top of page

Yili Normal University-ден келген студенттер Әуезов университетіндегі оқуын сәтті аяқтады

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде білім алған Қытай Халық Республикасының Yili Normal University студенттері оқу курстарын сәтті аяқтады.


Yili Normal University-ден келген студенттер Әуезов университетіндегі оқуын сәтті аяқтады

Бағдарлама аясында «Филология» факультетінде білім алған 22 студентпен қорытынды кездесу ұйымдастырылды. Кездесуде университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ернар Иманғалиев сөз сөйлеп, студенттерді бағдарламаны табысты аяқтауларымен құттықтады.


– Әуезов университетінің есігі Сіздер үшін әрдайым ашық. Осында алған білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз болашақтарыңызға берік негіз болады деп сенеміз, – деді ол. Сондай-ақ белсенділік танытып, оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған әр студентке университет ректорының алғыс хаты табысталды.

Өз сөзінде Интернационалдандыру және рекрутинг департаментінің директоры Лаура Хасенова халықаралық ынтымақтастықты дамыту университеттің негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.


– Бүгін сіздер тек білім алып қана қоймай, жаңа мәдениетпен танысып, жаңа достар таптыңыздар. Біз Сіздерді болашақта магистратура бағдарламалары бойынша да Әуезов университетінде көруге әрқашан қуаныштымыз, – деді ол.

Өз кезегінде қытайлық студенттер университет басшылығына және оқытушылар құрамына алғыстарын білдірді. Олар Қазақстанда өткізген бір жарым айдың өздері үшін ерекше тәжірибе болғанын айтып, дәріс берген оқытушылардың кәсібилігі мен қолдауына ризашылықтарын жеткізді.


Айта кетейік, шетелдік студенттер оқу кезеңінде университеттің білім беру бағдарламалары бойынша білім алып қана қоймай, ғылыми-зерттеу және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысты. Сонымен қатар олар Қазақстанның тарихымен, мәдениетімен және ұлттық дәстүрлерімен танысып, мол тәжірибе жинақтады.


Академиялық ұтқырлық бағдарламалары студенттерге жаңа білім мен тәжірибе жинақтауға, мәдениетаралық қарым-қатынасты дамытуға және халықаралық достық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page