top of page

SERPIN WAY: Kozybayev University командасы Қазақстан бойынша ауқымды сапарын бастады

31 наурыз күні Kozybayev University командасы Петропавл қаласынан SERPIN WAY 2.0 брендтелген автобусымен жолға шықты. 23 күн ішінде студенттер, оқытушылар, университет қызметкерлері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен қалалық мансап орталығының өкілдері Қазақстан аумағы бойынша 6 мың шақырымнан астам жолды жүріп өтеді, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 


SERPIN WAY: Kozybayev University командасы Қазақстан бойынша ауқымды сапарын бастады

Осы уақыт ішінде олар Қарағанды, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстарына барады. SERPIN WAY 2.0 керуені ірі қалалар мен шалғай ауылдардың әкімшілігімен, мектеп оқушыларымен, олардың ата-аналарымен кездеседі.


Солтүстік-оңтүстік бағыты талапкерлерді қабылдау, грант мүмкіндіктері, білім беру бағдарламалары, оның ішінде Аризона университетімен қос дипломды бағдарламалар және ЖОО шарттары туралы ақпараттандыру мақсатында іске асады.

Өткен жылы Қозыбаев университеті бұл бастаманы Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырды. Нәтижесінде еліміздің оңтүстік өңірлерінен 130-ға жуық студент тартылды. Биыл бастама жаңа кезеңге қадам басады. Бұл жолы бағыт 14 қаланы, сондай-ақ 16 ауыл мен аудан орталықтарын қамтиды.


Сапардың тағы бір маңызды мақсаты – ұлттық «Серпін» бағдарламасына жаңа серпіліс беру. Соңғы он жыл ішінде бұл бағдарлама мыңдаған жас қазақстандық үшін әлеуметтік мүмкіндіктер алаңына айналып, еңбек күші артық өңірлердің жастарына сапалы білім алып, кадр тапшылығы бар аймақтарда жұмыс табуға жол ашты. Қозыбаев университеті 2014 жылдан бастап «Серпін» бағдарламасын іске асыруға қатысады. Осы уақыт ішінде 1400-ден астам студент оқуларын бітірді.

SERPIN WAY 2.0 командасының құрамында 24 адам бар. ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев өзінің құттықтауында:


«Екінші жыл қатарынан Қозыбаев университеті бірегей жобаны жүзеге асырады. Елдің бүкіл оңтүстік аймағын қамтиды. Биыл 120-ға жуық іс-шара, талапкерлермен кездесулер өткізіледі. Сапар барысында 30-дан астам елді мекен қамтылады. Бұл балаларға толық кәсіби бағдар беру ақпаратын, ҰБТ өткізу, «Серпін» бағдарламасына қатысу бойынша кеңес алуға таптырмас мүмкіндік», – деді ол.

Сондай-ақ SERPIN WAY 2.0 командасына Қозыбаев университеті Директорлар кеңесінің төрағасы Ғалым Байтук сәттілік тіледі.

Айта кетейік, SERPIN WAY 2.0 керуені 23 сәуірде Петропавлға оралады. Жалпы 600 мыңнан астам адамды ақпараттандыру жоспарланған. Бұл сапар мыңдаған жастардың армандарын, мақсаттарын және болашағын тоғыстырып, өңірлер арасындағы нақты мүмкіндіктер алаңына айналады.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page