЗАҒҰЛОВА,

Астана қаласының № 58 «Өркен»

балабақшасының меңгерушісі


Редактор: Татьяна Баканова

 

АННОТАЦИЯ

В статье рассказывается о практическом опыте внедрения финансовой грамотности в детском саду № 58 «Өркен» города Астаны. Материал будет полезен педагогам дошкольных учреждений, методистам, родителям, а также всем, кто интересуется вопросами раннего финансового воспитания.


 

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page