Абай университетінде Назарбаев Университетінің басшылығы қонақта болды
- Редакция "СО"

- 1 day ago
- 1 min read
Бүгін Абай университетінде Назарбаев Университетінің басшылығымен кездесу өтті. Еліміздің екі жетекші жоғары оқу орны стратегиялық әріптестік, білім беру және ғылыми бағыттағы ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға уағдаласты.

Кездесуге Назарбаев Университетінің президенті Ахмад Вакар, Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Рехан Садық және атқарушы директор Аслан Сәрінжінов келді. Қос тарап жоғары білім беру жүйесін дамыту, сұранысқа ие мамандар даярлау және халықаралық стандарттарға сай білім беру бағдарламаларын жаңғырту мәселелерін талқылады.
Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы - Ректоры Болат Тілеп университеттің ғылыми әлеуеті мен стратегиялық даму бағыттарына тоқталып, дүние жүзінің ірі жоғары оқу орындарымен ынтымақтыстық байланыс және халықаралық рейтингтегі жетістіктер туралы тілге тиек етті. Академиялық білім беру бағдарламалары мен оқытушы-профессорлар құрамын таныстырып, алдағы уақытқа жоспарланған межелі міндеттерді баяндады.
Назарбаев Университетінің президенті Ахмад Вакар Абай университетінің жоғары білім беру жүйесіндегі көпжылдық тәжірибесін, педагог даярлау ісіндегі қалыптасқан ғылыми мектебін айрықша құрметтейтінін жеткізді. Сондай-ақ, Назарбаев университетінің инновациялық жобалары мен ғылыми зерттеудегі тың технологиялық жетістіктерімен бөлісті. Екі жетекші университет арасындағы өзара тәжірибе алмасудың даму стратегиясына қаншалықты ететінін мысалға келтірді.
Екіжақты басқосуда оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған ортақ жобаларды жүзеге асыру мәселелері сараланды. Жаһандық технологиялық өзгерістер кезеңінде білім алушылар сұранысқа ие маман болуы үшін оқытушы кәсібилігі маңызды. Сондықтан, ғылыми-педагогикалық қауымның кәсібилігін халықаралық стандарттарға сәйкес артырып, модульдік және зерттеуге негізделген білім беру тәжірибелерін енгізу мүмкіндігі қарастырылды. Кездесу соңында тараптар екі университет арасындағы әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.
Бүгінгі жүздесу – еліміздің жоғары білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеруге, ғылым-білімнің интеграциясын күшейтуге және зияткерлік әлеуетті арттыруға көмектеседі десек артық емес. Алдағы уақытта қос тарап бірлескен жобаларды кезең-кезеңімен іске асырып, кәсіби тұрақты диалог орнатуға уағдаласты.



Comments