Ілияс Жансүгіров шығармашылығын пәнаралық зерттеу
- Шара Кыяхметова, Жансүгіров атындағы Жетісу университеті

- Feb 17
- 2 min read

XX ғасырдың басында қазақ халқы аса ірі қоғамдық-саяси өзгерістермен қатар ауқымды рухани жаңғыруларды да бастан кешті. Екі ғасырдың тоғысында ұлттық мәдениет пен әдебиетті, білім мен ғылымды дамытқан, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, санасын ояту жолында адал қызмет көрсеткен зиялы топ қалыптасты. Осы топтың ішінде Ілияс Жансүгіров те болды.
Ілиястануда әлі зерттелмеген, бірақ зерттеуді қажет ететін өзекті мәселелер көп. Соның бірі Ілияс Жансүгіров мұраларын гуманитарлық ғылымдар дамуының бүгінгі күні жеткен жетістіктері аясында жаңаша көзқарас тұрғысынан пәнаралық зерттеудің қажеттігі.
Ілияс Жансүгіров шығармаларын этнопоэтикалық тұрғыда зерттеу халықтың әлеуметтік, материалдық, рухани, этикалық және эстетикалық мәдениетін жаңғыртудағы маңызын айқындап, оның этноменталитеті, екінші жағынан, көркем этнография негізінде әдеби-көркем мәтін жасаудағы шеберлік қырын жаңа контексте қарастыруға негіз болады.
Көркем шығармалардағы этнографиялық материалды зерттеу мәселесі әдебиеттану ғылымында үнемі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. І. Жансүгіров шығармаларындағы этнографиялық лексиканы тақырыптық және лексикалық-семантикалық топтар бойынша зерттеу халықтың өмір сүрген табиғи жағдайлары, олардың негізгі кәсібі, шаруашылығының ерекшеліктері, тұрғын үй-жайлары, қоғамдық-саяси құрылымы, ежелгі наным-сенімдері, психологиясы туралы түсінік береді. Ұлттық дүниетанымдағы мәселені қазақтың ұлттық этикетімен байланыста қарау принциптері туралы бүгінгі идеяны байыта алатындығымен анықталады.
Ақын шығармаларындағы лексикалық бірліктердің бейнелілік пен этномәдени мазмұн жүктемесін зерттеу – қазіргі тіл ғылымының лингвопоэтика, этнолингвистика және когнитивтік лингвистика тәрізді өзекті бағыттары аясында маңызды орын алады.
Ілияс Жансүгіров шығармаларындағы ономастикалық және сакральды атауларды зерттеу – қазақ тіл білімінің жаңа бағыттарының бірі.
Бұл зерттеу нәтижелері ұлттық тіл мен мәдениеттің тұтастығын, көркем ойлаудың тарихи сабақтастығын және қазақ ономастикасының поэтикалық әлеуетін тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Ілияс Жансүгіровтің тарихи шығармаларын тарихи-деректанулық бағытта ХХІ ғасыр гуманитарлық ғылымдарының жаңа парадигмасы аясында зерттеу – қазақ халқының отарлық кезеңдегі тарихи жадын қалпына келтіруде аса маңызды, тарихи шындықты тереңірек тануға жол ашады. Бұл зерттеулер ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғыртуға, отарлық кезеңнің күрделі беттерін қайта пайымдауға негіз болады. Оның Жетісу тарихына қатысты еңбектері Қазақстан тарихының арнасын кеңейтетіндігіне еш күмән жоқ. Ілияс Жансүгіров мұраларын гуманитарлық ғылымдар дамуының бүгінгі күн тұрғысы аясында тарихи-деректанулық бағыттағы зерттеу жұмыстарының нәтижесі пәнаралық зерттеудің қажеттігін анық көрсетеді.

І. Жансүгіровтің тарихи деректерге сүйенген еңбектері тарихи шындықты көркемдік және деректанулық тұрғыда пайымдауға мүмкіндік береді.
Ілияс Жансүгіров 1921–1937 жылдар аралығында қазақ баспасөзінде үзбей еңбек етіп, публицист, журналист ретінде бірегейлігімен, көркемдік, тілдік-стильдік ерекшеліктерімен танылған. Ілияс Жансүгіровтің журналистік шығармашылығын ғылыми жүйеде зерттеу ұлттық баспасөзіміздің теориялық-методологиялық дәрежесінің артуына ықпал етеді.
Қазақ фольклорының көрнекті өкілі Ілияс Жансүгіровтің фольклоршылдық қызметін зерттеу қазақ фольклоры тарихын қамтумен бірге қазақ халқы мен көршілес елдер әдебиетінің тарихымен байланысын, туысқан елдер әдебиетінің бір-біріне ықпалын, олардың тамырлас, ортақ рухани бастау көздерін ашуға септігін тигізеді.
Ілияс Жансүгіров өлеңдеріндегі тілдік бейнелеу құралдары қазақ халқының дүниетанымдық көкжиегін, мінез-құлықтық бағдарын, тарихи-мәдени жадын танытатын ұлттық код ретінде қызмет етеді.
Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу – тек әдеби құндылықтарды тану ғана емес, сонымен қатар ұлттық руханияттың, тіл мен мәдениеттің дамуына бағытталған гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәселелерін айқындауға септігін тигізеді. І. Жансүгіров мұрасын ХХІ ғасыр контексінде зерттеу қазіргі қазақ гуманитарлық ғылымдарының теориялық және әдіснамалық негіздерін байыта отырып, ұлттың мәдени кодын сақтау мен дамыту ісінде маңызды рөл атқарады.
Шара КЫЯХМЕТОВА,
ф. ғ. к., қауымдастырылған профессор,
Жансүгіров атындағы Жетісу университеті
АННОТАЦИЯ
Шара Кыяхметова, кандидат филологических наук, доцент Жетысуского университета им. И. Джансугурова, рассматривает творчество Ильяса Жансугурова с этнопоэтической точки зрения, проводит междисциплинарное исследование его творческого наследия, изучает языковые средства выражения в его стихах, исследует его журналистскую деятельность в научной системе, а также мастерство поэта в создании литературно-художественного текста.



Comments