Seifullin University және SYNETICS мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
- Редакция "СО"

- 59 minutes ago
- 1 min read
2026 жылғы 25 тамызда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде француздық SYNETICS компаниясының өкілдерімен мал шаруашылығы саласындағы бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға арналған кездесу өтті.

Кездесуге SYNETICS компаниясының халықаралық даму жөніндегі менеджері Сирил Жозе, француз-қазақстандық ауыл шаруашылығы ынтымақтастығы жөніндегі халықаралық техникалық сарапшы Венсан Берже, ҚАТЗУ Халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық департаментінің директоры Эльмира Утеубаева, Жануарлар туралы ғылым және ветеринария институты директорының міндетін атқарушы Дулат Ибраев, сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдары мен қызметкерлері қатысты.
Шетелдік серіктестерді қарсы алған Дулат Ибраев Қазақстанның мал шаруашылығына генетика мен селекцияның озық жетістіктерін және заманауи репродуктивтік технологияларды енгізуде халықаралық ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы Қазақстан жағдайында beef-on-dairy стратегиясы бойынша мамандандырылған етті бағыттағы асыл тұқымды бұқаларды сүтті сиырлармен терминалдық будандастыруға арналған бірлескен ғылыми-қолданбалы зерттеу жүргізу болды. Тараптар шароле, лимузин және INRA 95 тұқымдарының генетикалық әлеуетін пайдалану, сондай-ақ халықаралық тәжірибені Қазақстанның климаттық және өндірістік жағдайларына бейімдеу мүмкіндіктерін талқылады.
Сонымен қатар сиыр етін өндіру көлемін арттыруға, жануарлардың өнімділік қасиеттерін жақсартуға, сондай-ақ әулиекөл және қазақтың ақбас тұқымдарын сақтау мен жетілдіруге бағытталған селекциялық бағдарламаларды дамыту перспективалары қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚАТЗУ мен SYNETICS өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойып, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту, ғылыми және практикалық тәжірибе алмасу, сондай-ақ отандық мал шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу жөніндегі ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.



Comments